Home / Аймақ / Қасиетті бесіктің қадірі кетіп бара ма?

Қасиетті бесіктің қадірі кетіп бара ма?

Қамысбай Сауқымов, «Talas tynysy».

Бесік – қазақ үшін өте қасиетті болып
саналады. Ол – көшпелі ата – бабамыздан
қалған мұра. Аңызға сүйенсек, ең алғашқы
бесік Жетісу мен Алтайдың бойын мекен еткен
Айдархан бидің кезінде пайда болған.
Көшіп – қонып жүрген көш­пенді халық үшін алып жү­руге қолайлы тал бесіктің атқа­ратын биологиялық және физиоло­гия­лық қызметтерінің теңдесі жоқ. Бесік – әмбебап сипат­тағы та­залық пен тыныш ұйқы. Міне, осы жағдайлар үндесе келіп, бала психикасының дұрыс қалыптасуына ықпал жасайды. Бесікке бөлеп өсірген балалар­дың асты құрғақ, үсті жылы бол­ғандықтан, оның ұйқысы ты­ныш болуымен қатар, тәбеті де, ояу кездеріндегі көңіл – күйі де жоғары болады.
Қазақ бесік бетін ашық таста­майды және бос кезінде биікке іліп қояды.
Ертеден келе жатқан мынадай бір әңгіме бар. Төле би мен серігі жау талқандаған ауылдан қаша көшкен жұпыны көшке жолы­ғып, көз­дері бесік арқалаған аяғы ауыр жас әйелге түседі. Сонда се­рігі:

  • Мына бейшара ел секілді көрпе – төсегін арқаламай, бесік арқалап алғаны несі? – депті.
    Сонда данагөй:
  • Баланың бесігі – кең дү­ние­нің есігі. Қазақ қандай жағдай болса да, бесікті жұртта қалдырмайды, иесіз жерге тастамайды, — деген екен.
    Осы әңгіменің бәрін біз неге айтып отырмыз? Ендеше, айтайық, оның да өз себебі бар. Жақында Қаратау қаласының 3- мөлтек ауданындағы 37-үйдің артына біреулер бесікті лақтырып кетіпті (суретте). Ол сол жерде 2-3 күндей жатып қалады. Ары – бері өткен адамдардың оны көрмеуі мүмкін емес. Бірақ, ешқайсысы мән бермеген. Кейіннен бір жас келіншек өтіп бара жатып, әлгі бесікті көреді де, қасиетті бесіктің далада жатқанына таңғалып, не істерге білмей сасып қалады. Талға ілейін десе, оған шамасы да, ыңғайы да келмейді. Содан әлгі кісі телефонымен суретке түсіріп алады да, уатсап арқылы «Қара­тау жарнамаға» салып, бесіктің қай жерде жатқанын айтады.
    Осы хабарды жарнамадан көр­ген қала ішінде такси жүргізу­ші болып істейтін, «Городокта» тұратын Бақтияр Дүйсенов деген жігіт 37-үйге арнайы барып, сол жердегі балалардың көмегімен бесікті тауып алады.
    Үйіне алып келген ол бесікті үйінің төбесіне шығарып, іліп қойыпты.
  • «Қаратау жарнамадан» әлгі хабарды көргенде ішім алай – дүлей болып, шыдап отыра алмадым. Қазақтың осы күнге дейін жер бетінен жойылмай, өсіп – өніп отырғаны осы бесіктің арқасы емес пе? Көсемдер мен шешендер, ақылгөй даналар, ел мен жерді қорғаған батырлар жатқан қасиетті де құт бесік қой бұл. Қандай тас жүрек, иманы жоқ адам бұл бесікті лақтырып жібереді екен деп әлі ойланамын, — дейді Бақтияр.
    Иә, қазақ халқы шаңырақты, бесікті және табалдырықты қасиет тұтқан. Бұл үшеуін ешқашан аяқ­пен баспаған. Ерте заманда ауыл­дарды жау шапқанда, олар бірінші киіз үйдің шаңырағын талқандап, керегесін сындырған, бесікті алып, отқа тастаған екен. Бұл – жау­лардың қазақтың үйінен құт кетіп, ұрпағы өспесін деген қара ниет ойлары екен. Олар да қазақтың нені қасиетті санайтынын білген.
    Бесікті құт санайтын халқымыз көз тимесін, пәле – жаладан аулақ болсын деп, бесікті еш уақытта ашық та қалдырмаған. «Бесіктегі бала бес түлейді», — деп бесікті киелі санаған.
    Қазақ киелі бесікті беталды жерге тастамайды. Әбден ескі­ріп, қиюы кеткен бесікке ақ тамызып, одан кейін барып өртеп, бала бәйтеректей болып өссін деп күлін биік шыңның, адам аяғы тимейтін шидің түбіне, таза жерге көмген. Себебі, бесік – тазалықтың символы. Ағайын, әлі де кеш емес, ойланайық. Құндылығымыздың құнын жете түсінейік. Барымызды қадірлеп, жоғымызды түгендейтін кез келген жоқ па? «Бесік тербеткен үйде береке бар», — дейді, «Бақыт құсы есігіңнен, сәби үні бесі­гіңнен кетпесін», — деп тілек айт­қан халықтың ұрпағымыз ғой, ұлтымыз қадірлі болсын десек, құндылығымызды қастерлей білейік.
    Ал, сіз не дейсіз?

About DevTeam

Check Also

Кәсіп тәжірибемен кеңейеді

Жалпы, кәсіпкерлікті түбегейлі жақсарту және оңың өрісін кеңейту, жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру- …

Добавить комментарий