Home / Аймақ / Бие көп, қымыз аз, Шикізат бар, өнім жоқ

Бие көп, қымыз аз, Шикізат бар, өнім жоқ

Әкеміз күш – қайраты қайтқанша жылда 4 – 5 бие байлап, қымыз ішетін. Ертеңгілік мезгілде суға құлаған жылқы аздан соң құлындарын ертіп желі басына келетін. Сонда құлындар желі басындағы өз орындарына жетіп, мүлгіп тұрар еді. Желіде шешілмеген күйі жатқан ноқтаны бастарына кигізіп, сағалдырығын байлап салатынбыз. Құлындардың бәрі жуас, қолбала іспеттес еді. Қымыздың қызығын әкемнің құрдастары, ауыл қариялары және әрі – бері өткен жолаушылар көретін.

Мұны еске алып отырған себебім – қазір ары – беріде құлындарын ерткен мама биелерді көптеп байқаймыз. Биенің сауын, құлынның ноқта көрмегені айқын аңғарылады. Ал, құлын кезінен қолға үйренген қылқұйрық мінсең ат, саусақ қымыз екені белгілі.
Кезінде ауылдық округтер облыс орталығында жарқыратып киіз үйлерін тігіп, қымыз – қымырандарын тараздықтарға ұсынып жататын. Бұл да ауылды аңсаған қалалықтар үшін тиімді еді. «Сары қымыз, дертке дауа дәрі қымызды» кім жек көрсін.
Қаратау қаласындағы «Жастар» саябағында да ақкөлдік апай бірнеше жыл киіз үй тігіп қуырдағын қуырып, бауырсағын пісіріп, қымызын сатып отыратын. Осы қымызханаға бас сұғушылар да көп болатын. Өкінішке орай, неге екені белгісіз соңғы бір – екі жыл көлемінде ол апай да ат ізін салмай кетті.
Қазір қымыздың 1 литрі 800 – 1000 теңге аралығында. Егер қолында жылқысы бар мүдделі адам болса оны табыс көзіне айналдыруға мүмкіншілігі толық жетер еді. Бүгінгі күні бие сауатын арнайы аппараттың түр – түрі бар, әрі қолжетімді. Менің Рахымжан Мырзаев деген танысым «Мыңшұқыр» маңында бас – аяғы алты бие ғана байлап отыр.

  • Кенже туған екі бием бар, құлындары қатайсын деп отырмын. Биелерді түрік аппаратымен сауып отырмын (№1 сурет). Еш қиындығы жоқ. Алғаш бір – екі күн биелер тосырқағанымен, қазір әбден үйренді. Күбіні киікотымен ыстаймыз, оны пісетін арнайы құрылғы жасап та алғанмын (№2 сурет). Қ.Сәтпаев көшесіндегі – 1 «а» үйден ел 700 – 750 теңгеден алып кетіп жатыр. Тәулігіне 25 литрдей қымыз өткереміз. — дейді ілкімді жігіт.
    Біз қарапайым арифметикаға жүгінгенімізде жоғарыдағы алты биенің қымызының өзінен айына жарты миллионнан астам табыс табуға болатынына көз жеткіздік. Міне, байлық көзі. «Еңбектің көзін тапқан байлықтың өзін табады», — деген осы. Бірақ, мұндай шаруақор жігіттер сирек, саусақпен ғана санарлық.
    Көбіне мал иелері жылқыларын сырттан бағамдап қана «барма – бар», ұры – қарыдан аман ба – аман» деп көңілге тоқ санап жүрген жайлары бар.
    Біздің осы тақырыпты қозғауымызға аудан әкімі Қанатбек Мәдібектің аппарат жиынындағы мына бір әнгімесі себепші болды.
  • Елде жылқы жоқ емес бар. Өткенде Кеңес ауылдық округіне барғанымызда «Бөлекқызыл» көлінің жағасында үйездеп тұрған үйір – үйрір жылқыларды көрдік. Төлдері де жетерлік. Бірақ ауылда қымыз жоқ. Неге?, — деген сауалды төтесінен қойды.
  • Жұмыс жасаймын, кәсіп ашамын дегенге мүмкіндік жеткілікті, — деді Қанатбек Қайшыбекұлы, — қарапайым ғана мысалға жүгінейік, — мәселен, басқасын айтпағанда қала іргесінде әктас өндіріледі. Оған назар аударып отырған ешқайсымыз жоқ. Соны пысық жігіттер бір машинесін 35 – 40 мың теңгеден Тараз қаласына өткізеді. Ондағы өзге ағайындар одан әк жасап шығарып, қыруар табысқа кенелуде. Бұл да табыс көзі ме? Әрине! Аяғымыздың астындағы байлықты көрмейміз, көрсек те мән бермейміз. Шикізат өзімізде болғанымен, өндіріп жатқан өніміміз жоқ. Өткенде шаруа қожалық және бизнес өкілдерін Байзақ және Түркістан облысының Сайрам аудандарына жібердік. Ондағы мақсат– озық тәжірбиеден үйренсін, үлгі алу үрдісін қалыптастырсын деген мақсат еді. Ендігі жерде сол жақта көрген, көңілге түйген дүниелерді өзімізде іске асыру, қолдану қажет, — деген – ді.
    Шынында, ауданымыздың өкілдерінің, әсіресе Сайрам ауданына жасаған сапары барысында бірқатар көңілге қонымды ой түйіп қайтқанынан хабардармыз. Соның ішінде, өзінің саласына сәйкес келетін шаруаларын қолға алып, одан әрі дамытуды, болмаса жаңадан кәсіп көзін ашуды ойлаған жандар табылуда.
    Ендігі жерде алға қойған мақсат іс жүзіне асса құба – құп. Біздегі тілек осы.

Дүйсен Молдақұлов, «TALAS tynysy».

About DevTeam

Check Also

Прокурор жолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шақырады

Ағымдағы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша Жамбыл облысы бойынша криминогендік жағдай қылмыстың 0,9%-ға (3623-тен 3590-ға …

Добавить комментарий