Индира Еркінқызы, «Talas tynysy».
Балалар өнер мектебінде облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы аналар алқасының бастамасымен, аудандық аналар алқасының ұйымдастыруымен «Қоғамдағы аналардың мәртебесі» тақырыбында аумақтық семинар кеңесі болып өтті.
Жиынға облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ш.Дәулетбаев, облыстық аналар кеңесі жанындағы аналар алқасы жөніндегі комиссия төрайымы Х.Оспанова, аудан әкімінің орынбасары М.Үристенов және Жуалы, Байзақ, Жамбыл аудандары мен Тараз қалалық аналар алқасының мүшелері қатысты.
Семинар кеңесті аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Әсемов ашып, жүргізіп отырды.
Семинар кеңесте аудандық аналар кеңесінің төрайымы Данагүл Молдабекова баяндама жасады.
- Ана -ардақты ұғым. Ана отбасының ұйытқысы ғана емес, бүтін ұлтты тәрбиелейтін қасиетті жан. Сол үшін де біздер болашақ ананы ғана емес, ұлтты тәрбиелейтін тұлға тәрбиелеуіміз парыз,- дей келіп, аналар кеңесінің жұмыс барысымен таныстырды.
Жарыссөзде аудандық билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы сөз алып, бүтін бір ұлттың ұйытқысы саналатын ананың алатын орны ерекше екендігіне тоқталып, жас отбасылардың аяққа тұрып кетуіне ықпал етіп жүрген аналар алқасына ризашылығын білдірді.
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Ж.Абылғазина атқарып отырған жұмыс барысын тілге тиек етті. Байзақ ауданы аналар кеңесінің төрайымы Ш.Қапарова өз кезегінде Жаңа Қазақстанды құруда аналардың алатын орны мен ұлттық тәрбиені дәріптеу қажеттігіне тоқталды. Ауданның аналар кеңесінің төрайымы К.Айтқұлова да жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Жуалы аудан орталығында қамқорлық дүкенін ашып, онда кәсіпкерлер мен демеушілер және тұрғындар тарапынан түскен азық-түлік пен киім- кешектерді мұқтаж отбасыларға беріп отырғандығын баяндады.
Семинар кеңесті облыстық аналар кеңесі жанындағы комиссия төрағасы Х.Оспанова қорытындылап, аналар алқасының атқаруға тиісті жұмыстарын пысықтады.
Кеңес соңында бірқатар аналар алқасының белсенді мүшелері Алғыс хатпен марапатталды.