Қамысбай Сауқымов, «TALAS tynysy».
Дүниеге келген әр адамның орындайтын адами қарыздары және парыздарымен бірге, заманына сай ерекше мүмкіншіліктері, міндет- мақсаттары болады.
Сол заманның берген мүмкіндіктерін толық пайдалану арқылы алдына қойған мақсаттарды өз дәрежесінде орындай білген адам ғана өмірден өз орнын тапқан, ел, ұлт алдындағы перзенттік борышын атқарған азамат болып есептеледі.
Өмір деген толғауы тоқсан, жолы сан-сала, кейде оның қыр-сырын саналылар ғана ұғатын жұмыр жұмбақтай көрінетіні ақиқат. Білімі терең, тұлғасы кесектер сол өмір көшінде өзгеден ерек, ой байламы бөлек екені байқалады. Ондай азамат алғашқы қадамынан–ақ қарым қабілетін танытып, жас болса да, бас болар тірлігімен, төңірегіндегілерден төбе бидей ірілігімен дараланып, сөзі өтімді, ісі толымды болып тұрады. Солардың бірі – зейнеткерлік демалыста болса да, тұйықтанып тыныш өмір сүрмейтін, қоғам тіршілігіне белсене араласып, беделі биіктеп жүрген Жақсылық Досаев.
1949 жылы 20 желтоқсанда ауданымызға қарасты Бостандық ауылында дүниеге келген ол соғыстан кейінгі сансырап қалған жұпыны ауылда ащы мен тұщының дәмін қатар татып, қиыншылықтың қаспағын жеп өсті. Ұлы Отан соғысында Ленинградты қорғауға қатысып, елге 1944 жылы 2- топтағы мүгедек болып оралған әкесі Досай елде енді тыныштық, жақсылық болғай деп ұлының атын Жақсылық деп қойыпты.
Иә, соғыстан соң жақсылыққа жақсылық жалғасып, ел еңсесін көтерді. 1966 жылы Үшарал орта мектебін тәмамдаған Жақсылық 1970 жылы Жамбыл қаласындағы гидромелиоративтік –құрылыс институтынан гидро – техник мамандығын алып шығады.
Кеңестік кезеңде білімі терең, өзі іскер, жалындап тұрған жас мамандарға үлкен сенім артылатын. Басты талап –істің бабын тауып, ұжымды ұйымдастыра, ұйыстыра алу, сөйтіп жұмыстың нәтижесін көрсету болатын. Жоғарғы оқу орнын жаңадан бітіріп келген Жақсылыққа да осындай сенім артылды.
Жамбыл ауданының «Пригородный» совхозында машина–трактор паркінің меңгерушісі болып алғашқы еңбек жолын бастаған ол түйіткілді істің түйінін шешуге келгенде өте шебер болды. Жұмыстың ауырына қарай жүгіріп, жауапкершілік жүгін көтере білді, тындырымдылығымен айналасына сыйлы да болды.
Осыдан кейін-ақ биікке бастар баспалдақ басталды. Жақаңның өзгеден ерек, тумысы бөлек сырбаз жан екенін, сирек кездесетін шынайы тазалықтың, таңғы шықтай мөлдір сұлулықтың, бекем ұстамдылықтың, нәзік іңкәрліктің, парасаттылықтың иесі екенін бәрі түсінді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында инженер, гостехнадзор, автокөлік саласында инженер, бөлім бастығы, директор, облыстық автокөлік басқармасы директорының орынбасары қызметтерін атқарғаннан кейін «Ресей-Қазақстан» біріккен кәсіпорнының бас директоры сатысына көтерілді.
Адамның өмірде абыройлы болмағы алдымен Алладан, одан кейін өзінен шығар. Жаратушы біреуді еңіске, біреуді тегіске салып сынайды. Сол сында сынып кетпегеннің маңдайы жарық, мерейі үстем. Жақаң да осы сындардың бәрінен өтті. «Қазреммонтаж» кәсіпорнында директор. Алматы қаласындағы «Қазавтомонтажтранс» құрылыс компаниясында бас директор қызметтерін атқарды.
Жақсылық ағада тағдырлы талант та бар. Қаламын ұштап, өлең де жазады. Оның өлеңдеріндегі көріктеу амалдары мен көркемдік әдістері де өзгеше, поэзияға өзіндік жол салғандай әсер етеді «Кеттік, балам, ауылға», «Із», «Өмір сүргім келеді», «Уақыт» атты өлеңдерінде өзіндік таңбасы бар, оқырманды өзіне тартып, ой шырмауына түсіреді. Өлең табиғатын жете түсінгені аңғарылады..
«Бидалының ерлігі», «Әңгіме -дүкен», «Өмір- дастан», «Қайран дөңгеленген, дүние-ай» атты прозалық кітаптары жарық көрген Жақсылық Досаев қазіргі кезде Тараз қалалық ардагерлер кеңесі №10 аумақтық ардагерлер ұйымының төрағасы. Ұйымға 2227 ардагер тіркелген. Сондай-ақ, мұнда 12 бастауыш ардагерлер ұйымы да бар.
Осы арада, арнайы тоқтала кететін бір жәйт, Жақаңның рухани жан әлемі жарық, алды кең, үлкен-кішіге шуағы мол азамат болып қалыптасуына оның сүйген жары, саналы өмірін білім саласына арнаған Жанар жеңгейдің қосқан үлесі де аз емес. Ол ұсақ – түйекке ерін алаңдатпай, дастарханын жүдетпей Жақаң екеуі 1 ұл, 2 қызды тәрбиелеп өсіріп, бәрінің жоғарғы білім алуына жағдай жасады. Бұл күнде ерлі-зайыпты екеуі 6 немере мен 2 шөберенің шат күлкісіне шомылып отырған жайлары бар.
Тәуелсіздік тұғырының нығаюына қажыр-қайратымен, ерен еңбегімен үлес қосқан ардагер аға бақытты жан. Енді тек елінің бейбіт өмірі мен берекелі тұрмысы баянды болса екен деп тілейді.
Check Also
Есей би
Ел арасында фольклорлық мұралармен, ақын – жыршылар – мен бірге ел қорғаны болған батырлар, ел …