Home / Аймақ / Ауылдың мақтанышы- ұстаздар

Ауылдың мақтанышы- ұстаздар

Өмірімнің соңғы жылдары Алла тағала көп ойлануға мүмкіндік берді. Жас болса біразға келді, біз көбінесе қасымызда жақсы адамдар жүргенін күйбең тірлікпен жүріп байқамаймыз. Бүкіл саналы өмірім осы бір кішкентай, табиғатты көркем, қаймағы бұзылмаған, ауасы таза жер жәннәтіндей Қарой ауылында өтті.
Жетпісінші жылдары ауылда қасиетті де қадірлі ақсақалдарымыз бен ақ кимешек киген әжелеріміздің көздері түгел еді ғой шіркін.
Ия, адамгершілікті, адалдықты жоғары қоятын, сөзге тоқтайтын, ақыл-парасаты мол ағайынның арасында сыйласып сіз-біз деп араласып өттік.
Ол уақытта ауылда ағайын — туған ауыз­біршілігі мықты еді, барлық жиын — тойда бастары бірігіп ақылдасып, атсалысушы еді. Ауылда көкпар, күрес, сабантой, қымызбайлау сияқты қазақтың дәстүрлері жиі болатын. Бүкіл ауыл адамдары жиналып, барларын ортаға салып, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетіліп мәз — мейрам болып жататынбыз.
Қиындығы мен қызығы мол ұстаздық еткен жылдары қаншама жақсы адамдармен ұжымдас болдым, үйрендім, үйреттім.
Ол кезде ұстаз бен оқушы арасында тығыз байланыс болатын, ол кездің ата-аналары ба­ланы мектепке сеніп, ұстаздарға тапсыратын. Яғни сүйегі менікі, еті сенікі дейтін заман еді, адалдық пен ар-ождан бірінші орында болатын.
Қазір сол мектептің түлектері еліміздің түкпір түкпірінде әртүрлі қызмет атқаруда, шәкірттерімнің алды зейнетке шығып бейнетін көріп, немерелерін бағып отыр.
Сол «Бірлестік» орта мектебінде Күләйхан, Қоңырша, Нұрпатша секілді ұстаздармен танысып, бірге ауылымыздың балаларына кішкентай ғана білім ордасында білім бердік, тәжірбие алмастық, сырластық, сыйластық. Сыйластығымыз мызғымас достыққа ай­налды. Өздерінің еңбекқорлығымен, табан­ды­лығымен, кеңпейілділігімен және адам­гершіліктерімен ауылдың бармақтай мектебін білім ордасына айналдырып, қаншама шәкіртке білім мен сана ұялатып, қанаттарын қатайтып, үлкен жолға аттандырды.
Қоңырша мен Нұрпатша ұлағатты ұстаз ғана емес, ауылдың үлгі тұтар келіндері, қазіргі кезде зейнетке шығып, үйлерінің берекесін келтіріп отырған апалар.
Қазіргі жас буынға үлгі боларлықтай ұстаздар.
Ауылдың мақтанышы десем де жарасады. Қуанышта, қайғыда қай кезде болсын қасымнан табылатын, қолдарынан келген көмекті аямайтын, жылы сөздерін айтатын ұжымдастарым — Қоңырша мен Нұрпатшаға алғысым шексіз. Денсаулықтары зор болсын, қартаймасын.
Осындай жаны жайсаң жақсы адамдармен тағдырымның тоғысқанына шексіз ризамын.
Бұрынғы орыс тілі пәні мұғалімі, қазіргі зейнеткер Жаңылсын Нұрғалиева.
Қараой ауылы.

About DevTeam

Check Also

Сұлулар сынға түсті

Қаладағы Балалар өнер мектебінде «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйытқы болуымен «Үкілі ару» сұлулық байқауы өтті. …

Добавить комментарий