«Tt»-ақпарат».
Қараой ауылдық клубының ұйымдастыруымен «Атадан қалған асыл сөз» атты байқау өтті. Ұрпақтар сабақтастығын дәріптеп, үлкендердің өнегесін жастарға үлгі ету мақсатында қолға алынған байқауға ауылдың қариялары қатысты.
Шара өзін-өзі таныстыру, салт-дәстүр, бата беру, сандар сыры, ұрпаққа аманат, мақал-сөздің мәйегі сынды алты кезеңді қамтыды.
Қарттардың өнері мен даналығын анықтайтын сайысқа Есейхан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түзелбек Рақышев, Қараой ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуатбек Жолмұханбетұлы және мектептің қызметкері Ерген Керімбек қатысып, өз мүмкіндіктерін байқап көрді.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Қуатбек Жолмұханбетұлы лайық деп танылса, 1-орынды Түзелбек рақышев иеленді. Ал, 3-орын Ерген Керімбекке бұйырды.
Берілген тапсырмаларды орындап, өнерімен ерекшеленген қарияларға Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығы тарапынан дипломдар мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Ұрпаққа берер тағылымы мол, тартысты өткен шарада Есейхан ауылдық клубының меңгерушісі Еркем Шоқыбасова және байқаудың ұйымдастырушысы, Қараой ауылдық клубының меңгерушісі Құралай Бейсембекова, клубтағы «Көркем сөз» үйірмесінің жетекшісі Бақытгүл Игенова байқауға қатысушыларға ризашылығын білдіріп, қарттарды мерекелерімен құттықтады.