1 қыркүйек-Білім күнін Тамды ауылындағы Қойгелді орта мектебінің ұжымы мен оқушылары үлкен қуанышпен қабылдады. Өйткені, сыныптан сыныпқа көшкен балалар оқу жылын жөндеуден жаңа өткен білім ошағында қарсы алмақ.
Ғасырға жуық тарихы бар білім мекемесінің бүгінгі ғимараты заманға сай жабдықталған, жөндеу көрген сырт келбеті де көз тартады. Қазіргі таңда мұнда 285 оқушы білім алса, оларға 44 мұғалім дәріс береді.
Орта мектеп білім сапасы жөнінен алдыңғы қатарда. Соңғы төрт жылда 4 «Алтын белгі» мен 10 үздік аттестат иегерін қанаттандырды. Биыл мектептің бірінші сыныбына 17 оқушы келіп отыр.
Қойгелді орта мектебіндегі Білім күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов, аудандық мәслихаттың депутаты Анар Қалыбекова Тамды ауылдық округінің әкімі Рауан Асқаров және ардагер ұстаздар қатысты.
Шара барысында ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтаған Нұрбол Әбдімәжитұлы: -Білімді ұрпақ-ертеңгі мемлекет тұтқасының кепілі. Өркениеттің өлшемі де, мемлекеттің келешегі де қоғамның білім деңгейіне тәуелді. Қазіргі таңда білім саласы өркениет көшінің бастауына айналып, жүйеде жасалып жатқан жаңаша өзгерістер, саланы дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар — әлемдік өркениеттің көш басына ұмтылудың бастау көзі болып отыр.
Жаңа оқу жылы үлкен жетістіктер мен табыстарға толы болады деп сенемін. Қадірлі ұстаздар, жауапкершілігі жоғары салада еңбектеріңізге табыс тілеймін,-деді.
Сонымен қатар, салтанатты рәсімде ардагер ұстаз Дарияш Меңлібекова, аудандық мәслихаттың депутаты Анар Қалыбекова мерекеге орай жылы лебіздерін білдірді.
Білім күніндегі алғашқы қоңырауды 11 сынып оқушысы Даниял Байкеңес және 1 сыныпқа қабылданған Аяла Шора соқты.
2023-2024 жаңа оқу жылында аудандағы 35 мектепке 9900-ге жуық оқушы келеді деп жоспарланып отыр. Оның ішінде 890 оқушы мектеп табалдырығын алғаш рет аттады.