Home / Аймақ / Берген әсері бөлек байқау

Берген әсері бөлек байқау

Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».

Ақкөл ауылындағы №6 Талас аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының жұмыс жасап жатқанына жылға жуық уақыт болды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілген мекемеде басқа түскен қиындыққа көнген, тағдырдың түрлі сынағын көтерген 200 жан қызмет алады. Олар оқшауланып тірлік кешіп жатса да, алдағы күннен үмітін үзген емес. Мұндағы әрбір жан айналасынан жылылық күтеді, мейірім іздейді. Еліміздің әр түпкірінен келіп, жолдары осы орталықта түйіскен тағдырларға қуаныш сыйлау, көңілін сергіту, қоғамның бір мүшесі екенін сезіндіру қызметшілерге артылған міндет. Мекемедегі 170 қызметкер жүктелген жауапкершіліктің салмағын жақсы түсінеді.
Орталықтың директоры Гүлнар Бектасова да еңбек жолын медицина саласына арнаған жан. Басшылық біліктілігі, жұмыс тәжірибесі, ұйымдастырушылық қабілеті де жеткілікті. Содан болар, ашылғанына жыл толмаса да, қызметкер мен қызмет алушының арасында байланыс, өзара түсіністік орнаған. Жасыратыны жоқ, көп жылдан жұмыс жасап, қалыптасқан мекемеге бас сұққандай әсер береді.

Бұған арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында ұйымдастырылған «Алтын күз» байқауында көз жеткіздік. Шараға орталықтағы төрт бөлімнен 4 қызмет алушы іріктеп алыныпты. Әр үміткердің жанына мекеме қызметкері серік. Байқау кезеңіндегі тапсырманы орындау қызмет алушыға жүктелген.
«Алтын күз» өзін таныстыру, қолөнер, өнер, сән үлгісі және аспаздық шеберлік сынды кезеңдерді қамтыды. Бұл көз үйренген, көп мекемеде ұйымдастырылып жүрген дәстүрлі шараға ұқсас болғанымен, орталықтағы қызмет алушылар арасындағы сайыстың берген әсері бөлек. Өйткені, әр қатысушының танымы басқа, қабылдауы әр қилы. Әділқазылар алқасы да осы жайға ерекше мән берді. Байқауға облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мүгедектер мен ардагерлермен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Нұрбол Досалиев, Ақкөл ауылдық округінің әкімі Жандос Ратов, Ақкөл ауылдық округі аппараты бөлімше басшысының міндетін атқарушы Клара Жанәбілова, Ақкөл ауылы мәдениет үйінің меңгерушісі Талап Байжиенов, «Евразиялық банктің» және «НұрБанктің» облыстық филиалының қызметкерлері Нұрхат Болат, Жанна Алдашова қазылық етті.


Өнер көрсеткен төрт жұптың («Мейірімді күз», «Сұлу күз», «Күзгі бақ», «Күз сыйы») тыңғылықты дайындығы, ізденісі, тіпті ішкі толқуы байқау барасында анық байқалды. Мәселен қөлөнер кезеңінде үміткерлердің қолынан шыққан дүниелер талғампаз, төселген шеберлерден кем шыққан жоқ. Ал, өнер бәсекесінде қатысушылар жанды дауысты ән шырқап, өзгеше әсер сыйлады. Қызмет алушылардың әрбір әрекетіне көпшілік қолдау танытып отырды.
Сайыста бақ сынаған үміткерлер арасынан күз ханзадасы мен ханшайымын анықтау да оңайға соққан жоқ. Өйткені қатысушылар байқаудың бір кезеңінде ұпай жағынан кем түссе, келесі бөлімде белсенділігімен тәнті етіп басым дауысқа ие болып жатты.
Шара қорытындысы бойынша бас жүлдені «Күз сыйы» жұбы жеңіп алса, 1-орынды «Сұлу күз» тобы иеленді. Ал 2 және 3 орындарды «Күзгі бақ» пен «Мейірімді күз» бөлімдері өзара бөлісті.
Одан бөлек, үміткерлер сайыс кезеңдеріне сәйкес үздік аталымдар табыс етілді. Қызмет алушы­лар арасынан күз ханшайы­мына Әлия Ерсейітова, ал күз ханзадасына Ахат Бурбеков лайық деп танылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерге №6 Талас аудандық арнаулы қызметтер ұсыну орталығы және «Евразиялық банк» пен «Нұрбанк» тарапынан арнайы сыйлықтар табыс етілді.

About DevTeam

Check Also

В городе открылся домашний семейный кинотеатр

Мадина Тапаева, «TALAS tynysy». Поход в кинотеатр излюбленное времяпровождение многих людей, вне зависимости от их …

Добавить комментарий