Home / Аймақ / Тірлік елдің тілегімен түзеледі

Тірлік елдің тілегімен түзеледі

Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату атқа­ратын жұмыстардың басым бағытына айналуы тиіс. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты қағидасы-осы.
«Келісіп пішкен тон келте болмас»,-деген бұрынғылар. Кері байланыс-халықпен ақылдасу арқылы ортақ түйткілге үн қату, атқарылған жұмыстарға баға беру.
Осы мақсатта «Орталық саябақта» өткізілген қалалық кеңесте жүргізілген жұмыстар сараланып, ұсыныс-тілектер тыңдалды.
Қала бойынша биылғы жылдың өзінде бірқатар жұмыстар жасалынған. Айта­лық, 6 көшеге және қалаға оңтүстіктен кіре беріс 4,1 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соны­­мен қатар, 8 көше және көп­пәтерлі тұрғын үй ауласының жарықтары ауыстырылды. «Жартас» су айдынындағы демалыс алаңы жаңартылса, 3 мөлтек ауданы 51 үйдің аула­сындағы және «Жастар саябағындағы», «Орталық сая­бақ­тағы» шағын футбол алаң­дары қалпына келтірілді. Д.Нүрпейісова көшесі бойы­нан шағын футбол мен StreetWorkaut алаңы, орталық мешіттің жанынан жаяу жүргіншілер жолы салынды. Ша­ғын шаһардың шырайын кір­гізетін жұмыстар мұнымен аяқ­талмақ емес. Келесі жылы 8 кө­шеге орташа жөндеу жұмы­сы жасалып, жарықтандырыл­мақ. 7 көлік көпірін қайта жаңғырту жоспарланып отыр.
Алдағы уақытта «Орталық саябақты», «Батырлар алаңын» және «Жастар саябағын» қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынбақ. Мұның сыртында, Т.Рысқұлов көшесі бойынан балалар ойын алаңшасын ашу, қаланың шығыс және батыс бөлігіндегі футбол алаң­шаларын жаңарту, Д.Нүрпейі­сова көшесіне аллея салу сынды ауқымды шаруалар бар. Бұл туралы жиын барысында қала әкімі Дархан Баймбетов айтып берді.
Дархан Тобашұлының сөзінше, алдағы уақытта қаланың шығыс бөлігінен кіре беріске «Қаратау стелласы» орнатылмақ, Сондай-ақ, қала ішіндегі 4 арқа жаңартылып, Б.Момышұлы көшесінің бойы суландырылады.
Қаланың көркі көшенің тазалығымен өлшенеді. Таза кө­ше көрер көзге де, келген қо­нақ­қа да жоғары көңіл сыйлайды. Осы орайда қала әкімі тұр­ғындарды аула таза­лығына жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Қалалық кеңес барысында жиылғандар тара­пынан атқарылған жұмысқа баға беріліп, ұсыныс-тілектер айтылды. Мәселен, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ақынбек Бектай аудандық тарихи-өлкетану музейдің аума­ғындағы ауданның Құрметті азаматтарына арналған стел­ланы жаңартып, сол маңға елден шыққан Со­циа­листің Еңбек Ерлерінің бейнелері ілінсе деген тіле­гін жет­кізсе, аудандық билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы: — Қаладағы «Городок», «Шанхай» сынды аумақ атауларын елдігімізді танытатын сөздермен алмастырсақ. Әрбірден соң ол үлкендердің көңі­лін қанаттандырып, жастарға рух берер еді. Патриотизм солай қалыптаспай ма? «Фло­ра» сая­жайы «Бәйтерек» деп өзгерді. Қан­дай әдемі. Көңілге жақын, тілге жатық,-деген ұсынысын білдірді.
Сонымен қатар, басқосуда еңбек ардагері Базылхан Тоқтыбаев жұмыс сапасын арттыру үшін жауапкершілік пен бақылауды күшейтуқажеттігін еске салса, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Арыстан Байходжаев Қаратау кеншілер қаласы болғандықтан кеншілерге арналған ескерткішті көрнекі жерге орнату жайында ұсынысын айтты.
Ал, еңбек ардагері Бурахан Абилханов соңғы кездері қаладағы жүзеге асып жатқан игі істерге оң бағасын бере келе, қолға алынған істерді лайықты бағалай білу қажеттігіне тоқталды.
Көтерілген мәселені ден қойып тыңдаған аудан әкімі Қанатбек Мәдібек айтылған өтініш-тілектердің назарда болатындығын жеткізді.

  • Қаратаудың болашағы зор. Алдағы уақытта қалаға қоныстанған тұрғындардың қатары артады. Өйткені, қазір халық өсімі жақсы. Индустриалды аймақ құрдық. Болашақта екі зауыттың құрылысы басталады, оның үстіне «Talas investment Company» ЖШС-ні өндіріс қуатын арттырмақ. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылады. Көктал аймағынан жаңа су құбыры іске қосылса тек қала ғана емес, Көктал ауылдық округі де тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
    Кеншілерге арналған ескерткішті жоспарға ен­ді­реміз. Дұрысы, қалаға кіре беріс жолдың бойына орнататын шығармыз. Оны әлі ақылдасамыз. Қазір оның эскизі дайын. Жобалық-сметалық құжат­та­рын әзірлейміз. Орталық алаң аумағындағы аудан­ның Құрметті азаматтарына арналған стелланы және Бөлтірік шешен ескерткішін жаңғыртамыз.
    Атқарылып жатқан жұмыстарға байланыс­ты тұрғындар арасында түрлі сөздер айтылып жатады. Бұл адал еңбек атқарған адамға батады. Бөлінген қаражат тиісті мақсатта жұмсалып жатыр. Шашау шығармаймыз, бір тиынына дейін игілікке жаратамыз. Егер осы бағыттағы қаржы­ның игеруі барысына және жұмыстың сапасына күмән келтіретін жандар болса, оған қатыс­ты тәуелсіз сарапшыларды шақыруға толық мүмкіндігіміз бар. Тұрғындар келіп жұмыс бары­сымен таныссын, сапасын көзбен көрсін,-деген Қанатбек Қайшыбекұлы жалпыға ортақ істе көп­шіліктің үн қосып, ұсыныс білдіргені маңызды екенін жеткізді.

About DevTeam

Check Also

Изменений и дополнений в Законе «Об исполнительном производстве и статусе судебных исполнителей»

11 января 2022 года в силу вступил Закон Республики Казахстан «О внесении изменений и дополнений …

Добавить комментарий