Мұқағали – қазақ әдебиетінің төрінен орын алған дара тұлға «Мен жырламаймын – сырласамын»,- деп өзі айтқандай, әр адам жырларынан іздегенін анық табады.
Жүрек қылының мұңды пернелерін дәл басқанына қарамастан Мұқағали ақын жарық дүниенің жақсылығын жырлап өтті. Көкірегінен төгілген сөз өнерінің дауысын адам жанын аңғартуға, сананы жаңартуға арнады. Күллі замандастарым, ұлтым мен ұрпағым дүние болмыстың мың сан құпиясын анық аңғартатын дәрежеге жетсе деп тіледі. Ақын жырымен сырласқан сайын сергисің. Оның шабыт пырағы күміс тұяқтарымен сайын сахараны сәт сайын дүбірлетеді.
Сөздері мірдің оғындай. Образ қандай! Қазақ тілінің уыз мәйегін айтыңыз. Оған өрені қосыңыз. Нағыз сұңғылалық. Дүниені түйсіну, оған көркемдік тұрғыдан баға беру, бірауыз өлеңімен бүкіл дүниені қолыңа ұстатқандай болатын ғажабын қалай жеткізерсің! Әлем кеңістігіндегі Жаратылыс пен Жер шарының, бүкіл адамзат және өз Халқы мен Елінің тағдырын бойына сіңіріп, олардың әрқайсысын жан – тәнімен көбелектей нәзіктікпен қорғап жырлайды.
Бұл – бұрын –соңды қазақ әдебиетінде және өзге әдебиеттерде болмаған құбылыс деп айтуға толық хақымыз бар.
Құдайдың өзі тумысынан ақын етіп жарата салған Мұқаң ешқашан күмәнді сөз жазбайды. Жаратқанға жалбарынып отырған кезінің өзінде де оның жадында Хақ Тағаланың жердегі екінші аты – Халық жаңғырып тұрады.
Самалы бол Отанның салқындаған,
Сандуғаш бол, сайратсын алтын далаң.
Семсері бол Отанның қынабында,
Сертке ұстаса, селт етпей жалтылдаған.
… Оңай сөз ғой «Отанды сүйем» деген,
Іс тынбайды «жанамын, күйемменен»
Өгей әке емес қой Отан деген,
Отанды мен атамдай иемденем, — дейді.
Отанына, жеріне, халқына деген осындай адалдық пен ағынан жарылу ақ жүрек ақынды алақанына салып алып, қазақтың ұлттық деңгейдегі ақыны деген биікке апарып қояды.
Ақын жүрегінен ақтарылған патриоттық сезімнің буырқанған асау толқыны асқақ күйінде ақ қағазға өлең болып құйылады. Оны бей — жай қалыпта оқи алмайтындығың сондықтан. Бір алапат күш тұла бойыңды шымырлатып, арқаңды қоздырады. Елің мен жеріңді, мына кең дүниені қалай сүюдің қарапайым ережелерін есіңе салады.
Менің таңғалатыным, кеңестік кезеңдегі атеистік қызыл қоғамда өмір сүрсе де, ол Құдайсыздыққа ұрынған жоқ. Бәрін Жаратқан белгілеген өлшемдермен тануға ден қойды. Сондықтан да, қаптаған пендешіліктен жоғары тұруға тырысты. Алланың адал құлдарының қатарынан көрініп, пәктік пен кіршіксіз тазалықтың жолында арын да, жанын да ақиқат жолындағы күреске жұмсады. «Я, Аллам, Жаратушым, қорғаушым! Өзің – өмір, өзің – қуат, қорғансың»,-деп айтудан жалықпады. Ақтық демі біткенше мұсылмандық мұратынан айныған жоқ. Ол өзінен бұрын, өзге адамдардың ақ жолдан адаспауын тіледі. Солардың тағдырына алаңдап, жаны күйзелді. Ойсыз, қамсыз тіршілікті тәрк етті. Жүрегі байыз таппай толғанып, тек қаламмен серіктес болды. Өзіне түсінікті, өзгеге түсініксіз жұмбақ ғұмыр кешті. Бұл – найзағай сынды нар ақынның – айнымас бағыты еді.
Ести тұра шырылын жас баланың,
Қалай ғана алшаңдап, мастанамын.
Тік көтеріп сәбиді уатпасам,
Сәби – халқым, саған мен масқарамын.
Сәби – халқым, сарыла сыр ақтарам,
Жалған ой, жасырын күй жырақ маған.
Сенің үнің мендегі, сенің жырың,
Сенің ойың санамда тұрақтаған.
Ыстық – мұңды үн… Халқына деген құрмет пен қамқорлық. Перзенттік борыш… Бәрі, бәрі жұдырықтай жүрегінде от болып жанып, жаңартау болып отырғалы тұр. Әйтсе де, Мұқаңның өлеңдері үздіккен махаббаттан гөрі азаматтық әуенге бейім.
Сол азаматтық пафостың өзі табиғаттың қанық бояуы сіңген, айтар ойы анық, кәдімгі панорамалық картинаға айналған.
