Home / Қаржы / Үйлену оңай, үй болу қиын

Үйлену оңай, үй болу қиын

Арғы ата-әжелерімізден келе жатқан ұстамның бірі-ол мына бір керемет дана сөзде «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген. Әлбетте, үйлену қашанда оңай. Ал, үй болу оңай ма? Ал, енді осы сұрақтың жауабын талқылайық! Осы орайда, Талас ауданы сотымен бірлесе отырып, Билер кеңесі және Аналар алқасы аудандағы осы мәселе төңірегінде көптеген отбасы арасындағы кикілжің туғызып отырған мәселелер туралы татуластыру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Әсіресе, Талас ауданы соты төрағасының міндетін атқарушы Л.Дүкенбаева, судья Б.Жармұхамбетовпен ұйымдастырылған іс-шараларда бірлесе отырып, татуластыру рәсімдерін жүргізу жұмыстарына себепші болудамыз, алайда татуласқаннан гөрі, ажырасуға бел байлап келетіндер көптеп кездеседі.
Әрине, үй болу қашанда қиынырақ. Неке құрған жастардың көбіне бір-бірімен тіл табыса алмай, жұптары жараса алмай ажырасып жатады. Бұған не себеп? Осы мәселені толықтай қарастырып көрсек, ажырасудың себептері көп. Статистикаға сүйенсек, ауданымызда отбасын құру мен ажырасудың 4:1-ге сәйкес екен. Төрт некенің біреуі ажырасып жатады. Осы мәліметті көре тұра қалайша көз жұмып, қол қусырып отыра бермекпіз. Келешек ұрпақтың қамын ойласақ, қазірден бастап ажырасудың салдарын жою керек. Ең бастысы ажырасу — баланы әкесіз немесе анасыз қалдырады. Ал, әке-шешесіз өскен жас ұрпақтың кейінгі тағдыры қандай болмақ?
Үйлену мәселесіне жастар жағы асқан бір жауапкершілікпен қарап, өмірдегі маңызды қадамды мың ойланып, жүз толғанып барып жасаса дейсің. Үйлену тек жалғыз тоймен аяқтала салатын дүние емес екенін түсіну керек. Ата-бабамыз ынтымақ пен бірлікті көздің қарашығындай сақтаған, бүгінгі уақытта қазақы дәстүрді толығымен сақтап отырған отбасын табудың өзі қиынға соғады. Енесін сыйламайтын келін немесе келінін сыйғызбайтын ене, ата-анасына қарайласпайтын бала, үлкенді үлкен деп, кішіні кіші деп білмейтіндер кездесіп қалатыны жасырын емес. Қадірлеп, қастерлеп салт-сана болмаған жерде, болашағымыздың көсегесі көгере қояр ма екен?
Қорыта айтқанда, баршамыз жастарға үй болудың маңызы мен міндетін жете түсіндіре білсек, үйде ата-ана балаға -келінге бағыт-бағдар беріп отырса, ұл да біреудің баласы, қыз да біреудің мәпелеп өсірген баласы, сондықтан осыны баршамыз ұғынып-түсіне білсек.
Б.Момышұлы атамыз айтқандай «қыздар -ең батыр адамдар», себебі өз ата-анасынан кетіп, басқа отбасының босағасын аттау, ол үйге келін болып сіңісу, ол үйдің тауқыметін көтере білу және ол үйдің әр мүшесінің бабын таба білуге ұмтылу батырлықтың ең жоғарғы сатысы деп білу керек, мүмкін сонда ғана үй болудың қиындығын түсіндіре алармыз, мүмкін сол жағдайда жастардың ажырасуына шектеу қоя алармыз. Қандай жағдай болмасын жастардың махаббаты баянды болғай!

Б.Жилбаева,
Талас аудандық «Аналар алқасы» қоғамдық кеңесінің төрайымы.

About DevTeam

Check Also

Бәрімізге бәрібір ме?

Зеберкүл Шардарбекова, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Осы қазір білім сала­сын­да «мылтықсыз май­дан» жүріп жатқандай көрінеді …

Добавить комментарий