Home / Әдебиет және мәдениет / Мойынқұмда Иманжүсіп тұрғанын білесіз бе?

Мойынқұмда Иманжүсіп тұрғанын білесіз бе?

1863-1931 жылдары өмір сүрген халық композиторы, әнші, дарынды суырып-салма ақын, сөз шешені, жырау, балуан ретінде есімі елге етене танылған, (атасы Тұрғанбай датқа (1804 – 1850) Түркістан қаласы маңындағы Шілік өңірінің биі, (әкесі Құтпан Кенесары Қасымов көтерілісіне қатысқан) Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Мәди әндерін тамылжыта шырқаған Иманжүсіп Құтпанұлы Кереку өңірінде дүниеге келіп, Ерейментау, Сыр, Жетісу аймақтарын мекен етіп, Әулиеатада дүние салған бірегей тұлға екенін жақсы білгенімізбен, оның өмірінің соңғы екі жылы Мойынқұм ауданы, Құмөзек ауылында өткенін бүгінде бірі білсе, көбі біле бермейді.
Бұл ақпардың анық-қанығына жақында ғана көз жеткіздік. Ауданымызға елордамыз Астана қаласынан арнайы ат басын бұрған Иманжүсіптің тағдыр-тарихын зерттеуші, философия ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, Иманжүсіптің немересі Раушан Иманжүсіп келіп, аудан әкімі Әлихан Балқыбековтың арнайы қабылдауында болды. Өмірінің соңғы екі жылын ауданымызда өткізген атақты атасы жайлы тарихтан сыр шертіп, аудан басшысымен бірге тағылымы мол әңгіме өрбітті.
Мұнан соң ауданымыздың өткен күндерінің тарихи белгілері біз үшін аса маңызды екенін алға тартып, Иманжүсіп өмірінің соңғы иірімдеріне саяхат жасап, нақтылап, зерделеу үшін аудандық Коворкинг орталығында Иманжүсіппен бірге жүріп, сырлас болған құмөзектік, марқұм Мұқатай атаның баласы Аманбай Мұқатаев және Иманжүсіп немересі Раушан апаймен сырлы сұхбат жүргізген едік.
-Аманбай аға, алғашқы сұрақты өзіңізден бастасақ, жас кезінен-ақ жырға, шешендік сөзге құмар болып, сал, серілер дәстүрін ұс­танып, саятшылық құрып, балуан атанған Иманжүсіп Құтпанұлы жайлы әкеңізден естіген естелік есті әңгімелеріңізді еске түсірсек?

