Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».
Намысты қолдан бермей, жарыс жолында жүргендер арасында жас ұлғайғанда бала шақтан серік еткен спортпен қош айтысып жататындар көп.
Бірақ, бар өмірін спортпен байланыстырып, шәкірт тәрбиелеп, жолын қуған жастарға үлгі болып жүрген аға буын өкілдерін кездестіргенде тәнті боласың, тілеулестік танытасың. Сондай ардагер спортшының бірі — Досан Қалаубеков. Өңір жұртшылығы оны боз кілем шебері ретінде жақсы білсе, ізін басқандар мақтан тұтады. Досанның аудан спортының дамуына аз үлес қосқан жоқ. Осы жолда әлі де тер төгіп келеді. Қабілеті бар баланың талабын ұштап, тұғыр биігіне көтеріп жүргені өз алдына бөлек әңгіме. Палуанның жасы елуге жақындаса да боз кілемнен қол үзген жоқ. Ара-тұра түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, шеберлігімен ерекшеленіп келеді. Әрі қатысқан бәсекелерінен олжасыз қайтқан кезі жоқ.
Досан Қалаубеков биылғы жылдың өзінде бірқатар жарыстарда бой көрсетті.
Сәуір айында Жамбыл ауданы Аса ауылында дзюдо күресінен спорт шеберлері арасында ұйымдастырылған халықаралық турнирде 2-орынды иеленсе, араға қөп уақыт салмай Қазақстан Республикасы біріншілігінде қазақ күресінен ардагерлер арасында өз мүмкіндігін байқап көрді.
«Шын жүйрікке тұсау жоқ» деген. Талай додада шығып төселген, тәжірибелі палуандар ішінен топ жарып, жеңімпаз атанды. Әрбір белдесуге қанша жігер-қуат жұмысалатынын бастан кешкен адам ғана біледі.
Жерлесіміз күні кеше ғана Орал қаласында самбо күресінен өткен спорт шеберлері арасындағы Әлем чемпионатына қатысты. Әлемнің әр елінен бас қосқан тісқаққан палуандардан басым түсу үшін де әдіс-тәсілден бөлек, ішкі дайындық та қажет. Жерлесіміздің сүйекпен сіңген, қалыптасқан, табиғатына тән қасиет қапы қалдырған жоқ. Іріктеу кездесулерін көңілдегідей өткізген жерлесімізге әлемдік деңгейдегі бәсекеде сәл ғана сәттілік жетіспеді. Чемпионаттың қола жүлдесін қанжығалап, мықтылығын дәлелдеді.
-Үлкен деңгейдегі жарысқа бұл алғашқы қатысуым емес. Грекияда самбо күресінен өткен спорт шеберлері арасындағы Әлем чемпионатында да 3-орынға ие болғаным бар. Осы жарыста орыстың және өзбектің палуандарымен белдесуге тура келді. Таластан Қанат Тоқбергенов боз кілемге шығып, жартылай финалға дейін жетті. Білікті бапкер Нариман Айтенов бізді бастап келіп, жанкүйерлік танытты. Одан бөлек, қолдау білдірген аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерназар Тоқсанбаевқа ризашылығымды білдіремін,-дейді Досан Қалаубеков.