Home / Аймақ / Жан тебіренісінен туған туынды

Жан тебіренісінен туған туынды

Қамысбай Сауқымов, «Talas tynysy».

Жүрек ақын болса, осынау дүние дидарында баз кешкен сайын өлеңге, я қаламға жүгінеді. Өлеңге жүгінсе-тыңдаушыға, қаламға жүгінсе- айтушыға айналады. Осы күні нағыз тыңдаушы болу да, айтушы болу да-өнер. Бойындағы өнерді өрге сүйрей білу-нағыз таланттың ісі. Жерлесіміз, Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, қаламгер Сабырғали Рысбаевты бойындағы өнерді сезімімен ұштастыра білген талант иесі деп айтуға болады.
Сабырғали тауға қарап тебірене алмайтын, жел гуілін, су сылдырын естімейтін, гүл сұлуын көрмейтін, адамдар қарым-қатынасындағы мыңдаған нәзік ағыстарды сезбейтін жандардың тобынан емес. Керісінше, ол бозала таңнан боз даладағы боз жусанның ішінен пыр-р етіп ұшқан бозторғайдың әуеніне құлақ түріп, тылсым табиғаттың таңғажайыбына тамсана өскен ақынжанды талант иесі болып жетілді.
Сабырғали Рысбаевтың «Бүршік жарған бір бұтақ», «Келіншектің кепілі» атты жинағын оқырман қауым өте жылы қабылдады, жаттап алып, жатқа айтатын болды. Оны «ақындар елі» атанған киелі Таластың ауыз толтырып айтар ақыны деп таныды.
Жақында С.Рысбаев өзінің «Жеңісімнің жемісі» атты кезекті жинағын жарыққа шығарды. Кітаптың алғысөзін Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бауыржан Жақып жазыпты. Әйгілі тұлғаның Сабырғали Рысбаевтың кітабына жылы пікір жазуы кітап бағасын өсіре түскендей. «..Ел ішінде жүріп, халықтың мұңын тыңдап, жоғын жоқтайтын мұндай қаламгерлер бізге керек. Кейде қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдайларға бәріміз де немқұрайлы қарай алмаймыз. Ал ақын жүрегі сыр төккенде бар шындықты жайып салатынына көз жеткізесің»,- дейді Бауыржан Жақып.
Кітап бірнеше бөлімнен тұрады. Кітаптың беташарында автордың балдай тәтті балғыншағы мен он сегіз-гүл дәурені мен жиырма бес-жыр дәурені аралығындағы болған жәйттер сыр болып шашылады. Бұл жерде біз автордың қазығын айналған аттай бір жерді шырлай бермей, әр тақырыпта, әр салада құлашын кеңге сермей алатынын, ойы ауқымды, қаламы жүйрік екенін аңғарамыз.
Одан кейінгі бөлімдерде әр жылдарда жазған өлеңдері мен ой-толғаулары көрініс табады. «Өзім жайлы», «Сонымен, қош бол, Алматы», «Қайта оралдым, туған жер» атты естеліктері шебер тілмен өріліп, ой-толғаммен байытылыпты, бір сабақ жібін қалдырмай түгендеп, оқырманға ұсынылыпты. Ол өз шығармасында бейнеленіп отырған кез-келген мәселені ой арнасына түсіріп, содан қуалай отырып, жан-жақты талқылайды, зерттейді, салыстырады. Ұқсастығын көреді, айырмашылығын таниды. Бөтендігін аңғарады. Біз әдепкідей көретін, тіпті көңіл аудармайтын қимыл-қозғалыстың асқан құндылығын аша түседі.
Ал ақынның өлеңдерінде шамырқанған шындық, рухты қайрар намыс, жақсылығы бір басынан аспаған жалғабай жамандарға деген «әттеген-айлар» мен ашу-ыза ернеуінен аса төгіліп, жүректерді қозғайды. Марина Цветаеваның «Ақындар не үшін жаралғанын білесізбе? Әрине, адамның жанды жерін ұялмай айту үшін»,- деген сөзі ақын С.Рысбаевтың образын ашып отыр.
Жадырап жаздай, көктемдей күліп,
Ұнатам жайнап жүргенді.
Жек көрем жасық, табаны бүрсіз,
Пасықтық өмір сүргенді.
Дос көрем көзге жылатып айтып,
Мініңді бетке басқанды.
Қас көрем кейін ішіңе кіріп,
Сырыңды сыртқа шашқанды,-
дейді ақын «Тастаған дәнім көктесе» деген өлеңінде. Қоғам мен адамның жанталасы, жадағайлығы мен жасандылығы Сабырғали қаламы арқылы бәрімізге ой салады.
Ақынның шырылдап шындық іздеген жан дүниесін бір өлеңмен шектеліп қалмайды. «Сайлаудан соңғы өкініш», «Кім сатқын ?», «Ақиқат», «Адастым» атты өлеңдер шоғырының бітімі бөлек. Себебі, онда екінің бірі айта алмайтын, адам болмысын анықтап, жаман мен жақсының аражігін ашып берер қылыштай өткір ойлар денеңді шымырлатып, бойыңа қан жүгіртеді.
Сабырғали ақынның «Ағайынға айтар сөз» атты өлеңінде:
…Масыл да емес, қолым қысқа
жан едім,
Әділдік пен шындық еткен жан емін.
Бай болу да, би болу да-мерзімдік,
Ағайынға көңіл бөлмеу және мін.
…Рахмет! Көзімді аштың көмілген,
Адасыппын пенделік ақ көңілмен.
Ғұмыр қысқа, сабындай
бір қамшының,
Алпыс жаста сабақ алдым өмірден,-дейді.
Не деген риторикалық шеберлік! Ұйқасты ұйыстыра отырып, күнделікті тіршіліктің көлеңке жағын көңілге қонымды етіп шебер суреттейді.
Иә, ақын жырлағандай, кісілік, оған ере бақыт сезімі де ақырын-ақырын адам жүрегінен алыстап кетіп барады. Ақын осыған алаңдайды. «Жылуы жоқ бойының, Жылмиғаны неткені? «..Қулық емес, бұл бір дерт, Тұрлауы жоқ құбылған». Егер ұлы Абай арамызға тіріліп келсе, осылай дер ме еді, кім білсін.
Сабырғали Рысбаевтың ұлы тұлғаларға арнаған арнау-естеліктері де бір төбе. «Данышпан бабам-Төле би» атты толғауын оқыған адамның толқымауы мүмкін емес. Сөз шеберлігі мен сөз саптауы, сөз тіркестерінің қабыса орналасуы, айтар ойының тазалығы кімді де болса, бей-жай қалдырмасы анық.
… Түп атасы Бақтиярдай би болған,
Үйсін үшін атағы зор, сый болған.
Ұрандатып бәйгелерде есемін,
Көмек сұрап барады екен қиналған.
Тараса да сондай жаннан әулеті,
Шаруадан әрі аспаған дәулеті.
Құдайберді Жаныс-Дулат атадан,
Ұл сүйіпті қашар қайғы, нәубеті.
Ат қойыпты сәбиіне Төле деп,
Төле бопты даңққа оларды бөлемек.
Тоғызында топқа шығып, сөз айтып,
Он бесінде дау шешіпті төбелеп,- деп толғанады ақын. Автордың Төле бабаға деген сағынышы, төгілген сезімі сенің де көңіл түкпіріндегі әлдебір жылылықты оятып, көкірегіңді күмбірлетіп жібереді. Осы жерде ертеректегі дангөйлердің: «Адам естелікпен есейіп, көргенімен көсем болады»-деген ғибраты еске түседі.
Ақынның сондай-ақ «Ұлы Абай», «Жыр алыбы-Жамбыл баба», Д.Қонаев туралы «Ғасырдың ғажап адамы», т.б толғаулары да өзгелердің жыр шумақтарына ұқсамайтын тың шығармалар.
Бес бөлімнен тұратын кітаптың бір бөлімі балаларға жазған өлеңдерге арналыпты. Жалпы, Сабырғали ақын балалар тақырыбына келгенде қамшы салдырмас сәйгүліктей арындап, алға ұмтылады. Әр өлеңін оқыған сайын балалық бал дәуренің көз алдыңа елестеп, балғындар әлеміне сүңгіп кеткеніңді байқамай да қаласың.
Алдап қой бізді ата деп,
Алдап қой бізді апа деп.
Жүрегің бұрып тұрса да,
Өзгеге мама-папа деп.