  • Әкем отбасында көп ағайынды болған. Ұлы Отан соғысына бір әулеттен 14 адам кетіп, жалғыз оралған екен. Әкемнің айтуынша кезінде Иманжүсіп келіп, Құмөзек ауылынан 10 шақырым Ақарал деген жерде 2 жыл жылқы бағыпты. 1930-1931 жылдардың көктемінде әкем малын шығарысып жібергеннен кейін Иманжүсіптің өзі біздің құмда қызыл әскерлерге ұсталды деген хабар келіпті. Әкем маған Иманжүсіптің қыстағын көрсетті. «Иманжүсіп – ол адамзаттың сұңқары едіғой,ол кісіден тұқым қалмады, түгелдей қырып салды, ендігі аты шығатын еді»,-деп жиі айтып отыратын. Совет Үкіметі кезінде газет-журналдарға шығармас бұрын, ол кісінің атын атаудың өзі қорқынышты болған. Ол кісінің аманатын ұрпағына жеткізу мақсатында бұрынғы «Коммунизм таңы» газетіне (қазіргі аудандық «Мойынқұм таңы» газеті) Иманжүсіп туралы мақала жазайын деп, әкем сол кездегі газеттің бас редакторы Серік Әлімбетовке ақпараттар берген екен. Бірақ газет бетіне мақала шықпады. Өйткені, бұл 1960 жылдары ол кісінің әлі ақталмаған кезі болатын. Кейін әкем бұл аманатқа қиянат жасамауды маған тапсырды. Мен Тараздағы Ш.Уалиханов атындағы кітапханадан Зейтін Ақышевтің «Шынардың шыбығы» деген кітабын іздеп, сол жердегі қыздардан сұрағанымда «Сізге ол кітап не үшін керек?»-деді. Мен Иманжүсіп туралы ақпарат аламын дедім. Ол қыз «Жаңа ғана конференцияға Иманжүсіптің немересі қатысты, міне мекен-жайы»- деп қолыма қағаз ұстатты. Содан Раушанға (Иманжүсіптің немересі) хабарластым. Кейін Астанада жолықтық. Иманжүсіп атамыздың 150 жылдық мерейтойына Повладар облысына ауданымыздан сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Есеев пен Әбдікерім Тойшыбеков те барып қайтты. Ал Раушан атасының соңғы өмірінің екі жылы Мойынқұмда өткені жөніндегі жаңалықтан бейхабар екенін айтты. Сонда Раушанға «Менде атаңыздың тұтынған заттары бар. Маған көптеген адамдар оны «бізге өткізіңіз» дегенде, уақыты келгенде шығаратынымыды айттым. Кейін «Айтуға оңай» бағдарламасына марқұм Бейсен Құранбекке барып, сол жерде Иманжүсіптің өзі тұтынған атжабу, жүгенін немересі Раушанға табыс еттім. Бүгінде жүгеннің ауыздығын алып қойыпты, бірақ қандай атқа салса да үлкен өрілген жүген болатын. Сондай-ақ Иманжүсіптің әкеме берген аузынан оқталатын мылтығы да бар болатын. Әкем оны білтелі мылтық деп атайтын. Оны кейін жоғалтып алдық.
  • Әкеңіз Иманжүсіп жайлы тағы қандай аманат қалдырды. Иманжүсіптің Мойынқұмға не үшін келгені, қандай кісі болғаны жөнінде айтып па еді?
  • Иманжүсіптің Мойынқұмға не үшін келгені жұмбақ күйінде қалды. Әкем ол кісіні бойы сұңғақ, денелі болғанын, яғни отырған кезінде киіз үйдегі керегенің көгімен бірдей болатынын, егер тұрып шаңыраққа қолын созса, еркін жететінін, ал саусақтары жас баланың білегіндей болатынын айтып отырушы еді. Әкемде үлкен, сом денелі кісі болған. 1930 жылдары Жалайыр, Уақ, Жаңабай елі болып араласқан біз отырған ауылда бай-бағландар көп болыпты. Сол Кенжебек деген бай ұрпақтарының бірі бүгінде Жамбыл ауылында тұрады. Алмас деген баласы мектепте жұмыс жасайды. Біздің бір атамызға қызын беріп, той жасап, сол тойда тана-көкпар беріліпті. Алмастың айтуынша екі адам көтере (Тана көкпарды айтып отыр) алмаған көкпарды Иманжүсіп атамыз қаршығасын әкеме беріп, шекпенін жеңіл жіберіп, беліне іліп алып, «Заманында осылай еді ғой» деп додаға тастап жіберіпті. Міне, «Тана тартқан» деген сөз осындайдан қалса керек.
