Home / Аймақ / Есей би

Есей би

Ел арасында фольклорлық мұралармен,
ақын – жыршылар –
мен бірге ел қорғаны болған батырлар,
ел басқарған шешен билер есімдері де
көп айтылады.
Соның ішінде, Есей би және батыр есімі көп кездеседі.
Сонда Есей би кім, ол – қандай адам болған, халыққа қандай еңбегі
сіңген деген сұрақ туады.

Түзелбек Рақышұлы,
Қаратау ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Талас ауданының Құрметті азаматы.

Талас өзенінің батыс жаға­лауында «Есей қонысы», «Есей сазы», «Есей тоғаны» деген жерлер бар. Ел аузындағы деректерге және толық емес мәліметтерге қарағанда, ол XVII ғасырлар шамасында өмір сүрген халқымыздың беделді билерінің бірі. Кейбір көне көз қариялар Есей хан деп те атайды. Жоңғар қалмақ шапқыншы – лықтары салдарынан тоз – тоз болып кеткен қазақтардың басын біріктіріп, ел қылғандардың бірі осы Есей би екен. Ел аузында оның адамгершілігі, шешендігі, халыққа қамқорлығы туралы аңыз – әңгімелер көп.
Есей ұрпақтары 1934 жылға дейін Талас бойындағы Есей қонысы деген жерді мекендеген. Колхоздастыру тұсында олар Қызыләуіт, Талас ауданында қоныстандырылған. Кешеге дейін ол Ильич атындағы үлкен совхоз болған.
Талас ауданында тұрған Тоғабай Бекалиев дейтін еңбек ардагері аудандық «Ленин жолы» газетінде (7 тамыз 1990ж.) жарияланған мақаласында солай деп баяндайды:
«Есей Алдамұратұлы Ысты, Ошақты, Шапырашты, Дулат, Иса, Мұса руларының биі болған. Ол аумалы – төкпелі заманда көшпелі халықтарды қоныстандыруға көп еңбек сіңірген. Жетісу, Шу, Талас өзендерінің, Шымкент, Ташкент, Түркістан, Сырдария бойларын түгел аралаған, сыртқы (Жоңғар, Қоқанд т.б.) шапқыншылықтан тоз – тоз болып кеткен елдің басын біріктірген».
«Есей бабамыз батыр тұлғалы, халық қамын ойлаған қайырымды, мейірімді кісі болыпты. Сонау бір заманда Түркістан шаһары қазақ халқының хандығының орталығы болып дүрілдеп тұрған кезде өз мекені Қаратаудың теріскейінен (Жамбыл облысы) әрі – бері өтіп жүріп, бір қонысқа тұрақтамай жүрген көшпенділерді көріп, Есей ата орталықтағы әкімдерге сөзін өткізе отырып, біраз елді осы күнгі Ойық станциясына, Қарасу, Сасық, Үлкен Бөген өзендері жағасына орналастырып, отырықшы елге айналдыру жолында баға жетпес еңбек сіңірген, — қамқоршы болған екен».
(«Алғабас» 7 маусым 1990 ж.)
Бұл естелікті жазып отырған – сол Есей батырдың ұрпағы Әбу Әбдірайымұлы. Ол – еңбек және соғыс ардагері. Шымкент облысы , Бәйдібек ауданы, Шаян селосында тұрады. Кейбір деректерге қара­ғанда Есей батыр Түркістан төңірегіндегі көптеген игі жақсы ел басшылары, батыр, билермен бірге үзеңгілес жүрген, Төле би, Қабан­бай, Бөгенбай батырлармен бірлесе қимылдап, жауға қарсы күрескен еліктері ел жадында қалған. Арқа, Аягөз жағынан Түркістанға бет алған Қабанбай, Бөгенбай батырлар өздерінің қолымен жол – жөнекей Жетісу, Шу, Талас, Боралдай бойын билеп тұрған тұстасы Есей биге соғып бас қосқан. Сөйтіп, олар жоң­ғар шапқыншыларын қалай же­ңудің жолдарын қарастырған. Сол жолы Есей би де ел жігіттерін жи­нап, өзі де атқа қонған. Олар жолындағы Бөген, Шаян, Арыстанды, Қарабас өзендері және Төрткөл бойындағы елдерден жігіттер жинап, жасақтарын толтырған.
Ол елдердің Жарықбас, Досай, Қосай, тағы бірқатар ер азаматтары оларға қосылған. Бәрі Түркістанға қарай бет алған. Бұл пікірді жазушы Советхан Ғаббасовтың мына сөздері де қостай түседі:
«Түркістанның жағдайын естіп, жол – жөнекей қазақ батырларын өзімен бірге ертіп келген Қабанбай бірден халық жасақтарын ұйымдас­тыруға белсене кірісіп кетеді. Ол бірнеше мыңдаған адам­ды жасақтап үлгерісімен халық қарсылықтарына ұшырай арындары қайта бастаған жаудың бетін қатты қайтарып тастайды. Осылай сәл саябыр тапқан жағдайды жақсы пайдаланған Қабанбай батыр Қожахмет Яссауи ғимаратының алдына жиналған қалың жұртқа Айшыбек батырды басшы етіп қалдырады да, өзі кідірместен кіші жүз қазақтарынан қалың қол жинап келуге аттанады».
