Home / Аймақ / Ұлы даланың мәңгілік тілі

Ұлы даланың мәңгілік тілі

Қамысбай Сауқымов, «Talas tynysy».
Конфуцийдің мына сөзі менің бойтұмарыма айналды. «Егер мені мемлекетті басқаруға шақырса, онда мен ең алдымен, тілден бастар едім. Тілде кемшілік болса, ой – пікірлер анық жеткізілмес еді. Ойдағыдай орындалмаса, салт – дәстүр, әдет – ғүрып бұзылады. Бұлар бұзылса, әділет бұзылады. Әділет жолдан шықса, аңтарылған халық не істерін білмейді. Міне, сондықтан, бірде – бір нәрсе тіл секілді маңызды емес», — деген екен ғұлама.
Тіл – ұлттың мыңдаған жылдар бойы жинақталған рухани, мәдени қорын, қазынасын ұрпаққа жеткізуші. Тілді бұзу әлгі қордан, қазынадан айырылу деген сөз.
Ел болу мәселесі, ұлтты сақтау, жерді, туған тілді қорғау мәселесі қазақ халқы үшін қашанда тарихи даму тұрғысынан маңызды болып қала бермек. Осы құндылықтардың өзегі солмай, мүжілмей сақтағанда ғана біз Мәңгілік Елдің іргетасын сеніммен, құлшыныспен қалай аламыз.
«Мәңгілік Ел» — ата – бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Тәуелсіз Мәңгілік Ел болу үшін ұлттық құндылықтарды қаз – қалпында сақтап, оның беделін көтеру басты парыз болмақ.
Тіл, салт – дәстүр, әдет – ғұрып сақталса, онда ұлт та мәңгілік болары сөзсіз. Тіл жоғалса, ұлт та жоғалатыны бәрімізге белгілі. Ұлт – тарихи құбылыс. Ол – адамзат өркендеуінің белгілі кезеңінің жемісі. Ұлт болып қалыптасу үшін олардың ортақ тілі болуы қажет. Ортақ тілсіз адамдар ортақ мәдениет, ортақ құндылық қалыптастыра алмайды.
Кейінгі жас ұрпақты ана тілін сүюге баулудың маңызы зор. Меніңше, жас ұрпақты тәрбиелеу балабақша мен мектептен басталатын секілді. Бала бойына ұлттық педагогика жолымен тәлім сіңіре алмау – оны мәңгүрттіке әкелетіні даусыз. Осы жерде Конфуций ұлағатына тағы жүгінсек деймін. Данагөй «Бір елді жаулау үшін қарудың қажеті жоқ, бесігін бүлдірсеңіз, өздері босағасын қиратып, есігін ашып береді», — депті. Не деген даналық!
Оқушының нақты, түсінікті, әдеби тілде көркем сөйлеуі мұғалімге көп байланысты. Мұғалімнің бойындағы қаруы – терең білімі мен ұлттық тіліне сай мағыналы сөйлеуі. Білімді, оқушыға тек сөз арқылы жеткізе алады. Сөзден мұқалу – ақыл мен ойдың жетімсіздігі. Көптеген мектептерде ұлттық тілдің мәні мен мағынасына, қасиетіне, тазалығына назар аудармайды десек қателеспейміз. Тіл тазалығы – ой тазалығы. Мектептердегі ұлттық тілде сөйлеудегі мынадай қиындықтарды бөліп айтуға болады:

  1. Қазақ мектептерінде сабақ беруші мұғалімдердің ана тілін таза білмеуі, білсе де, сөйлеу мәнеріне мән бермеуі.
  2. Оқулықтың аударма сапасының төмен болуы.
  3. Оқушылардың заман ағымына сай әр тілділікке еліктеушіліктері.
  4. Отбасында, мектепте баланың сөйлеген сөзіне мән бермеу.
    Ана тілде еркін, мағыналы сөйлеу әр адамның санасына да байланысты. Таза, намысы жоғары азамат біреу үйретпей – ақ өз қажетін өзі табады.
    Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Осыған байланысты, орыс тілді қазақтарға және ана тілін шұбарлап сөйлейтіндер «30 жылдық қарсаңында әр күні 30 сөзден үйренеміз!» девизімен жарқын бастаманы қолға алса, нұр үстіне нұр болар еді.
    Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!» екенін баса айтты. Ендеше, нұрлы болашақ жолында ана тілімізді аялап, мәртебесін көтерейік, ағайын.
    Ұлы суреткер Ғабиден Мұстафин: «Біз ұлтшылдықпен күрестік, енді сендер ұлтсыздықпен күресіңдер», — деген екен. Ылайым, халқымызды ұлтсыздықтан, мәңгүрттіктен сақтасын.
    Ұлы Дала төсінде жаһан жанарын тіккен Мәңгілік Ел боламыз десек, анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ұлы тілімізді сақтап, әлемдік деңгейге көтеруді негізгі міндет етіп алдымызға қояйық.

About DevTeam

Check Also

1414 байланыс орталығы әлеуметтік-еңбек мәселелері бойынша кеңес береді

Қазақстандықтар енді әлеумет және еңбек саласындағы мәселелер бойынша 1414 бірыңғай байланыс орталығына жүгіне алады. Бұрын …

Добавить комментарий