Home / Аймақ / Біздің сұхбат

Біздің сұхбат

Ілгері күннен үміт көп

Дүйсен МОЛДАҚҰЛОВ, «TALAS tynysy».

Талас ауданы шаруасы өркендеген, экономикасы дамыған өңір қатарынан саналады. Әсіресе, соңғы уақыттарда барлық сала бойынша ілгері басу, алға ұмтылу анық аңғарылады.
Олай дейтініміз – ағымдағы жыл ішінде алға қойған барлық жобалар жүзеге асып, міндеттер орындалды. Бекітілген индикаторлық жоспар түгелімен оң шешімін тапты.
Біз аудан әкімі Бақыт Алпысбайұлы Қазанбасовқа аймақтың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы бірнеше сауалдар қойған едік, соны оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

  • Бақыт Алпысбайұлы, ауданымызда негізінен, мал шаруашылығы барынша дамыған. Сондықтан, әңгімемізді осы саладан бастасақ…
  • Ол рас. Ауданымыз кезінде мал шаруа­шылығын өркендетумен бүкіл Одаққа кеңінен танылды. 56 Еңбек Ерінің осы салада еңбек етіп, ауданымыздың абыройын асқақтатқаны белгілі. Төскейді төлге толтырып, мың­ғыртып мал айдады. Қазір де осы кәсіптен қол үзгеніміз жоқ. Мал шаруашылығын одан әрі дамыта түсуге ден қоюдамыз. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда, төрт түлік бойын­ша да өсім бар және олардан өндірілетін өнім түрлері де артып отыр.
    Ауыл шаруашылығын қаржыландыру институттары арқылы 406 бас мүйізді ірі қара, 10406 уақ мал және 430 бас жылқы сатып алынды.
    Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысымызды одан әрі жандандыра түсуді көздеп отырмыз.

-Бұл жерде мал басын асылдандыру мәселесі де назарда болар?
-Әрине, ауданымызда асыл тұқымды мал өсірумен, соның ішінде, қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы, Еділбай қойы және қазақтың Ақбас сиырларын өсіріп отырған шаруа қожалықтары баршылық. Олардың қатарында Ойық ауылынан «Шалқар», Бостандық ауылынан «Тәжібай Алашбайұлы», Үшарал ауылынан «Бәйімбет баба» және «Ризық», С.Шәкіров ауылынан «Ахай» және «Табыс», Аққұм ауылынан «Алмар», Қасқабұлақ ауылынан «Аиза» сынды шаруа қожалықтары бар.
Аталмыш шаруа қожалықтары бұл бағыттағы жұмыстарын жемісті жал­ғастыра бермек. Мәселен, «Табыс» шаруа қожалығы таяуда ғана 3000 бас қазақтын қылшық жүнді құйрықты қойын алып келді. Және мал басын одан әрі көбейтуді көзден отыр.

