Home / Қаржы / Ынтымақ бар жерде ырыс бар

Ынтымақ бар жерде ырыс бар

Мадина Жарас, Нарбол ҚАШАҒАН, «Talas tynysy».

Ақкөл ауылдық округі

Аудан әкімі Қанатбек Мәдібек Ақкөл ауылына барып, тұрғындармен жүздесіп, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдады. Есепті кездесуге жиналған жұртшылық ауылдық мәдениет үйінің фоесінде аудан әкімімен емен — жарқын отырып әңгімелесті. Жыл басында Қанатбек Мәдібек 2021-2022 жылдары ауданның әлеуметтік- экономикалық дамуы бойынша тұрғындар алдында толыққанды есебін берген болатын. Осыны ескерген аудан басшысы бұл жолғы кездесуде атқарылған істерге қысқаша тоқталып, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге көбірек көңіл бөлді.
Қанатбек Қайшыбекұлы ауыл тұрғындарын 5 маусымда өтетін жалпыхалықтық референдумға ұйымшылдықпен атсалысып, елдік мәселеден шет қалмауға шақырды. Мұнан соң қазіргі таңда ауылдық округке тартылған көгілдір отынын үйді-үйге кіргізудің заңдылығын, техникалық шарттарын түсіндірді. Тоғыз жолдың торабы саналатын Ақкөл ауылында «Дәмхана», «Шәйхана» сынды жолаушыларға қызмет көрсететін нысан жоқ екендігін тілге тиек етіп, ауыл азаматтарын мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланып кәсіп бастауға шақырды.

  • Қазіргі уақытта кез-келген ауыл- тұрғындарының кәсіп ашып, іс бастауға мүмкіндік көп. Бүгінгідей нарық заманында тынымсыз еңбек қана жоғары табысқа бастайтыны анық. Еліміздегі түрлі мемлекеттік бағдарламалар кәсіп бастауға өте тиімді. Ең бастысы мұндай бағдарламаларды мүлт жібермей, мүмкіндігінше пайдалану керек, — деді өз сөзінде аудан әкімі.
    Еркін форматта өткен жиын барысында ауыл тұрғындары бірінен соң бірі сөз алып, өздерін толғандырған мәселелерді айтып, ұсыныс- пікірлерін жеткізді. Ауыл тұрғыны Мамыр Қазыбаев Ақкөл орта мектебін күрделі жөндеуден өткізу жайын айтса, Қанжан Әбдиев ауылда салынып жатқан спорт кешені мектептің балансына берілсе, ауылішілік жолдарға жол кедергілері қойылса деген ұсынысын жеткізді. Өз кезегінде Қанатбек Қайшыбекұлы Ақкөл орта мектебінің ғимаратын толығымен күрделі жөндеуден өткізу үшін аудан әкімдігі тарапынан ұсыныс берілгендігін, ал жалпы жоспар бойынша биыл Тамды ауылындағы Қойгелді атындағы орта мектеп пен Қаратау қаласындағы Д.Қонаев атындағы орта мектеп ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін жеткізді.
  • Ал, спорт кешені ауылдағы спорт мектебінің балансында арнайы кестеге сәйкес жұмыс жасайды. Жаңа жұмыс орындары ашылады, -деді аудан басшысы.
    Жол кедергілерін қою мәселесі бойынша Қанатбек Мәдібек: «Бұл жұмыстар жол патрульдік полициясының арнайы бекіткен ережелеріне сәйкес жүргізіледі. Жол кедергілері негізінен мектеп, медициналық пункт сияқты тағы да басқа әлеуметтік нысандардың алдына ғана қойылады», -деп түсіндірді.
    Жиын барысында тұрғындар сонымен қатар, ауылдық округте жеке меншіктегі малдардың саны өсіп, жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі күн санап артып, бүгінде күрделі мәселеге айналғандығын жеткізді. Бұл бойынша Қанатбек Мәдібек ауылдық округте төрт түліктің санына қарай жайылымдық жердің шектік мөлшері бекітілгендігін, ал аталмыш мәселе төңірегіндегі өзге пікірлер тек нақты фактіге негізделу керектігін тілге тиек етті. Басқосу барысында көтерілген барлық ұсыныс-пікірлер назарға алынып, алдағы уақытта бұл бойынша жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізді.
    Кездесуден соң аудан әкімі Қанатбек Мәдібек ауыл тұрғындарымен жеке қабылдау өткізді.

