Мадина Жарас, «Talas tynysy».
Елімізде маусымның әр үшінші жексенбісі- медицина қызметкерлерінің күні. Осы атаулы күні адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жандарға арнайы құрмет көрсетіліп, еңбектері ерекше еленеді. Қашанда денсаулық күзетінде тұратын медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай өткен салтанатты жиында осы ақ халатты қауым құрметке бөленіп, мерейі тасыды.
Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Қанатбек Мәдібек денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтті.
- Бүгінгі таңда біздің еліміз көлемді реформалар жүргізуде, соның ішінде, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру де маңызды істердің қатарында. Мемлекет басшысы отандық медицина алдына үлкен әрі жауапты міндеттер қойып отыр. Ауданның денсаулық сақтау саласында материалдық базаны нығайту жұмыстары жалғасын табуда.
Осындай мерекелік күнде барлық дәрігерлеріміз бен мейірбикелерге, техникалық персоналға, денсаулық сақтау ардагерлеріне аудан халқының атынан ризашылығымды білдіргім келеді.
Құрметті медицина саласының қызметкерлері! Ауыр да жанкешті, мәртебелі жұмыста толайым табыстарға жете беріңіздер, — деген Қанатбек Қайшыбекұлы мұнан соң «Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен бірқатар сала қызметкерлерін марапаттады.
Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Есмахан Имаммырзаев сала ардагерлеріне бағалы сыйлықтар табыстады.
Салтанатты жиын соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.