Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2023 жылғы 5 шiлдедегi №464 бұйрығына сәйкес, нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидалары бекітілген.
Осы Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің мәселелерi» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы №1120 қаулысына сәйкес әзірленді және мынадай нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу, мемлекеттік тіркеу тәртібін айқындайды:
1) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық қаулылары;
2) Қазақстан Республикасы министрлерінің және орталық мемлекеттік органдардың өзге де басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары;
3) орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары;
4) мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдері және тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулылары.
Қағидалардың 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген орталық және жергілікті органдар әзірлеуші мемлекеттік органдар болып табылады. Бұл ретте орталық органдар деп осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген актілерді қабылдайтын органдар түсініледі, ал жергілікті органдар деп мәслихаттар, әкімдіктер, тексеру комиссиялары және әкімдер түсініледі.
- «Қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгісі бар заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу және келісу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 24 маусымдағы № 429 қаулысымен бекітілген Мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.
- Әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жатпайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу және келісу «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) және осы Қағиданың нормативтік құқықтық актілерінің әзірленген жобаларының жария талқылау үшін ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталына орналастыру, қоғамдық кеңестің ұсынымдарын, Қазақстан Республикасы Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының және сараптамалық кеңес мүшелерінің сараптамалық қорытындыларын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамаларды алу, Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 82 және 83-баптарының талаптарын ескере отырып, реттеушілік әсерге талдау жүргізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялауға жіберуге қатысты талаптарын ескере отырып жүзеге асырылады.
Нормативтік құқықтық актінің жобаларын әзірлеу тәртібі келесідей:
Нормативтік құқықтық актілер қазақ және орыс тілдерінде әзірленеді.
Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу сапасын, әдеби тiл нормаларының, заң терминологиясы мен заң техникасының сақталуын, қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндердің теңтүпнұсқалығын әзірлеуші мемлекеттік органдар қамтамасыз етеді.
Кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттегіш құралды енгізуді немесе реттеуді қатаңдатуды көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға келісуге жіберілгенге дейін орталық және жергілікті органдар Кодекстің 82 және 83-баптарының талаптарын ескере отырып, реттеушілік әсерге талдау жүргізіледі.
Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша әзірлеуші мемлекеттік орган Заңның 19-бабында айқындалатын тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының және осы орган жанындағы Сараптама кеңесі мүшелерінің сараптама қорытындыларын алуды қамтамасыз етеді.
Әзірленген нормативтік құқықтық актінің әзірленген жобасы осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша нормативтік құқықтық актінің жобасына түсіндірме жазбаны (бұдан әрі – түсіндірме жазба) қоса бере отырып, жария талқылау үшін ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылады.
Өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық актінің жобасы әзірленген жағдайда, ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында осы жобаға салыстырма кесте де орналастырылады, онда енгізілетін түзетулер бөліп көрсетіліп, әрбір енгізілетін өзгеріс және/немесе толықтыру бойынша жоғары тұрған нормативтік құқықтық актілерге, жоғары тұрған мемлекеттік органдардың тапсырмаларына сілтеме жасалып, нақты негіздемелер көрсетіледі.
Әзірленген жобаны және оған қоса берілетін құжаттарды ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастыру қазақ және орыс тілдерінде қамтамасыз етіледі.
Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша әзірлеуші мемлекеттік орган Заңның 20-бабында көзделген тәртіппен осы орган жанындағы Қоғамдық кеңестің ұсынымдарын алуды қамтамасыз етеді.
Іске асырылуы қоршаған ортаға теріс әсерлерге әкеп соғуы мүмкін нормативтік құқықтық актілердің жобаларына міндетті мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізілуге тиіс.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу туралы талап Заңға сәйкес қолданылмайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қоспағанда, нормативтік құқықтық актілердің жобалары міндетті түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамаға жатады.
Асель Нурмаханбетова,
Жамбыл облысы Әділет департаменті.