Дүйсен МОЛДАҚҰЛОВ, «TALAS tynysy».
Өткен жылдың соңында мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналаған тұжырымдамасы туралы жарлыққа қол қойғаны белгілі.
Ауыл-қазақтың темірқазығы, алтын бесігі. Сондықтан оның өркендеуі, ондағы тұрғындар тұрмысының, әл-ауқатының артуы қашанда маңызды.
Кеше ауданымызға арнайы жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек осы мәселеге орай ауылдық округ әкімдері, әкімдіктің бөлім басшыларымен жиын өткізді.

- Ауылды дамытудың жоспары бекітілген, — деді жиынды бастаған Қанатбек Қайшыбекұлы,- соған сәйкес ағымдағы жылы атқарылуға тиіс жұмыстар көлемі ауқымды. Бұл әрқайсымызға үлкен жауапкершілік жүктейді. Әр ауылдағы шағын, ірі жобаларға, инвестиция тартуға барынша мән беруіміз керек.
Өткен жылы бюджеттік инвестиция тарту көлемі ауданда артқан. Жобалық –сметалық құжаттары әзірленген жобалар да бар. Ақкөл, Қызыләуіт ауылдарын газдандыру, жолдарды жөндеу мәселесі де оң шешімін табуда. Кальцилендірілген сода шығаратын «Казсода» өнеркәсіп орнының жұмысы да қарқынды жүргізілуде. Оның барысында 1200 адам қосымша жұмыспен қамтылады. Осы зауытта қызмет көрсететін қосалқы бөлімдерді Ақкөл ауылына орналастыру жөнінде кәсіпорын басшыларымен ортақ келісім бар. Мұның ауылдың тыныс-тіршілігіне оң әсерін тигізері сөзсіз, — деген облыс әкімінің орынбасары келесі кезекте Қаратау қаласының іргесінен арнайы индустриялық аймаққа бөлінген жерден «Talas investment company» ЖШС-нің екінші кезеңі соғылатынын, ал мұның тағы да 400 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретінін, сонымен бірге осы аймақта екі бірдей өндіріс орны-жылына 150 мың тонна минералды тыңайтқыш өңдіретін «Asia Chem» ЖШС және жылына 25 мың тонна пиросульфитнатрий шығаратын «Karatau Chemicals» серіктестігінің жұмысы да әңгіме өзегіне айналды. Бұлардың қатарында алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, қосымша 25 жұмыс орнын ашуды көздеп отырған «Каратау ПРО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де бар.
Қаратау қаласының даму әлеуеті жоғары екеніне тоқталған Қ.Мәдібек әр ауылдың өзін-өзі қамтамасыз ету қажеттігіне, мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарда 4-5 үйірмеден жұмыс жасау керектігіне мән берді. - Алдымызда ауылдық жерлерде жобаларды барынша жүзеге асыру міндеті тұр. 35 жасқа дейінгі жастарға 5 млн. теңгеге дейін жеңілдетілген несие беріледі. Ауылшаруашылығы техникасын алуға да көп жеңілдіктер жасалып отыр. сондықтан осы мүмкіндіктерді барынша пайдалануға тиіспіз,-деді Қанатбек Қайшыбекұлы.
Келесі кезекте сөз алған аудан әкімі Нұрбол Жүнісбек осы бағытта өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстар барысына кеңінен тоқталды.
Ауданымызда жалпы өндірілген өнім мен қызметтер, өнеркәсіп, негізгі капиталға салынған инвестиция, ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларына қатысты баяндаған Нұрбол Әбдімәжитұлы: - Жамбыл облысын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес өткен жылы аудан бойынша 9 млрд. 945 млн. 400 мың теңгеге 77 инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде 46 бюджеттік, 8 ауыл шаруашылығы және 23 кәсіпкерлік салада.
Таратып айтар болсақ, 4 млрд. 313 млн. теңгені құрайтын 46 жобаның құрамында білім, тұрғын үй, газдандыру және жол саласы бойынша болса, 848,5 млн. теңгені құрайтын 23 ауыл шаруашылығы бойынша тауарлы-сүт фермасы, мал бордақылау алаңы, құрама жем шығару цехы, балық шаруашылығы және жылыжай шаруашылығын дамыту болып табылады. Ал кәсіпкерлік сала бойынша 94,2 млн. теңгенің 17 жобасы аясында өз кәсібін ашып, дамытамын деген нақты идеялар жүзеге аспақ.
Аудан әкімі бұдан соң «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасының 5 бағыты бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды: - Бұл шара өткен жылы Ойық ауылында бастау алған. Ендігі жерде осынау өміршең жобаны одан әрі дамыту үшін Бостандық және Берікқара ауылдық округтері бойынша төлқұжаттары әзірленді,- деді Нұрбол Әбдімәжитұлы.
Қ.Мәдібек қаралып отырған мәселелерге қатысты бірқатар ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшыларының есептерін тындады.
Бұдан соң Қанатбек Қайшыбекұлы балалар өнер мектебінде шаруа қожалықтарының өкілдерімен кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылады, олардың сауалдарына жауап береді.