Home / Аймақ / Аламан айтыс Қаратауда өтті

Аламан айтыс Қаратауда өтті

Қамысбай Сауқымов, «Talas tynysy».

Қаратау қаласында аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, үш мәрте социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 110 жылдық мерейтойына орай «Дара тұлға, дана тұлға!» атты облыстық ақындар айтысы өтті.

Айтыс басталар алдында облысымыздың әр ауданы мен қалаларынан келген 16 ақын Д.А.Қонаев музейінде болып, ондағы ұлы тұлға туралы естеліктерімен танысты. Музейге келген ақындар алдында Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Көсемәлі Сәттібайұлы Димаш ата туралы естеліктер айтып, аудандық мәслихаттың аппарат жетекшісі Сабырғали Рысбаев арнау оқыды.
Музейден шыққан ақындар Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығына келіп, айтыс шымыл­дығын ашты. Сегіз жұпқа топтасқан ақындардың алғашқы жұбы болып сахнаға шыққан Тұрар Рысқұлов ауданынан келген Айтбек Тұрсынбаев пен тараздық Төле би Тәңірберген сайысы айтыстың тартысты да қызықты өтетінін бірден аңғарты. Ұтқыр сөз, ұтымды оймен бірін – бірі ала алмаған қос ақын айтыс жанрының құдіретін ашып берді деуге болады.
Екінші жұп болып шыққан Талас ауданының ақыны Нұржан Манатбек пен Жамбыл ауданының Айша бибі ауылынан келген Алина Ай­даралының айтысы көрермендерді үлкен әсерге бөлеп, риза еткені анық.
Айтыс бар дегенді естіп ала таңда,
Шыққандай күйде болдым Алатауға.
Алина жұбым болып қуандым ғой,
Бірінші келгендей – ақ марафонда.
Айдай сұлу аруды бұйыртқанға,
Жасау керек Нұржандай бала тәуба.
Аузымның салымы бар екен – ау,
Қыздың өзі келді ғой Қаратауға, — дей келіп:
Жігіт ем бойда намыс, тағылымы бай,
Екпінім Берікқара дауылындай.
Алина қыз ілінді қармағыма,
Ақкөлімнің ақ сазан балығындай.
Сұлулығын сөзіммен суреттейін,
Танытып отырса егер халық ыңғай.
Екі беті Қаратау алмасындай,
Ал жүзі Таусамалдың жарығындай.
Ауызы Бөріқазған үңгіріндей,
Мұрыны Тесіктастың қалыбындай.
Кеудесінде ұқсайтын жер бар екен,
Үшаралдың әңгелек қауынындай.
Бұл ару ауданымнан аумай қапты,
Осындай қыз көргем жоқ әлі мұндай.
Ауданымнан аумайтын қыз болған соң
Жақсы көріп отырмын ауылымдай, — деп тұқыртқан Нұржанға Алина қыз да лезде шұрайлы сөзбен ұтымды жауап қайтара білді:
Тау сынды басы бұлтқа тиіп тұрған,
Дінмұхамед Қонаев – биік тұлғам
Аулыңа келіп қалдық айтысуға,
Суатқа құлағандай киік қырдан.
Жұртымнан айналайын зал ішінде
Қатық қатқан сүттей боп ұйып тұрған, — деп сызылта жырлай отырып, Нұржанның қағытпа әзіліне мағыналы да мәнді жауап қайтарды:
Күмбірлеген қоңырау көмейсің бе?
Көңілдерді шатыққа бөлейсің бе?
Қауыннан басқа жеміс жемейсің бе?
Тау – тастан басқа затқа өгейсің бе?
Жарқанат пен өрмекші мекендеген
Қыздың аузын ұңгірге теңейсің бе?
Нарша ақын айтқандай, қызыл ернің
Қызғалдақтың қауызы демейсің бе? – деп Нұржанның қыспағынан оңай шығып кетті.
Осылай екі ақын қыз бен жігіт айтысын заман талабына сай түрлендіре жырлап, тыңдармандарының ыстық ықыласына бөленді.
Жерлес ақын Аят Бәтей мен Жамбыл ауданынан келген ақын қыз Шапағат Сәбитқызының айтысы да қыз бен жігіт айтысының озық үлгісі болды деп айта аламыз. Шешендік сөздермен қалжындаса отырып сөз саптауы екі ақынның да болашағы жарқын екенін көрсетті.
Басқа жұптағы ақындар да импровизаторлық таланттарымен көпшілік құрметіне бөленді.
Осы жерде облыстық, республикалық және халықаралық айтыстардың жеңімпаздары Жамбыл ауданынан келген Айтмұхамбет Исақов пен байзақтық Алтынкүл Қасымбекованың айтысы да айтыс өнерінің биік шоқтығы болды деуге болады.
Айтмұхамбет:
Алтынкүл, ашсаң – дағы майдан маған,
Мен сендей ескі көзді қайдан табам.
Алтыннан да бағаңды артық көріп,
Айтағаң ем бетіңді қайтармаған.
Отыз бес жыл өзіңмен айтыссам да,
Бір сырым бар әлі де айта алмаған.
Он бесіңде ол кезде он бұралып,
Балапан қаздай едің байпаңдаған.
20-да студенттік өмір көрдің,
Жаныңа жігіт келсе, жайтаңдаған.
30-ыңда отырған қыз атанып,
Тұрмысқа шықтың қыз боп бай таңдаған.
40-қа келіп сосын қылық аштың,
Қырың мен сырыңды ашып байқалмаған.
50-де есік – төрдей апа болдың,
Айқайлап айтқанынан қайта алмаған, — деп түйіреп өткенде, Алтынкүл де іле – шала:
Мойнымды сізге бұрайын,
Қарсылас боп ең талай жыл.
Алтынкүлге арнап ең
Талай жылда талай жыр.
Үзіліп бүгін отырсың,
Түсінбедім қалай бұл?
Жас ақындар жан – жақтан
Төгіп тұрған арай нұр.
Шапағат қыз бұрымшақ,
Алина қыз құлыншақ.
Басқасының бәрі айғыр,
Сонша айғырдың ішінен
Бұйырыпты – ау кәрі айғыр, —
деп өзінің осал ақын емес екенін танытқанда, көрермендер ду қол шапалақтап, риза болысты.
Дүбірлі өткен бұл айтыста әділ қазылар алқасының шешімімен таластық Нұржан Манатбек бас жүлдеге лайық деп танылып, жүлдені аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков табыс етті. Жамбыл ауданының ақыны Шапағат Сәбитқызы 1- орынды қанжығасына байлады. Бас жүлде иегеріне 700 мың теңгенің, ал 1- орын иесіне 500 мың теңгенің сертификаты тапсырылды.
Сондай – ақ Жамбыл ауданынан келген Нұрлыбек Құрманов, байзақтық Рай Дөңбай және Т.Рысқұлов ауданынан келген Айтбек Тұрсынбаев 2- орыннан көрініп, 350 мың теңгенің сертификаттарын алса, таластық ақын Есет Досалы, Айша бибі ауылынан келген Алина Айдаралы, жамбылдық Айтмұханбет Исақов және байзақтық Алтынкүл Қасымбекова 3 – орынға табан тіреп, 200 мың теңгенің сертификаттарын иеленді.
Қалған ақындарға «Ұлбике ақын» және «Нарша ақын» атындағы арнайы жүлделер мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

About DevTeam

Check Also

Сұлулар сынға түсті

Қаладағы Балалар өнер мектебінде «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйытқы болуымен «Үкілі ару» сұлулық байқауы өтті. …

Добавить комментарий