  • Иманжүсіп атамыз қызыл әскерлерге ұсталғаннан кейін, сіздердің ауылға қысым көрсетіліп, ауыл тұрғындарына зияны тиген жоқ па?
  • Әкем артық айтпайтын, болған іске болаттай берік адам еді. Ол кісінің айтуынша Иманжүсіптің ұстанымы мықты, 200 жылқысы бар бақуатты адам болса да, дүниеге, атақ-байлыққа еш қызықпаған. Сол құмға жылқы айдап бара жатқан жерінен қызылдар қолға түсіріп әкетті дейді әкем. Жаңағы ГПУ-лер Иманжүсіпті Әулиеата түрмесінде ату жазасына кескен. Сонда ол кісінің кереметтігі, (қызыл әкерлер жауап алғанда) біздің ауылдағы өзіне қамқорлық көрсеткен бір адамның атын атамаған ғой. Әкем: «Егер Иманжүсіп біздің ауыл туралы бір ауыз сөз айтқанда біраз адамды қырып салар еді» деп айтып отыратын. Әкемнің өзі бізге «дүниеге қызықпа, кісінің ақысын жеме» деп әр ақылын мысалдармен тұздықтап отырушы еді. Әке ақылының бір мысалы ойыма оралып отыр. Бірде Қожа Ахмет Яссауидің Қарабура деген шырақшысы болыпты. Қарабура шын есімі емес, кей аңыздарда шын есімін Бұрханназар деп көрсетеді. Ол сол бурасымен отын тасып, күнделікті ауқатын ажыратады екен. Бір күні отын сатып, кішкене жаңқасымен тісін шұқыпты. Содан қос көзі көруден қалып, ол Қожа Ахметке барып, «Мен қай жерден қате жібердім?»- дегенде: «Сенің қателігің, отынды сатып, ақшасын алдың, бірақ кішкене жаңқасымен тісінді шұқыдың, ол ана кісінің меншігі еді, қателік-осында»- депті. Әкем жарықтық, осындай мән-мағынасы зор есті әңгімелерді жиі айтып, бізді барынша ешкімнің ала жібін аттамауға үйпетіп кетті.
  • Раушан әпке, ауданымызға қош келдіңіз. Аманбай ағаның әңгімесіне алып-қосарыңыз бар шығар?
  • Әрине бар. Мұқатай ата өмір бойы Иманжүсіпті есіне түсіріп, оның қымбат жәдігерлері мен естеліктерін баласына аманат етіп қалдырғаны біз үшін керемет жаңалық болды. Аманбай ағаның балалары, әкеміз Иманжүсіп жайлы айтып беріп қана қоймай, осыны кейін Иманжүсіптің ұрпақтарына жеткізесіңдер деп айтқандарын қағазға жаздыртып қоятынын айтады. Міне, бүгін соның жарқын куәсі болып отырмыз. 2013 жылы атамның 150 жылдық мерейтойын бүкіл Қазақстан тойлады. Таразда үлкен конференция өтіп, үлкен ас берілді. Мұны Аманбай аға білмей қалып, кейін маған хабарласып, әкесі қалдырған аманатқа қиянат жасағысы келмейтінін айтты. Содан бірінші кездесуіміз Алматы қаласында «Айтуға оңай» бағдарламасында болды. Кейін екінші рет Нұр-Сұлтан қаласында кездестік. Қазіргі таңда атамыздың 50 жылдан аса уақыт тұрған ауылы, бұрынғы Қарасу ауылы, (орыстар Александровка деген) қазіргі атауы Жібек жолы деп аталатын ауыл­да атамыздың атымен аталатын мектеп­те Иманжүсіп мұражайын ашудамыз. Онда «Иманжүсіптің Мойынқұмдағы өмірі» деген тақырыпта арнайы бөлек экспозициямыз да қамтылмақ. Бұған дейін әкесінің жерленген жері беймәлім болған әкеме 1992 жылы «Халық жауы деп танылып, ату жазасына кесілген Иманжүсіптің денесі Тараз қаласында жерленген» деген хат келеді. Содан әкем, «Қызым саған жалғыз аманатым бар. Әкемнің жатқан жеріне бір уыс топырақ сала алмай өмірден өтіп барамын. Өзегімді өртеп бара жатқан өкінішім осы» деді. Содан әке аманатын арқалап 1992 жылдан бері Иманжүсіптің бүкіл өмірін зерттеумен келемін. 