Home / Аймақ / Ауылдағы мәселе ауызбіршілікпен шешіледі

Ауылдағы мәселе ауызбіршілікпен шешіледі

Нарбол Қашаған, Қамысбай Сауқымов, «Talas tynysy».

Ауданға жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов осылай деді. Алдымен Бостандық ауылдық округіне қарасты 100 гектар аумақты игеріп отырған «Зерхат» шаруа қожалығына бағыт бұрған Нұржан Молдиярұлы қолға алынып жатқан жұмыстармен танысып, туындаған мәселелерге назар аударды.
Жалпы, аталған шаруа қожалығы 2020 жылы құрылған. Ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтылған қожалық егін, бақша және көкөніс дақылдарын егумен айналысады. Тамшылатып суғару технологиясын игерген шаруашылықта биылғы жылға 30 гектарға бақша, 25 гектарға пияз одан бөлек картоп, жүгері, сәбіз, асқабақ сынды өнім түрлері отырғызылған. Қазір мұнда 5 адам жұмыс жасайды. Өткен жылы 50 гектар аумақтан 35 тонна бақша өнімдері жиналған. Алдағы уақытта мұнда көкөніс қоймасын салу жоспарда бар. Ендігі жерде электр желісін тартуда бірқатар қиындықтар туындап отырған көрінеді. Бұл туралы шаруа қожалық төрағасы Ержан Мейірбеков айтып берді.
Жасалып жатқан жұмыстарға көңілі толатындығын жеткізген Н.Нұржігітов шаруаларға өнімнің нақты бір түрін өсіруді қолға алып, оны дамытуға кеңес берді.
–Электр желісін тарту үшін Үкімет тарапынан берілген жеңілдіктер бар. Жобалық-сметалық құжаттарын реттесе, тек бір өнім өсірумен айналыссаңыз, көтерме бағамен алушылар тапсырыс береді. Өздері арнайы көлікпен келіп артып алады. Бұл қос тарапқа да тиімді. Өзге өңірлерге тасымалдау үшін өнім көлемін арттыру керек, — деген аймақ басшысы іргелес аудандардағы шаруалардың жұмыстарын мысалға келтірді.
Округ тұрғындарына ортақ басты мәселе-ағын су және мал жайылымы. Мұны Бостандық ауылына аялдаған Нұржан Нұржігітовке жергілікті тұрғындар жеткізді.
-Ағын су тапшылығы барлық ауылда білініп отыр. Күз мезгіліне жақын «Теріс-Ащыбұлақ» және Қызғызстандағы «Киров» су қоймаларынан жеткілікті мөлшерде су бөлдіруді жоспарлап отырмыз. Алдымен Ақкөлді сонымен қатар, ірілі-ұсақты су қоймаларына су қорын толтырып алуымыз керек. Округке тиесілі 31 мың гектар жайылым бар. Ауылда 70-80 бастан астам малы бар шаруалар қолдағы түліктерін сыртқа шығарып жаюы тиіс. Ал, округ маңайындағы жерді аз-кем мал ұстап отырған тұрғындар игілігін көрсін. Қазір ауыл-аймақта түлік басы көбейіп келеді. Сондықтан, мәселені жан-жақты зерделеп, дұрыс шешім қабылдауымыз керек, — деген Нұржан Молдиярұлы үй іргесіндегі 7 соттық жерді тиімді пайдаланып отырған Серік Мәдиевтің бақшасын көріп, тұрғындарды үлгі алуға шақырды.
Мұнан соң Н.Нұржігітов және аудан әкімі Қанатбек Мәдібек бастаған жауапты сала басшылары Ақкөл ауылындағы №6 аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына және дәрігерлік амбула­торияға, Ақкөл тірек мектебінде болды. Мекемелердің жұмысымен танысып, туындап отырған мәселелерді назарға алды.
Мұнан соң облыс әкімінің жұмыс сапары Қаратау қаласына қарасты «Talas investment company» ЖШС, «Билікөл» автоматтандырылған газ тарату стансасы және «Қаратау ПРО» ЖШС барып, жұмыс барысымен танысты.