  • дейді ақын «Немереме» атты өлеңінде. Өлең балаларға арналып, бала тілінде жазылғаны көңілге қуаныш ұялатады. Бұл-ақынның тапқырлығы мен жеңісі.
    Балалар әдебиеті кемшін тартып тұрған мына заманда осы тақырыпта қалам тартып жүрген Сабырғали Рысбаевқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
    Жалпы, Сабырғали Рысбаевтың прозалық шығармалары мен поэзия жанрындағы сүбелі еңбектері оқырманды ыстық ықыласқа бөлеп, сүйіспеншілік сәулесіне орайды. Оның шығармаларын оқығанда көңіл көкжиегі кеңейіп, кеудең күмбірлеп, шабыттың ақбоз үйіне кіргендей біртүрлі сезім билеп, дөңгеленген дүние іңкәр баурап, құбылып тұрып алады.
    Ендеше, Сабырғали ақынға қаламыңның қанаты талмай, ақ уыздың мәйегіндей жан жылуын шақыратын шырайлы шығармаларды оқырманға ұсына беріңіз демекпіз.

About DevTeam

Check Also

Эффективная площадка для обмена опыта

«Тt»-информ». В столице прошел VI республиканский форум сельских женщин «Роль сельских женщин в формировании приоритетов …

Добавить комментарий