Home / Аймақ / Латын әліпбиіне көшу-уақыт талабы

Латын әліпбиіне көшу-уақыт талабы

Қазақстан Республикасының президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты биылғы жолдауында: «Жаңа Қазақстанды құру елді дамыту парадигмаларын өзгертуге бағытталған. Біз әр қадамымызды саралап, таңдаған жолымызбен алға сенімді қадам басамыз»,- деп атап көрсеткендей, дамудың маңызды тетігінің бірі-әліпбиімізді өркениет көшіне лайықтап, латиницаға көшу болмақ.
Ұлы Дала елінің тарихына көз жүгіртсек, бірінші байлығы – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы болуы керектігі айқындалады. Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі», — деген. Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Біздің еліміз латын қарпін іс-қағаз құжаттарында, әдебиет, мәдениет және басқа да барлық салаларда 1929-1940 жылдары пайдаланылғаны тарихтан белгілі.
Латын әліпбиіне көшу туралы ой-пікірлер 1926-1929 жылдардан бастап бастау алғаны баршамызға тайға таңба басқандай белгілі. Қазақ тіл білімі тарихында 1929 жылы қазақ жазуы ресми түрде латын әліпбиіне көшкен. Сонымен қатар, 1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиі қолданыста болған еді. Ұлтымыздың басынан үш алфавит жүйесін өткергендігін білеміз. Олар: біріншіден — араб әліпбиі (1929 ж. дейін), екінші — латын әліпбиі (1929-1940 жж.), үшіншісі- кириллицаға негізделген қазақ әліпбиі (1940 жылдардан бүгінге дейінгі қазіргі әліпбиіміз).
Еліміздің латын әліпбиіне көшу — ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Мұндай ауқымды, ел болашағы үшін маңызды шараға мұғалімдер қауымы да өз көзқарастарын білдіріп, пайдалы кеңестерін баспасөз бетінде білдіруде.
Тарихымызға көз жүгірте отырып, латынға көшудің ұтымды тұстарын былайша жіктеуге болады;

  1. Ең алдымен, тіл тазалығы мәселесі;
  2. Латын әліпбиіне көшу — қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Ана тілімізге компьютерге жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кіруге мүмкіндік береді. Себебі, әлемде латын әліпбиінің базасы қалыптасқан және ауқымы кең.
  3. Бүгінгі таңда кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен. Ал, қалған мемлекеттердің көбі латиницаға көшкен. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты күшейтуіміз керек.
    Қуантарлығы, бүгінде мектеп шәкірттері даярлық сынып, бастауыш сыныптардан-ақ ағылшынша үйренуде. Әлеуметтік желіде ағылшынша жазатын жастардың дені күннен-күнге артуда. Латын әліпбиі соған ұқсас болғандықтан, көп кешікпей көпшілік аясына кең таралып ауқымы кеңейеді.
    Көптеген ғалымдардың пікірін ескеретін болсақ, латын әліпбиіне көшу соншалықты қиындық тудырмайды. Себебі, біріншіден, латын әліпбиіне көшудегі негізгі ұтымдылық — тіл ауыспай, таңбаның ауысуы. Екіншіден, қарапайым тілмен айтсақ, сөзді немесе дыбысты қалай естісек, жазылуын да солай жазамыз.
    Қазіргі кезеңде білім саласындағы жаңа реформаның жүзеге асырылуы да, яғни жаңартылған білім мазмұны осы латын әліпбиіне көшуде өз үлесін қосады деген ойдамын. Оған дәлел, бастауыш буыннан бастап тілдің үштұғырлығының басымдығының бастау алуы.
    Біздің бейбіт және көпұлтты Қазақстанымызда мемлекеттік тілді өркендету үшін латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғыру көрінісі болмақ. Латын әліпбиіне көшу арқылы әлемдік ғылымның, инновациялық және ғылыми-техникалық прогрестің игілігін еркін меңгеруге ықпал ететін болады, сол себепті барлық қазақстандықтар ұрпақ болашағы үшін осы реформаны қолдауы керек.
    Латын әліпбиіне көшу — қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздің дыбыстық жүйелерін нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан, біз үшін, болашақ еліміз үшін әлдеқайда маңыздырақ.
    Жаһандану үдерісінде «Жаңа Қазақстан» құруға деген қарышты қадам отандық ғылым мен білім саласын дамытуға тірелері ақиқат. Демек, осындай сындарлы кезеңде латиницаға көшу өркениет көшіне ілесудің маңызды тетігі болмақ.
    Қорыта келгенде, латын әліпбиіне көшу — ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, жаһандық әлеммен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады демекпін.
    Азамат Құрманбаев,
    Талас ауданы білім бөлімінің әдіскері.

About DevTeam

Check Also

Билер тәжірибе алмасты

Елді мекендердегі Алқа билердің жұмыстары жылдан-жылға жанданып келеді. Олар халық арасында бірлік пен ынтымақты нығайтуда, …

Добавить комментарий