1990 жылдардың басында Иманжүсіптің көзін көрген 20 шақты адам болса, сол кісілердің әңгімелерін жинап, олардың айтқандарын жазып алып, деректі фильмдер түсіріп, кітаптар жаздым. Қазіргі таңда 30 шақты кітабым бар. Бірақ бір әттегенайы, Иманжүсіп өмірінің Мойынқұм жеріндегі соңғы екі жылы аз зерттелген ақтаңдақ еді. Мойынқұмнан ешкімді танымаймыз. Ал мен секілді әке аманатын арқалаған адамға Аманбай ағаның кездесуі, шынында ғалымдар жаңалық ашқандай үлкен олжа болды. Енді Мойынқұмда Иманжүсіп жүрген жерлердің бәрін аралап, аттарын жазып, керекті қызықты мәліметтермен Аманбай аға түгел бөлісіп, Иманжүсіп өмір-тарихы кітабының соңғы парақтарын толықытырды.
  • Иманжүсіп Құтпанұлы Мойын­құмға келгенде ат басын неге Құм­өзек ауылына тіреді деп ойлайсыз?
  • Атам Мойынқұмға келгенде 200 сәйгүлік, біршама түйе, басқа да малдары болған деседі. Шын мәнісінде, Құмөзек ауылының рөлі ерекше. Неге? Себебі, Иманжүсып 1928 жылы Қызылордада 15 жыл тұрып, Совет Үкіметінің қысымы күшейген соң Мойынқұм өңіріндегі осы Құмөзек ауылына келген. Неге келгені, мұнда ағайын-туыстары болды ма, ол жағы беймәлім. Мүмкін Көктің көл қасында тұрғанынан кейін бе? Бұл туралы Иманжүсіп өз өлеңінде:«…Абылай аспас Арқаның сары-ай белі, Қуандық пен Сүйіндік жайлайды елі. Қырық мың жылқы су ішсе, лайланбас, Нияздың Аюлы мен Көктің көлі…»деген. Танымайтын жерге құрдан босқа келмейді ғой. Осы Мұқатай ағаны жақсы таныған болуы керек. Иманжүсіптің мұнда тағы бір келу себебі, Сарысу арқылы шет елге өтіп кетпекші болған. Кейін қызылдар пулеметпен жол-жолдарды түгел жапқан соң 2 жылдай уақыт осы өңірде тұрақтаған болуы керек деген де мысалдар бар. Содан шет елге ақыры өте алмайтынын білген Иманжүсіп, малының бәрін ауыл тұрғындарына үлестіріп, өзі қолына қару алып, қызылдарға қарсы шығады. Мойынқұмда бірнеше шайқасқа қа­тысқан Иманжүсіп, 1930 жылы 20 жел­тоқсанда қызыл әскерлердің қолына түсіп, 1931 жылдың қазан айының 2- жұлдызында атылып кетеді. Осыдан кейін жабулы қазан жабулы күйінде қалған ғой.
  • Иманжүсіп ұсталған соң, іздесе жеті қат жер астындағыны табатын қызыл әскерлер атаңыздың бай­лығын іздеп, Құмөзек ауылына барғаны сөзсіз. Бәленбай бас малды, атаңыз жайлы деректерді құмөзек­тіктер қалай жасырып қалды екен?
  • Иманжүсіптің малының бәрін құмөзектіктер сойып, әр үйге бөліп, көміп қойған. Тінтушілер ауылдан ешқандай мал, дәйек таба алмай кеткен. Сонда да бірақ өздерімен бірнеше жігітті алып кеткен, оның ішінде Мұқатай аға да болған. Олар «ештеңе білмейміз, Иманжүсіпті де ешқандай малды да көрген жоқпыз» деп, тергеуден 3 айда әрең құтылып, еліне оралыпты. Иманжүсіптің Мойынқұмға келуі ашаршылықпен тығыз байланысты болғандықтан, қызыл әскерлер атамды құмды жерден тірі қалмайды деп те ойлаған болуы керек.
  • Ауыл тұрғындарының қы­зыл әскерлерге атаңыз жайлы ешбір дерек бермеуінің себебі, Иманжү­сіптің құмөзектіктерге жаса­ған жақ­сы­лығының мол болуынан болар? Атаңыздың артында ұрпақ­тары қалды ма?