Жалпы, «Talas investment company» ЖШС биылғы жылға 14720 млн. теңге көлемінде 13500 натрий цианиді, 4500 тон­на аммони сульфатын өндіруді жос­пар­лап отырса, «Қаратау Про» ЖШС өндіріс қуатын 190 мың тоннаға дейін ұлғайту мақсатында ұнтақталған мәрмәр толтырғышын өндіретін зауыттың екінші кезенінің құрылысын бастауды қолға алмақ. Бұл жайында кездесу барысында кәсіпорын басшылары айтып берді.
Бұдан бөлек, облыс әкімі Д.Нүрпейісо­ва көшесі бойындағы футбол және стритворкаут алаңшасын тамашалады. Жергілікті тұрғындардың өтінішімен жуырда ғана пайдалануға берілген нысанның құны 29 602,0 мың теңгені құрайды. 100 адамды қабылдауға қауқарлы спорт алаңшасы маңынан көпшілікке арналған саябақ бой көтермек. Атқарылған істер мен алдағы жұмыс жоспарымен танысқан облыс әкімі жергілікті тұрғын­дардың ұсыныс-тілектеріне назар аударды.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов аудандағы іс сапарын Қаратау қаласында жалғастырып, Д.А. Қонаев атындағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу барысындағы жұмыстарымен танысты. Мұнда облыс басшысын аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов, мектеп директоры Гүлжан Тоқбергенова және құрылыс учаскесінің басшысы Дмитрий Семенов қарсы алып, учаске басшысы басталғанына екі апта болған құрылыс жұмысымен таныстырды. 207 миллион 108 мың теңгенің құрылыс жұмысына жергілікті тұрғындардан 28 адам тартылыпты. Облыс басшысының сауалына орай учаске басшысы құрылыс жұмыстары жаңа оқу жылына толығымен аяқталатынын жеткізді.
Одан кейін ат басын №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығына бұрған Нұржан Нұржігітовті мекеме директоры Ерлан Әнетбаев қарсы алып, осында жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен таныстырды. 222 мил­лион 300 мың теңгенің құрылысын жүр­гізіп жатқан «Ай Дин Тараз құрылыс» ЖШС–і ғимаратты сейсмикалық күшейту, жылу, ыстық және суық су, кәріз жүйесі, өрт қауіпсіздігі, электрмен қамтамасыз ету желісін қайта жүргізу жұмыстарымен айналысып жатыр екен.
Келесі кезекте аудандық орталық емханада, «Игілік» мекемесінде, «Аста­на» бөбекжай бақшасында және 3 мөлтек аудандағы №15 үйде болған Нұржан Молдиярұлы мұндағы жұмыстармен танысып, бірқатар тапсырмалар берді.
Облыс әкімін аудан әкімі Қанатбек Мәдібек бастап жүрді.
Сапар соңын аудан әкімдігінде қоры­тын­дылаған облыс басшысы актив жиналысын өткізді.
Жиында «Талас ауданының әлеумет­тік –экономикалық көрсеткіштері тура­лы» баяндаған аудан әкімі Қанатбек Мәдібек барлық салалар бойынша атқарыл­ған жұмыстар барысы туралы айта келе негізгі көрсеткіштер бойын­ша жоғары нәтижелерге қол жет­кізіл­генін атап өтті.
Сондай-ақ, Қанатбек Қайшыбекұлы алда тұрған ауқымды мәселелер мен шеші­мін күткен сауалдарды да назардан тыс қалдырмады.
Өз кезегінде Нұржан Нұржігітов туындаған сұрақтар бойынша ауылдық округ әкімдері, бөлім мен мекеме, кәсіпорын басшыларының есебін тың­дап, нақты тапсырмалар берді. Және олардың орындалуы қажеттігін ескертті.

About DevTeam

Check Also

Билер тәжірибе алмасты

Елді мекендердегі Алқа билердің жұмыстары жылдан-жылға жанданып келеді. Олар халық арасында бірлік пен ынтымақты нығайтуда, …

Добавить комментарий