Home / Аймақ / Таланттарды іріктеген фестиваль

Таланттарды іріктеген фестиваль

Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».
Талас өңірі өнерден кенде емес. Талант дарыған талай тұлға туған топырақ арқылы танылды, Таласты танытты. Бұған Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында өткен «Тұғыры биік -Таласым» атты тақырыптағы өнер фестивалі сөзімізге дәлел.
Шын болмысымыз, таза табиғатымыз, төл өнеріміз ауылда сақталған. Оны осы жолғы өнер бәсекесі дәлелдеп берді.
Талас ауданының 95 және Қаратау қаласының 60 жыл­дығына арналған шараға ау­дандағы 15 ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың көр­кемөнерпаздары қатысты.
Шарапаты мол шараның шарты бойынша әр ауылдың өнер шаңырақтары дәстүрлі ән, би, күй, эстрадалық ән және қолөнер шеберлерінің көрмесі бойынша бақ сынауға тиіс-тін.
Өнер дарығандардың тар­тысы шын мәнінде жоғары деңгейде өтті. Мықтылар бәсекесінде үздікті анықтау оңайға қоққан жоқ. Оны әділқазылар алқасына төраға болған Сабырғали Рысбаев марапаттау кезінде айтып берді.
Әсіресе, толық құраммен келген, ансамбльде өнер көрсет­кен Ойық ауылы Ә.Тәжімбетов атындағы мәдениет үйінің ұйымшылдығына көрермендер тәнті болды. Одан бөлек, Тамды ауылдық клубының әртісі Талғат Шағарбаевтың орындауындағы Ақан Серінің «Балқадиша» әніне де тыңдармандар жоғары бағасын берді.
Жалпы, өнер бәсекесіне қатысушылардың барлығы тыңғылықты дайындықпен келген. Мұны фестиваль барысында байқадық.
Фестиваль нәтижесінде бас жүлде Аққұм ауылдық клубына бұйырса, 1-орын С.Шәкіров мәдениет үйі, 2-орын Ойық және Ақкөл мәдениет үйлері лайық деп танылды. Ал, үздік үштікке іліккен Тамды, Бостандық, Майтөбе ауылдық мәдениет үйлеріне де арнайы жүлделер табыс етілді.

  • Бұл жарыс алғашқы рет ұйымдастырылып отыр. Дәс­түрлі түрде өткізу жоспарда бар. Ол алдағы уақыттың еншісінде. Өнер де, талант та ауылдан туады. «Ел іші — өнер кеніші» деген. Қаншама дарындыларды байқадық.
    Жүлде қоры да қомақты, талғамға сай таңдалып алынды. Мысалға бас жүлдеге музыкалық дыбыс күшейткіш және микрафон, 1-орынға музыкалық дыбыс күшейткіш (пульт), буфер сынды мәдениет үйлеріне қажеті бар заттар табыс етілді. Өнер фестиваліне қатысып, көрерменге көңіл сыйлаған барша өнер ұжымына ризашылығымды білдіремін,-дейді Ұлбике ақын атын­дағы мәдениет орталығының директоры Кендия Пірман.

About DevTeam

Check Also

Эффективная площадка для обмена опыта

«Тt»-информ». В столице прошел VI республиканский форум сельских женщин «Роль сельских женщин в формировании приоритетов …

Добавить комментарий