Home / Аймақ / Тілін білсең, жылыжай табыс көзі

Тілін білсең, жылыжай табыс көзі

Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».
Бөлтірік шешен-аудан орталығынан ең шалғай орналасқан ауыл. Жол ұзақ, қоныс қашық демесеңіз, жергілікті тұрғындардың тұрмысы ешбір елді мекеннен кем емес. Алға салған малы, айналдырған шағын шаруасы шалғайдағы ауыл азаматтарын қатардан қалдырып отырған жоқ.

Тәуекел етіп тірлікке ниет танытсаң болғаны. Қалың орта іздеп, қала кезіп қоныс аудармай-ақ, тұрғылықты жерден табысыңды айырып, іс жасауға болады. Тек ебін тап. Кәсіп қайда да кәсіп. Мұны Бөлтірік шешен ауылының тұрғыны, кәсіпкер Мұрат Ордабаев ісімен дәлелдеп отыр. Ол атаға қоныс болған ауылдан көшпек емес. Керісінше, бота тірсек балалығы өткен топырақтың түрленуіне тамшыдай болса да үлес қоспақ ниетте.
Мұрат Ордабаев осы ауылдан жылыжай соғып, онда күнделікті тұтынатын көкөністерді жергілікті тұрғындарға ұсынбақ. Қазір 5 сотық жерге жылыжайды орналастырып үлгерген. 9 млн. теңгеге жуық қаражатты қалтасынан шығарып, істі бастап кетті.
Жылыжайға аскөк (укроп, кинза, көк пияз), шалқан (редиска), қияр отырғызған. Енді міне еккен өнім жеміс беруге жақын.
-Жылыжайдың көлемі 50х10 метр. Әзірге істің бастамасы ретінде ерте өнім беретін көкөністердің көшетін қолға алдым. Көшеттің өзін осында дайындадым. Аскөк -15, шалқан -20-25 күнде, ал қиярды сабағынан үзу мерзімі бір жарым айға жуықтайды. Екі-үш күнде өнім жинаймын. Қазірдің өзінде ауылдағы ағайынға таратып та жатырмын. Алдағы ақпан айынан қызанақты да қоса отырғызбақпын. Қажетті тыңайтқыштар мен топырақты жақын маңнан алдым. Жергілікті тұрғындар «Домалақ баз» атап кеткен, бұрынырақта мал ұсталған жердің қиын пайдаландым. Нәтижесі жақсы,-дейді Мұраттың өзі.
Істің көзін тапқан шаруаның алдағы жоспары да ауқымды. Алдымен осы шағын жылыжайды кеңейтіп, өнім көлемін арттыру. Сонымен қатар, ауылдағы жастарды жұмыспен қамтып, оларға кәсіптің қыр-сырын үйрету.
Бұдан бөлек, Мұрат қазақтың ақбас сиырын өсірумен айналысады. Асыл тұқымды ірі қараны бағуда талай жылдан жинаған мол тәжірибесі және бар. Оның айтуынша, «Қали» шаруа қожалығы 1996 жылы жұмысын бастаған. Табанды еңбектің нәтижесінде қолдағы санаулы малдың қатары артып, іс алға басқан. Ал, жылыжай көтеріп, көкөніс егу-беріде тәжірибелі мамандардың кеңесі мен пікірінен туған жоспар.
Өзге аймақтармен салыстырғанда Таласта жылыжай жұмысының кенжелеп қалғанын мойындауымыз керек. Бұл бағытта іс жасаймыз деген азаматтарға қолдау да бар. Бірақ, ден қойып, білек түргендер байқалмайды. Мәселен, аудан көлемінде 7 жылыжай ғана жұмыс жасайды. Бұл бүтіндей бір аудан үшін төмен көрсеткіш.
Ендігі ретте Мұрат сынды іс бастағандардың қатары артса, өзге өңірден келетін көкөністердің бағасы да тұрақталар еді. Ал, құны көңілге қонымды жергілікті өнімдердің сұраныссыз қалмайтыны белгілі.
Айтпақшы, дәл осы ауылдан алдағы уақытта тағы бір жылыжай жұмысын бастамақ. Қазір оның инженерлік жұмыстары аяқталған көрінеді. Мұны Кеңес ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Тәттібай айтып отыр.

About DevTeam

Check Also

В городе открылся домашний семейный кинотеатр

Мадина Тапаева, «TALAS tynysy». Поход в кинотеатр излюбленное времяпровождение многих людей, вне зависимости от их …

Добавить комментарий