Home / Аймақ / Нан арзан ба, қымбат па?

Нан арзан ба, қымбат па?

Нанның да наласы барын ұмытпайық

Дүйсен
МОЛДАҚҰЛОВ,
«talas tynysy».

Нанның қадір-қа­сие­­тін, обал – сауа­бын бір білсе біздің қазақ біледі. Бастан өткен небір зұлмат заман халқымызды бір түзім нанға зар қылып қойды емес пе. Осындай қиын – қыстау кезеңді бас­тан өткізген ата­ла­рымыз бен апала­рымыз дас­тар­хан­дағы нанның кіш­кентай қи­қымдарына дейін ала­қанда­рымен сыпырып, жи­нап алатын.
Даладан кездейсоқ кесек нан тауып алса, оны жерден көтеріп, маңдайына тигізіп, ерін­дері жыбырлап оның қадірін жете тү­сінбеген ұрпақтары үшін тәңірінен кешірім сұрап еді.

«Ас атасы – нан», — деп дәрежелеген де қазақ. «Құранға шығып нанды алуға болады, ал нанға шығып құранды алуға болмайды», — деген қағиданы да қалыптастырған осы қазақ.
Ал, бүгінгі күні осы нанның қадір – қасиетіне жете алып жүрміз бе?
Өткенде бір танысым мынандай келеңсіз жайды әңгімелеп берді:

  • Мөлтек ауданның қоқыс тастайтын бір алаңшасынан өтіп бара жатып ауызы жартылай байланған толы қапқа көзім түсті. Ашық жерінен бөлке нанның шеті көрініп тұр екен. Дәтім шыдамай бардым. Алғаш қоқыс толтырған қаптың бетіне нанның қалдықтарын салған шығар деп ойлағанмын. Сөйтсем қап толы нан екен. Ішінде бүтін бөлкелер де бар. Белесебетіме салып, үйге алып келдім. Малдарыма бердім, басқа не істейін, — дейді қапаланып.
    Алқалы бір жиында аудан әкімі Қанатбек Мәдібек те осы мәселені әңгіме өзегіне айналдырған еді.
    -Қаратау қаласынан тәулігіне 20 тоннаға жуық күл – қоқыстар шығарылады. Ал, соның ішінен жартылай шегілген темекіні не жартылай ішілген ішімдікті таппайсыз. Есесіне нанның қалдықтарын кез – келген қоқыс алаңшасынан кездестіруге болады, — деген еді Қанатбек Қайшыбекұлы.
    Осы әңгіменің өзі де қазір қалыптасып қалған біраз жәйдан хабардар етсе керек.
    Темекі мен ішімдіктің барлық түрі күн санап қымбаттауда. Қымбаттағанда да бағасы еселеп артуда. Бірақ оған қарап жатқан жан жоқ. Күнделікті шегілетін темекі де, ішілетін ішімдік те сол мөлшерде. Оның бағаларына қатысы ешкім дау – дамай туғызбайды.
    Ал, нан ше? Ал, нанның бағасы 5 – 10 теңгеге қымбаттай қалса, «ойбай, нан қымбаттады», — деп шу шығарамыз. Сол нанның бағасы өскенмен қадірі өсті ме? Жоқ!
    «Алты жыл аш жүрсеңде ата салтымыңды ұмытпа», — дейді бабаларымыз. Сол ата салтымыз бірінші кезекте нанды қадірлеу қажет екенін ескертеді. Аналарымыз бен әжелеріміз: «нанның қоқымын жесең бай боласың», «күйгенің жесең бетің қызарып әдемі боласың», — дейтін. Бұл да нанды рәсуә етпеуге орай жүргізілетін қазақи тәрбиенің бір парасы. Осы мәселеге қатысты ел арасында мынадай тәмсіл бар.
    Әбден байыған Ыбырайым Пайғамбарымыз Алла тағалаға былай деп тіл қатыпты:
    -Уа, Жаратушы ием, мені бай еттің, төрт түлігімді сай еттің. Мұның да алар салмағы бар ма деп қауіптенемін. Соның артығын қайтарып алсаң деген менде өтініш бар, азға қанағат қылайын, — дейді.
    -Ей, Ыбырайым, — дейді Хақ Тағала сонда, — берекем қашып, байлығым азайсын десең – ендігі жерде нанды отырып емес, аттың үстінде тұрып же. Сонда нанның қиқымы шашылып, жерге түседі. Нан рәсуә болса берекең кетеді. Мен ырыс, берекені нанның қиқымына жасырғанмын. Сен нан жегенде бір түйірін де жерге түсірмей, етегіңе жинап аласың. Сондықтан да, саған береке дарып, дәулет бітті, — депті.
    Сондықтан, үнемдеудің үлгісін көрсетіп, нанның да наласы бар екенін ұмытпайық.

About DevTeam

Check Also

Есей би

Ел арасында фольклорлық мұралармен, ақын – жыршылар – мен бірге ел қорғаны болған батырлар, ел …

Добавить комментарий