Әр адамның өмірінде туған жердің алар орны зор. Себебі, ол жерде адам шырылдап дүниеге есігін ашты, алғашқы қадамдарын басты, білім алды, ер жетті, азамат атанды. Халқымыз «Әркімнің туған жері- Мысыр Шаһары» дегендей, оның әр тау-тасы, өзен- көлі мен ну- тоғайы жаныңа ең жақын, ең ыстық.
Расында, сонау ел басына күн туған зар заманда ата-бабаларымыз туған жердің топырағын бір иіскеу үшін сонау айшылық жерден ат арытып келген. Ал енді біреулері, керісінше, туған жерін тастап шет елге кетеді. Осындай кезде «Өз үйім- өлең төсегім» дегенді ұмытпау керек. Қазыбек би: «Алтын ұяң- Отан қымбат, туып өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат», — деп туған жердің қасиетін текке ерекше бағаламаған. Сондықтан әрқайсымыз Отанымызды ардақ тұтып, оның тарихын жете білуіміз керек.
Ер жеткен соң, туған жердің гүлденуі үшін аз болса да үлесімізді қосу – әрбіріміздің парызымыз.
Туған ауылға, туған жерге көмек көрсетіп, игі іс жасау бүгінде қанатын кеңге жайып келеді. Әсіресе, бұрын мектеп бітірген түлектердің 10, 20 жылдық кездесулерінде туған ауылдарына, білім алған мектептеріне материалдық көмек ұсынуы көңілге қуаныш ұялатады. Соңғы жылдары мұндай игілікті іс жақсы үрдіске айналды. Бүгінде мектеп бітіргендеріне даталы жыл толған түлектер тарапынан өз ауылын түлету ісі жаңдана түскен.
Әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген, үй-күйі жоқ азаматтарға қол ұшын созу өзгелерге үлгі боларлық үрдіске айналуда.
Осылайша мектеп бітіргендеріне 20, 30, 40 жыл толғандар даңғазалық пен құр мақтан үшін той-думаннан тыйылып, ауылдың көпірін жөндеп беру, мешітті қалпына келтіру, мектепке компьютер, қажетті құрал- жабдықтар сыйлау сияқты азды-көпті қайырымдылық акциялар өткізуге бет бұрды. Расында да қазіргі таңда түлектер «Жомарт түлек» акциясы аясында қайырымдылық пен жақсылық жасауға ден қойған. Ден қойғаны сол, ауылдан түлеп ұшқан, бүгінде белгілі бір кәсіптің иесі атанып, оң-солын таныған азаматтар туған жерлерін түлетуге бір кісідей атсалысып, елдің жүгін жұмыла көтерісіп жүр. Бұған мысал жетерлік.
Қаратау қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебінен күні бүгінге дейін мыңдаған түлек үлкен өмірге қанат қағып, қазіргі таңда қоғамнан өз орындарын тауып, елге қызмет етіп жүр. Осындай жаны жомарт, жүрегі туған жерім деп соққан барлық түлектерді «Жомарт түлек» акциясына атсалысуға шақырамыз.
Еліміздің түкпір-түкпіріне кеңінен қанат жайған аталмыш акциядан Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебінде білім алып, үлкен өмірге қанат қаққан түлектерде де тыс қалмайды деп сенеміз.
Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебінің ұстаздары.
Қаратау қаласы.