(«Қазақ әдебиеті» 18 қаңтар 1991 ж.)
Есей бидің шыққан тегі, ел үшін сіңірген еңбегі жөнінде жоғарыда аталған Т.Бегалиев, Ә.Әбдірайымов, С.Ғаббасовтың ой — пікірлерін то­лықтыра түсетін тағы бір дерек мынадай:
«Мен туғанда атымды азан шықырып Дәулетберді қойыпты. Дәулетберді арғы бабамыз екен, ол кісі атақты Есей бидің мың басы болыпты. Қаратаудың теріскей күнгейіндегі қалың елді билеген Есей би бұрыннан мекендеп келген Төрткөл даласына мал – жаны сыймай, сонау Шу, Талас жағына қоныс аударғанда, Дәулетбердіні де бірге ала кетіп, Сарысу бойындағы ауылдарға мың басы етіп қояды. Ол екеуі ағайынды кісінің баласы екен. Ертедегі қариялардан шежіре бойынша Ысты Таңатардан Қосмағанбет, Досмағанбет тарайды. Әкесі екеуіне енші үлестіргенде Қосмағанбетке ойық, Досмағанбетке тілік ен салып береді. Содан екеуінен тараған үрім – бұтақ ойық, тілік атанып кетеді. Сол ойықтан Қызылғұрт, Көкшекөз (шын аты Орбай), Ауызыүсіген (Зорбай), Сәтек рулары тарайды. Қызылқұрттан Алдамұрат, одан Есей. Ал, Ауызыүсігеннен Бәйгел, одан Досай, Қосай, Дәулетберді бабаларымыз тарайды. Сонда Есей мен Досай, Қосай, Дәулетберді тетелес туыс болып шығады.
Бұл естелік – шежірені жазып қалдырған сол Есей, Досай, Дәулетбердінің ұрпағы Дәулетберді Әбдіұлы. Ол кісі көп жылдар бойы бұрынғы Шаян ауданының жүзімдік МТС – нда бас бухгалтер болып істеген.
Есей, Досай, Қосай, Жарықбас, Жиеншора тәрізді ерлердің ел қамқоры болған батырлығы жөнінде ел арасында аңыздар көп, солардың бірі былай болған:
Қаратаудың қойнауындағы Ақ­тастыда болған соғыста Жарықбас пен Жиеншора аздаған жігіттері­мен жоңғардың қаптап келе жатқан қалың қолының жолын бөгеп, Түркістанға қарай өткізбей қойған. Мергендері таудың жар құзына бекініп, ойда өзен жағалай келе жатқан жоңғарларды баудай түсіре берген. Амалы құрыған жау кейін шегінген. Бір қақтығыста Жарықбас бір топ жаудың ортасына түсіп қалады. Сонда ол көбісін сойылға жығып, аттарын айдап кетеді.
Ал, Қарабас өзенінің басындағы қырғын шайқасты ел былай аңыз­дайды. Алаңсыз малын бағып, тойын тойлап тыныш жатқан Қарабас сазындағы Жетімтау мен Керегетас иығындағы Зорбай ауылына жоңғарлар тыңшыларын жіберіп жүріп, ол ауылдың басшылары Досай мен Қосайдың Түркістандағы жиынға кеткен хабарын естіп, бір түнде тұтқиылдан шабуыл жасайды. Жігіттерін құл, қыздарын тұл етіп, мал – мүлкін ту – талақай етеді. Осы соғыста беріспей соғысқан Досайдың төрт, Қосайдың тоғыз балаларын жаулар қолға түсіріп Қарабас өзенінің қайнар көзіне тастайды. Тастағанда жай тастамайды, бұлқынып атқылап жатқан бұлақ суы сыртқа теуіп тастай берген соң, жігіттердің үстін үлкен тастармен бастырып батырады. Сөйтіп, қанішер жауыздар бұлақ көзіне бір жігіт, бір тастан тастай береді. Бұлақ көзі бітуге айналады. Су қан болып ағады. Сол бір жазалауды ел көріп шошысын деп жаулар зәбірленген кемпір – шал, қатын – қалаш, бала – шаға демей бұлақ басына түгелдей жинайды.
«Міне, көрдіңдер ме, қарсы­ласпаңдар, сендерді де осылай етеміз» деп, қамшы үйіреді.
Бұл сойқан Түркістанға кеткен Досай, Қосайға жетеді. Олар сол жиынға қатысқан Төле би, Есей бимен ақылдасады. Қол жинап, топ құрады. Бұл әрекет елге жетеді. Не дейсің Досай, Қосай Түркістандағы Қабанбай, Бөгенбай, Есей ба­тырларды сан мыңдаған қолымн ертіп шығыпты. Осы хабарды естіген жоңғарлардың берекесі қалмай­ды. Есей, Досай, Қосай бастаған (анау айтқан мыңдаған қол емес) шағын жасақ Түркістанның шығыс жағындағы Ноғай қорғанынан өтіп, Нұра жотасына, одан Мыңбұлақ сазына жете берген­де, жоңғарлардың қарсылығына кездеседі. Сол қақтығыста Есей қолы жаудың біразын қолға түсіріп, қалғанын түре қуады. Сөйтіп, олар жоңғарларды Мыңбұлақ, Тасбұлақ, Ноғайбұлақ басынан қуып шығып, Жетімтау, Керегетас асыра, Бабаата, Құмкентке жеткенше қуа соғыса­ды. Ақыры жоңғарлар әлсіреп, жеңіледі.