  • Солай деп ойлаймын. Орыстар ауылға келгенде, мұндағы жұрт олардан қашып (тіл білмегендіктен) жүрген деседі. Ал орыстар болса, ауыл тұрғындарын сексеуіл жинауға жұмысқа шақырған. Мұны естіген Иманжүсіп ауыл тұрғындарын жинап, Қосқұдық деп аталатын жерге барып, «Возшик саксаула» деген атпен ауыл жігіттерін жұмысқа орналастырған. Иманжүсіп келген жылдары Құмөзек ауылының жағдайы жақсара түскен. Атам ұсталған соң, Бөріқазған деген жерде 3 қыз, 1 ұлы қалған. Ұлы Нұрхан 10 жаста, қыздары 4, 6, 8, жаста болған. Құмөзектің ақсақалдары баласына Иманжүсіптің түйелерін беріп, томар жинап қарындастарыңа қарайлас депті. Сондай-ақ Иманжүсіптің Дәулетхан, Сейітхан есімді ер жеткен балалары да болады. Олар әкелері ұсталған соң артынан еріп барады. Қызылдар оларды да қамап, бірін жасы жетпегендіктен босата салса, екіншісін әкесінің қасына қамап қояды. Кейін үш айдан соң екі ұлы қашып шығып, тіршілік жасап томар тасып, күнелтіп жүрген бауырларына келеді. Содан ағалары жинаған ақшаларын алып, түйелерін сатып, Ташкентке өтіп кетеді. Ал Нұрханды Наманган балалар үйіне өткізіп, фамилиясын Юсупов деп өзгертеді. Осы жерден әкең келіп алып кетеді, ешқайда кетпе дейді. Ал қарындастары ашаршылыққа және жолға шыдамай қайтыс болады. Содан балалар үйін бітірген әкем, оқуға түсіп, ауылшаруашылық саласында жұмыс істейді. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, 1946 жылы елге оралады. Осы жылдан бастап әкем туыстарын іздеп, біразымен қауышты. Біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік қаһармандары» деген атаумен үлкен жоба жасадық. Онда Иманжүсіптің тарихтағы орны және Мойынқұм өңірінің рөлі осының бәрі осы жобада айтылатын болады.
  • Аманбай аға, Иманжүсіптің Мойынқұмға келуінің себебі жайында сіз не дейсіз?
  • Иманжүсіп Құмөзек ауылына неге келді? Әкемнің айтуынша біз Жаңарқа ауданынан сол шапқыншылық кездері Қостанайдан бері нағашыларға келіппіз. Яғни Көктің көлі деген жерден жер берген. Қазір сол жерде кішкене күмбез бар, ол жерде үлкен атамыз жатыр. Сол кездері қатты араласқан болуы керек. Өкініштісі, әкем 2000 жылдары өмірден озды. Біз ол кездері коммунистік идеологияда тәрбиелендік, орыс мектебінде оқып, үлкен оқу орындары да орыс тілінде болды. Содан болу керек, әкемізден көп нәрсені сұрай алмай қалдық және әңгімелеріне көп қызығушылық та танытпадық.
  • Раушан ана, атақты Иманжүсіптің киелі Мойынқұм өңірінде тұрғаны, біз үшін әрине мақтаныш. Астанамызға арнайы келіп отырсыз. Келудегі ойыңыздың негізін айтып өтсеңіз?
  • Астанада Иманжүсіп атындағы мектепте мұражай бар. Сол мұражайға Иманжүсіптің Мойынқұм өңірінде өткен күндерінің әңігімелері, тарихи жәдігерлері, Мойынқұм ауданының, Құмөзектің тарихы туралы қызықты ақпараттар және Мұқатай атаның естеліктері бәрі қойылатын болады. Сондай-ақ кішкентай ауылдан сондай батыр жандардың тұрғанын жас ұрпаққа жеткізсек деген оймен келдім. Одан кейін жоғарыда аталған Ақарал, Бөріқазған, Құмөзек жерлеріне Иманжүсіп атамыздың бір белгісі қойылса деген ұсынысымды айтуға келдім.
    Айта кету керек, осы сапарымда Бөріқазған деген жерде ескі құдықтан Иманжүсіптің тас диірменінің кішкене бөлігі табылғанын Аманбай ағадан естідім. Иманжүсіп атамыз қай жерге барса да диірмен қоятын істің адамы болған ғой. Осындай тың деректердің бәрін бізге жеткізіп, әке аманатын орындап жүрген Аманбай ағаның еңбегі шынында зор деп ойлаймын. Сол үшін Аманбай ағаға айтар алғысым шексіз.
  • Әңгімелеріңізге көп рахмет.

Уалихан ЖАЙЛАУ,
журналист.

About DevTeam

Check Also

Детство Мухтара

(история одной картины) Мухтар Ауэзов вырос на стихах Абая, впитал в себя многокрасочность его поэзии. …

Добавить комментарий