  • Егін шаруашылығы жоғарыда біз тілге тиек еткен мал шаруашы­лығының құрамдас бір бөлігі іспеттес. Сондықтан, осы салаға да аз- кем тоқтала кетсеңіз…
  • Бұл шаруаны біздің ауданымызда дамытуды қажет етіп отырғанын жасырмаймын. Сондықтан, бүгінгі таңда егін шаруашылығын өркендеудің нақты жоспарлары жасалуда.
    Атап айтқанда — мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес суғармалы алқапты алдағы уақытта қосымша 1500 гектарға жеткізуді көздеп отырмыз. Қазірдің өзінде онын алғы шарттарын көрініс табуда. Ауқымды деген 7 каналды толықтай тазартып шықтық. Ақкөл орман шаруашылығының бетон науаларын жөн­деу жөніндегі біздің ұсынысымызды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қолдаған болатын. Соған әзірге 600 млн. теңге қаражат бөлініп отыр. Ал, барлық керек қаражат 1млрд. 300 млн. теңге көлемінде. Сонда біз егістік алқапты толық игеретін боламыз.
    Сонымен бірге, Ақкөл, Аққұм, Бостандық, Ойықтағы осындай бетон науаларды жөндеуге қол жеткізсек, бұл аймақтағы 1,2-1,5 мың гектар суармалы алқапты игеруге толық мүмкіндік туады.
    Биыл облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқарма­сының тапсырмасына сәйкес 500 гектар алқапқа жүгері еккен болатынбыз. Соның 150-дей гектарына су жеткізе алмадық. Оның үстіне құрғақшылық болды. «Қазсушардың» көмегі арқасында 10 күндей бізге су берді, сонын арқасында 350 гектар жүгерімізді сақтап қалдық. Су болса көкөніс, бақша өнімдерін егуге де мүмкіндік ашылар еді.
    Кеңес үкіметінен бері ешқандай каналдар тазартылмай қалған ғой. Өңір басшысының қолдауымен жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша біраз каналдарымызды тазартып алдық. Егер алқаптарды суландыру бойынша жоспарымыз жүзеге асып жатса, төменгі ауылдарда 2,5 мың гектарды толық игеруге мүмкіндік туар еді.
    -Қазіргі таңда жылыжай кәсібін дамыту да күн тәртібіне өткір қойылып отыр…
    -Шын мәнінде жылы­жайдан түсер пайданың көп екеніне қарапайым халық көз жеткізе бастады. Бүгінгі күнге Ойық, Үшарал және Ақкөл ауылдарында ілкімді жігіттер осы шаруаны мықтап қолға алып қияр, қызанақ секілді өнімдерін өткере бастады. Тұтынушылар апта сайын Қаратау қаласында өтіп жатқан ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесінде жергілікті жылыжай өнімдеріне барынша қызығушылық танытуда және базар бағасынан екі есе арзан. Алдағы уақытта нарық сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік туады деген ойдамыз.
    Осы мақсатта Бостандық ауылында 30 гектар алқапты жылыжай соғуға бөліп отырмыз. Ниет еткен әрбір адамға 30 сотықтан жер бермекшіміз.
    -Ауданымыздағы елді мекендердің дені көгілдір отынды пайдалануда. Ендігі жерде қалған ауылдар мұндай игілікке қашан қол жеткізер екен?
    -1 желтоқсан күні Үшарал ауылының тұрғындары табиғи газды тұтына бастады. Келесі жылы Ақкөл, Қызыләуіт, Ақтөбе елді мекендеріне беруді жоспарлап отырмыз.
    Майтөбе ауылының маңынан АГРС соғылатын болса, онда таулы аймақтарға жататын осы Майтөбе, Қасқабұлақ, Есейхан және Көктал ауылдарын газдандыратын боламыз. Жалпы, бұл 2025 жылға дейін жоспарланған. АГРС салуға қажетті қаржы бөлініпті, аталмыш станса соғылып біткен жағдайда бұл бағыттағы жұмыстар ерте басталады деген ойдамын.
    -Бақыт Алпысбайұлы, ендігі жерде әңгімемізді өнеркәсіп саласына қатысты өрбітсек.
    -Ауданымызда «Шолақ­тау» тау-кен өңдеу кешені, «TalasInvesmentCompany», «Жамбыл-Недр», «Қаратау ПРО» және «Амангелді Газ» жауапкершілігі шектеулі серік­тестіктері секілді ірі кәсіпорындар бар. Бұл өндіріс орындарының барлығы есепті мерзім ішінде өнім өндіру барысында алға қойған меже үдесінен шығып, аудан экономикасын өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда.
    Алдағы уақытта еліміздің индустрияландыру картасына 2023 жылға енгізілген жоба «ЕвроХимТыңайтқыш» ЖШС-нің минералды тыңайтқыштарды өндіру химия зауытының құрылысы. Жобаның жылдық қуаты 1400 мың тонна минералды тыңайтқыш өндіруге жоспарланған. Жобаның құны-365,5 млрд. теңге.
    Осындай жоба­ның тағы бірі- «TalasInvestmentCompany» ЖШС-нің қуаттылығын жылы­на 15 мың тоннадан 30 мың тоннаға дейін жеткізу. Жалпы инвестиция көлемі 25 млрд.483 млн. теңгені құрай­ды. Оның барысында 300 адам қосымша жұмыс орнымен қамтылады деп күтілуде.
    Мұндай жобалардың ауда­ны­мыздың өсіп-өркендеуіне зор ықпал етері сөзсіз.