  • Міне, Есей, Досай, Қосай батырлар біздің жерімізді жаудан осылай қорғап қалған, — деп, Құлбек ақсақал әңгімесін аяқтады. Құлбек Жұмабайұлы Досайдың ұрпағы.
    20 – 50 – жылдары арасында Шымкент облысының бұрынғы Шәуілдір ауданында атқару комитетінің төрағасы, кейінірек орынбасары болып істеген, партия, совет ардагері, көпті көрген, ертедегі тарихты мол білетін шежіре кісі болатын.
    Жоғарыда аталған естелік ма­қа­­ласында таластық Тоғайбай Бегалиев: «Есей билердің ішіндегі ең инабаттысы еді. Именбай тура сөй­леп, дауды тез бітіретін шешен еді деп отыратын Үсіпәлі атамыз»,- деп жазады. Шынында, ел арасында Есей би айтыпты дейтін бітімді, кесімді, тапқыр, шешен сөздер, нақыл, мақал – мәтелдер, ойлы да бейнелі тіркестер аз кездеспейді. Бірер мысал:
    Есейдің жастау кезі болса керек. Ол бірде саудагер, бақалдың үстінен түсіпті. Әлгі саудагер «Ананы, мынаны әкеп беремін» — деп жұрттың тоқты – торым, тана – торпағын жинап әкете беріпті. Сонда Есей: «бұл саудагердің сөзін алма, бөзін ал, егер бөзін бермесе, өзін ал» — депті. Содан былай қарай ол ауылға алдамшы саудагер қулар жоламайтын болыпты.
    Есей жолаушылап келе жатса, алдынан бір жалшы шығыпты. – Биеке, келгеніңіз мұндай жақсы болар ма? Мынау байдан саулық сұрай келіп ем, өңкей қотыр ешкісін көгендетіп отыр. Мен алмаймын деп, соған дауласып жатырмыз, — дейді.
    Есей би ол байдың үйіне бұрылмастан көген басына барыпты. Қараса, оншақты қотыр ешкі көгендеулі тұр дейді.
    «Аттан түсіңіз, қонақ болыңыз» — деген әлгі байға: «Мен саған қонақ болмаймын, әуелі анау қойшыңа сауын бер, сауын берсең, сауын бер, қотырыңды қайтып ал, өзің емдеп жазып ал!», — депті де, жүріп кетіпті.
    Есей би айтыпты дейтін мынау төменгі нақыл сөздер ел аузынан, қариялардың айтуынан жазып алынған:
  1. Өсиетке терең бол,
    Өсек сөзге керең бол.
  2. Кедеймін деп налынба,
    Арыңды сатып жалынба.
  3. Бұл атаңнан қалған арық,
    Егін ек те бол қарық.
  4. Атаңның ботасын алма,
    батасын ал,
    бота өліп қалады, батадан
    бағың жанады.
  5. Ит жақсыны да, жаманды да қабады.
    Жалақор өз жазығын өзі табады.
  6. Ағайынмен жауласпа, басың азаяды.
  7. Етегіңді түріп елге жет,
    Теріңді төгіп еңбек ет.т.б.

Сөйтіп, Есей би кім болған, ол сонау жаугершілік заманда бытырай жатқан қазақтың басын біріктіріп, қоныстандырған ел қамқоры, сыртқы жаудан елін қорғаған атақты Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Қойгелді сияқты халық батырларының үзеңгілес замандасы болған. Олай болса, Есей естен шығармай, ел үшін еткен қыруар еңбегін ескеріп, тарихтан тиісті орын берейік.

About DevTeam

Check Also

Латын әліпбиіне көшу-уақыт талабы

Қазақстан Республикасының президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты биылғы жолдауында: «Жаңа Қазақстанды …

Добавить комментарий