Ол Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін тер төкті. « Осы мен өлмейтін, өлмейтін шығармын. Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын»,-деп кесіп айтты. «Әйтеуір, білетінім бір – ақ нәрсе, Көшеді өлең немесе өшеді өлең», — өнердегі ақиқатты күлбілтелемей жеткізді. Өйткені, ол – Мұқағали ғой!
Мұқағалидың өзге ақындардан бір ерекшелігі – ол өте сыршыл ақын. Бұрынғы ойшыл кісілердің бірі: «Қарапайымдылық – таланттық қарындасы» — деген ғой. Қарапайым етіп өлең жазу ақынның ақынының ғана қолынан келеді. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіндіктен, оның әр өлеңіне ән шығара берсе болатындай. Шығарылып та жатыр. Болашақта сазгерлер де кітаптан өлең іздесе, Мұқағалиға бір соқпай кетпейтіні анық.
Өлең қандай жағдайда дүниеге келеді? Бұл жайлы Мұқағали Мақатаев:
« Өлең деген тумайды жайшылықта,
Өлең деген тулайды қайшылықта! – деп айтқан екен. Демек, өлең шығу үшін ақынның жүрегіне ерекше әсер ететін, толқытып жіберетіндей жағдай болуы керек. Әйтпесе, әдемі табиғат пен жайқалған гүлдердің ортасында отырсаң өлең деген қайнар бұлақтай бұрқырап қайнап шыға береді екен деп ойлауға болмайды.
Өлең кейде оттай лапылдаса, кейде самал болып есіп, жел болып желпиді. Жан сырыңды жайып салатын сырласыңа айналады. Мұқағали ақын өлеңді өзі онсыз өмір сүре алмайтын ауаға теңейді.
Ойлы жас! Өлең – менің бар тынысым,
Жақсы сөзім жаны игі халқым үшін.
Атақ қуып, бақ қуып, даңқ қуып,
Біреулерден жүргем жоқ арту үшін.
Оңашада ойларын тыным еткен,
Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен.
Ақындар бар амалсыз бұғып өткен,
Ақындар бар ішінен тынып өткен,
Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен.
Ойлы жас! Өлең менің сырласымдай,
Сырлассам да құмарым жүр басылмай.
… Көкейкесті жырлар жаз жезкиіктей,
Мақтау, даттау, жәдігөй сөзді күтпей.
Өлең керек ұрпаққа, өзің мейлі,
Көлеңкеде қалсаң қал, көзге ілікпей! – деп қаламдастарын қамшылайды. Мұқағали таланты қанша қуатты болса да, ол өз өнерін халықтық өнерден биік қоймайды. Барынша қарапайым. Бұл – Мұқағалиға тән ұстамдылық, тек соған тән кішілік пен кісілік.
Тілім – тілім тілінген аңыздайын.
Аңызыма неге нәр тамызбайын?
Қара өлеңі қазақтың қаза болса,
Қара көзден неге қан ағызбайын?
… Ақылмын деп мен қалай айта аламын?
Халқымның өзі айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын… – дейді жаны таза, жасандылығы жоқ жайсаң ақын.
Өлеңінің өнбойында шағын фабулада сөйлеп, фактурасын сұлу торы аттай жаратып, соңын тәтті бір оймен түю – тауып айту! Мұқағали сөзі заманға тәуелді емес. Ол өлеңінде орайын тауып айтамын деген ойын бүкпесіз жеткізеді. Өлең өзегіне қорғасындай ауыр ойлар құйылады. Сезімге орап берген соң, бірде қуанып, бірде мұң аралас өлең формасы табылып жатса, құйылып оқылады, құбылып сөйлейді, құлағына үн келеді, жүрегіне саз төгіледі. Мұның бәрі де дұрыс – ау, ең бастысы, өлеңнің бірінші қабатындағы поэтикалық рең, бояу, сазды малданып отырғанда кенеттен тың ой айтып, миға ала – сапыран қозғау салады. Ақынның өлеңге арқалатар әлеуметтік жүгінің мәні де осында.
Мұқағали замана биігінде жүрген ойшыл ақын.
Өмір жайлы сұрай берме сен менен.
Өмір жайлы білгің келсе, қартқа бар,
Өміріне кегі кеткен, өлмеген,
Жалған айып таңылғанда көлденең,
Ақиқаттың аппақ туын бермеген.
Содан сұра, содан сұра өмірді,
Нені көрді, нені сезді, не білді.
Неге ақылды ақымақтан жеңілді,
Біреу жылап, біреу неге көңілді? – деп келіннің тойы, кемпірдің өлімі емес, мына дүние – жалғанның кертартпа, қатыгездік пен сұрқиялық көріністерін, күлбілтелемей жеткізіп, айбарлы жырларын ақ жамбыдай көкке атады… Мұндайда ақын үшін қайнаған күйікті басар дәрумен өлең ғой. Мұқағали поэзиясында әрбір құбылыс, әрбір дүние тіршілігі өлең жолдарында шашау шығарылмай, орын – орнына қойылады. Поэзия шыңы дегеніміз – осы.
Алтын Оразбек,
«Тұран» университетінің студенті.