Үшарал ауылдық округі

Аудан əкімі Қанатбек Мəдібек Үшарал ауылдық мəдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесіп, кезегін күтіп тұрған бірқатар мəселелерге назар аударды.
Еркін форматта өткен жиында сөз алған еңбек ардагері Жексенбек Шөмішбай ауызсуды уақытылы беру жайы, көше жолдарын жөндеу жəне көше жарығына қатысты сауалын қойды.
Көтерілген мəселе бойынша жауап берген Қанатбек Қайшыбекұлы: — Ауыз судың көзін пайдалануды зерделеп көрдік. Байқағанымыздай ол тиімсіз екен. Осы ауыз су жүйесін қайта жаңғырту туралы тоқтамға келдік. Қазір жобалық-сметалық құжаты жасалып жатыр. Құжатты бекітпей тұрып, өз ұсыныстарыңызды білдіріңіздер. Ал, ауылішілік жолды 50 пайызы облыс­тық, 50 пайызын аудандық бюджеттен қаржы бөлу арқылы жөндеуді қолға алмақпыз. Өткен жылы «Ауыл-ел бесігі» жобасына Ақкөлді ендірген бола­тынбыз. Биыл Үшарал ауылын кіргізуді жоспарлап отырмыз. Арал жəне Қайыр елді мекендерін жалғас­тыратын жолға 104 млн. теңге бөлін­бек. Көше жарығы туралы ауыл əкімі ұсыныс берсін жұмысты қолға аламыз,-деді.
Кездесуде бұдан бөлек еңбек ардагері, кəсіпкер Садық Тілеубердиев, ауыл тұрғыны Қалыбай Кəдірбаев «Талас-2020» кооперативінің мəселесіне, спорт мектебіне су жеткізу, қоқыс полигонын қоршау жайын назарға алуды сұрады.
-Кооператив мəселесі бақылауда. Кəсіпкерлер өзара келісіп, шешсеңіздер қолдаймыз. Жағдайды заңды тұрғыда қарастырамыз. Қоқыс полигонын қоршаймыз. Бұған дейін Қаратау қаласының, Тамды ауылдарының полигондарын қоршағанбыз. Спорт мектебі турасында облыс əкімдігі спорт басқармасы басшылығымен келістік. Өз алдына жеке мекеме болуды біз де құптаймыз, — деген Қанатбек Мəдібек мекемеге су жеткізу жайын реттеуді ауыл əкіміне тапсырды.
Биыл Үшаралда өткен жылмен салыстырғанда бақша дақылдарын отырғызуда жер көлемі ұлғайған. Бұл жерді пайдалануға ниет білдірген шаруалардың артқанын көрсетеді. 8 гектарға картоп егілген. Қауын-қарбыздан өнім алу үшін сырттан арнайы бағбандарды алдырған. Сонымен қатар, бүгінге дейін шабындықтың 40 пайызы суғарылған. Алайда, шабындық иелерін жайылған малдар алаңдатып отыр. Бұл туралы есепті кездесуде ауыл əкімі Рахымжан Айтуов айтып берді.
Жиын соңында сөз алған аудандық мəслихаттың хатшысы Кəдірбек Садубаев Конституцияға енгізілген толықтырулар мен өзгертулерге тоқталып, тұрғындарды 5 маусымда өтетін референдумда дауыс беруде белсенділік танытуға шақырды.

About DevTeam

Check Also

Бәрімізге бәрібір ме?

Зеберкүл Шардарбекова, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Осы қазір білім сала­сын­да «мылтықсыз май­дан» жүріп жатқандай көрінеді …

Добавить комментарий