Нарбол Қашаған, «Tаlas tynysy».
Сенім артқан жас боксшыларымыз жарыстан жүлдемен оралды. №31 және №32 аудандағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері КСРО халықтары арасында өткен спартакиада жеңімпазы, КСРО спорт шебері Губашев Пернехан Рафхатұлын еске алуға арналған бокстан 2009-2010 жылы туылған жасөспірімдер арасында облыстың ашық турнирінде мықтылықтарын мойындатып, тұғыр биігінен көрінді.
Төрт күнге созылған турнирге 22 салмақ дәрежесі бойынша 250-ге жуық жас былғары қолғап шеберлері өз мүмкіндіктерін сынаған еді.
№32 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары Жанболат Қалдарбеков, Жанғали Қарғабаев, Ермек Сүлейменов бастап барған шәкірттер намысты қолдан берген жоқ. Жарыс қорытындысы бойынша 38 келіде Халид Махмуд жеңімпаз деп танылса, 2-орынды Нұрасыл Оразәлі, Еркебұлан Берікбай, Әділет Қуандық, Сағадат Әмір иеленді. Ал үздік үштікті Омар Досым, Бағнұр Байбосын түйіндеді.