Индира ЕРКІНҚЫЗЫ, «TALAS tynysy».
Қаламыздағы қимыл-тірек аппараты бұзылған балаларға арналған «Үміт» мектеп интернаты ұжымының ұйымдастыруымен әріптестері мен шәкірттерінің көңілінде жақсы қасиетімен қалған, жасаған ісі көпке үлгі болған Бекбота Тапеловты еске алуға арналған ашық турнир өтті.
Бекбота Тапелов саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған білікті ұстаз болған, аталған интернатта дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып, тағдыры қиын балалармен жұмыс жасай отырып, олардың өмірге құштарлығын арттыру үшін бар күш-жігерін салған жан.
Ардақты ұстазды еске алуға арналған шараны «Үміт» мектеп-интернат директоры Айгүл Кашкеева, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Манат Акшалова және Жамбыл облысы дойбы федерациясының басшысы Жаухар Дәуренбекова ашып, Бекбота Кәрбозұлының адамдық қасиеті мен көзі тірісінде мектеп ауласына соғып берген спорт алаңын, ол үшін ешқандайда ақы сұрамағанын, балалардың қуанышы үшін жасаған көптеген жақсылығын сөз етіп, сағынышпен еске алды. Одан кейін де сөз сөйлеген жақындары да мамандығына деген адалдығы, адамға деген сүйіспеншілігін айта келіп, мектеп оқушыларына спорттық киім мен спорт құралдарын тарту етті.
Еске алу турнирі дойбы, тоғызқұмалақ, теннис, волейбол сынды спорт түрлерінен өтті. Тартысқа толы турнирде оқушылардың жеңіске деген құлшыныстары көңілге қуаныш сыйлады. Қорытындысында дойбы жарысында 1 -орынға Іңкәр Тұран, 2-орынға Сәбит Ауданбек, 3-орынға Ұлдана Тілеулес көтеріліп, жүлделерді өзара бөліссе, тоғызқұмалақ сынында 1-орын Нұрдәулет Мэлске, 2-орын Арай Асанқызына, 3-орын Эльназ Жолшыбекке бұйырды. Үстел тенисінен Абунасыр Самарқан, 1-орынды иемденсе, Қайсар Садық 2-орынға тұрақтады, Жангелді Бақытжанұлына жүлделі 3 орын бұйырды. Ал, волейболдан жүзден жүйрік шыққан «Тұлпар» командасы 1-орынға, «Мұғалімдер» командасы екінші орынға, «Оқушылар» командасы үшінші орынға жайғасты. Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен кубок табыс етілді.
Check Also
Латын әліпбиіне көшу-уақыт талабы
Қазақстан Республикасының президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты биылғы жолдауында: «Жаңа Қазақстанды …