    -«Үйі бардың-күйі бар»,- дейді аталарымыз. Соған орай, ауданымызда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды үймен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілуде?
    -Бұл мәселе біздің тұрақты бақылауымызда. Қала бойынша 1740 адам пәтер кезегінде тұр.
    Бүгінгі күнге дейін 44 пәтерлі екі жатақхананы пайдалануға бердік. Мұнда негізінен көпбалалы, тұрмысы төмен және жалғызілікті аналар уақытша қоныстанды.
    Олар өз кезегі келіп, тұрақты пәтерге ие болған кезде жатақхананы босатып, олардың орындарына басқа отбасылар қоныстанады.
    Сондай-ақ, барлығы 155 пәтерді құрайтын 3 көпқабатты үй де пайдалануға беріледі деп күтілуде.
    Кезектегі тұрғындар санын азайту мақсатында қаладағы бос тұрған жекеменшік құқығындағы көпқабатты үйлерді сатып алу жұмысымен жүйелі түрде айналысудамыз.
    Бүгінгі күнге дейін 3-ші мөлтек аудандағы №5 «А», №6 «А», №75 және Б.Момышұлы көшесіндегі №17 көпқабатты үйлерді арнайы қаржы бөліп, сатып алдық.
    Қалған жеке адамның иелігіндегі осындай көпқа­батты үйлерді кезең-кезеңімен сатып алу ниетіндеміз.
    Бұл жерде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Асарлатып үй салу» жобасының да біздің ауданымызда кеңінен қолдау тапқанын айта кеткен жөн. 9 ауылдық округ бойынша қолға алынған осындай шарапатты шараға жанашырлық танытып, қолдау көрсеткен барлық жандарға айтар алғысымыз шексіз .
    Бүгінгі таңға осындай қазақи дәстүрмен бой көтерген 6 үй пайдалануға берілді. Оны кімге беру қажеттігін ауыл тұрғындары өздері кеңесіп шешті.
    -Ауданымызда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша сәтімен шешілген шаруалар мол екенінен хабардармыз…
    -Аталмыш бағдарлама аясында ауданымызда толым­ды тірліктер жүзеге асты деп айтуға толық негіз бар. Олай дейтініміз барлығы 3593305,0 мың теңгеге 127 жоба жасалынып, жүзеге асты.
    О басты бағдарлама халықты жұмыспен қамту мәселесін жедел шешу мақсатында әзірленгені белгілі. Бұл әлеуметтік, инженерлік-көліктік инфрақұ­рылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, елді мекендерді абаттандыруды іске асыру бойынша жұмыссыз азаматтар санының өсуіне жол бермеуге бағытталған шара.
    Оның барысында 640 адам аудандық жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен жұмыспен қамтылса, соның ішінде 36 адам тұрақты жұмыс орнына қабылданды.
    Аталмыш бағдарлама бойынша 721 млн. теңге қаражат қарастырылған күрделі нысан – «Ақкөл» көлінің тоспасын күрделі жөндеу және Аса өзенінің арнасын нығайту жұмыстары.
    Бұл жұмыстың маңызды­лығын ескерген өңір басшысы Б.Сапарбаев тоспа басына бірнеше мәрте арнайы келіп, жобаның кейбір тұстарына өз өзгертулерін енгізген болатын.
    Сонымен бірге, Көктал ауылындағы М.Жұмабаев, Ақкөл ауылындағы Ы.Алтынсарин және Қаратау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептер, Қызыләуіт ауылында мәдениет үйі, Қаратау ауылдық округіне қарасты Қараой ауылының клуб үйі күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілді.
    Бұған қоса, ауыл-аймақ­тар бойынша бірнеше көше­ге ауызсу жүйелері тар­тылып, су қоймаларының арықтары мен оннан аса каналдарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұ­ның болашақта шаруа баққан жандарға тигізер пайдасы көп болмақ деп күтілуде.
    Ойық ауылындағы 5 көше, Қасқабұлақ ауылында 3 көше, Қаратау қаласында 2 көше асфальттанып, көше жарықтары орнатылды.
    Осындай өркенді істер барысында көше­лерді жарықтандыру жұмыстарына да барынша мән берілді. Аудан орта­лығын­дағы Төле би, Б.Момышұлы, Т.Рысқұлов, Д.Қонаев, Ә.Молдағұлова, Б.Қарашаұлы атындағы көшелермен бірге «Батырлар алаңы», Қаратау – Самал жолының бойы толық жарықтанды. Бұған қоса №3 және №5 мөлтек аудандардағы көпқабатты үйлердің аумағына да көше жарығы орнатылып бітті. 16 көшенің науалары түгел ауыстырылды.
    «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасына орай аула­ларды ретке келтіру, көліктер үшін арнайы тұрақтар жасау жұмыстарына да барынша ден қойылды. Осындай 46 аулаға жүргізілген орташа жөндеу жұмыстары барысында асфальт төселіп, бордюрлер қойылып, тұрғындарға қолайлы жағдай тудырып отыр.
    Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмысыз жандана түспек. Ілгергі күннен күтер үмітіміз көп.
    -Әңгімеңізге рахмет, Бақыт Алпысбайұлы. Алдағы жұмыстарыңызға да сәттілік серік болсын!

About DevTeam

Check Also

Есей би

Ел арасында фольклорлық мұралармен, ақын – жыршылар – мен бірге ел қорғаны болған батырлар, ел …

Добавить комментарий