Home / Аймақ / Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҒЫЛЫМЫ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҒЫЛЫМЫ

Көп ұзамай ең қасиетті құндылығымыз – ел тәуелсіздігінің торқалы тойын атап өтеміз. Осыдан отыз жыл бұрын біз саналы түрде, өз дүниетанымымыз бен болмысымыздың негізі ретінде бостандық пен азаттыққа таңдау жасадық. Бүгінге дейінгі бұл мерзім адамзат тарихы үшін қас-қағым ғана сәт болғанымен, орда бұзар жасқа енді толған тәуелсіз Қазақстан үшін ол – үлкен белес, асқаралы асу.
Мұндайға тек рухы күшті, бірлігі бекем жұрт қана қол жеткізе алады.
Арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһарман түрік аталарымыз аласапыран замандардағы алақұйын дауылдарға төтеп беріп, Ұлы далада ұлық ұлыс құрды. Талай жұрт алапат соғыстар мен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен замандарда қазақтар түрік жұртының ата қонысын, қара шаңырағын сақтап қалды.
Дана бабаларымыз өзін ғана емес, адал ғұрпын, дархан көңілін, таза тілін, әсем әні мен қоңыр күйін, мәйекті мәдениеті мен бай әдебиетін қоса сақтап, ұрпағына аманаттай білді. Тамырын да, тарихын да, күш-қуатын да Ұлы даладан алатын, көптеген этнос өкілдері татулық пен келісімде, береке-бірлікте бірге өмір сүріп жатқан дәл осындай елдің ұлы мен қызы болу – әр қазақстандықтың маңдайына жазылған шексіз бақыт.
Адамзат тарихындағы ең айтулы оқиғаларға толы ғасырлар тоғысында елімізді басқару маған үлкен сеніммен қатар зор жауапкершілік жүктеді. Мен өзім басшылық еткен отыз жылға жуық уақыт бойына туған халқымның сенімін ақтау үшін бар күш-жігерімді аянбай жұмсадым.
Ерлік пен елдікті ту еткен, жасампаздықты жалау еткен халқымыздың дербес мемлекет құрғанының отыз жылдық торқалы тойы қарсаңында тәуелсіздіктен тағылым алу үшін бүгін туған халқыммен ой бөлісуді жөн көрдім.

Басты құндылығымызды бағалай білейік

Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың тілеуімен, батырларымыздың білегімен келген бақ. Оған азаттық жолындағы көзсіз ерліктер мен есепсіз шайқастар дәлел. Олардың барлығы тарих беттерінде таңбаланып қалды. Тарихыңды таныған сайын, тәуелсіздіктің құнын түсінесің. Жақында баспасөз бетінде жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында өткеннен қалған өнеге мен бүгінгі жеткен биігіміз жайында кеңінен сөз қозғайды.
-Тәуелсіздіктің мән-мағынасы туралы түрлі ғылым өкілдері өзінше тұжырым жасайтыны анық. Бірақ, бір нәрсе ақиқат, ол-ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы жан алысып, жан беріскен сан ғасырлық күресінің заңды жалғасы, халықаралық құжаттармен бекітіліп, мәңгілікке берілген сыйы,-деген Елбасы түрлі зұлмат пен нәубетті бастан кешірген халықтың ерлігі мен ертеңге артқан сенімін, қайсарлығы мен қаһармандығын үлгі етеді.
Расымен, бір ғана ХХ ғасырдың өзінде қазақ елі аз азап шеккен жоқ. Бірінші Дүниежүзілік соғыс, артынша елді жайлаған ашаршылық, отызыншы жылдардағы зобалаң, тағы да соғыс, одан қалды 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Біз алдымен ауызға іліккенін қағазға түсірдік. Халықтың жартысынан көбін жойып жіберген зобалаңдар, адамның қолымен жасалды. Соғысқа бауырымызды берсек те, намысымызды берген жоқпыз, ашаршылықта жақынымыздан айырылсақ та, дәстүрімізден айныған жоқпыз. Қиынға көніп, ауырды көтеріп ертеңге сенім арттық. Көп тілегі қабыл болды. Ол 30 жылдығын атап өткелі отырған Тәуелсіздігіміз. Сондықтан, бүгінгі ұрпақ ұлағатты ұғымның бағасын білуі тиіс.
Үш онжылдықтың шеңберінде әлем таныған жетістіктеріміз, халыққа арналған игіліктер болса-ол Тәуелсіздік жемісі. Бүгінгі бейбіт күнге жету үшін аз күш жұмсалған жоқ. Талай тағылымды істің басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрды. Мұны «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласын қарап шыққан жан тереңірек ұғынары сөзсіз.
Өткен мен бүгінді байланыстырған мақалада Елбасы: -Ең бастысы-еліміз аман, ұрпағымыз азат. Біз алақанға салып өсірген сол азат ұрпақ енді «Мен Қазақстаныма не беремін?» дегенді ойлауы керек,-деп жастарға бағыт ұсынады.
Ия, мемлекеттің баянды болашағын ойлаған әр жас құндылықтарды құрметтеп, қабілетіне қарай ел дамуына еңбек етсе, даламыз жайнап, қаламыз көркейе түседі. Осыны ұғынуымыз керек.
Ғарифулла Байкенжеев,
Қызыләуіт ауылдық округінің әкімі.

Үлкен бақыт

Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында: «Біз тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Тәуелсіздік сол киелі қанның өтеуі еді. Мен мұның бәрін біз сенген, тәрбиелеген бүгінгі ұрпақ білсін, санасына сіңірсін деп әдейі жазып отырмын»,-дейді.
Рас, 1991 жылғы «Тамыз бүлігінен» кейін Кеңес Одағы құрамындағы елдер түгелдей өз тәуелсіздігін жариялады. Бұл уақыттар Одақтың іргесі шайқалып, ыдырауға бет алған тұс болатын. Жалпы, КСРО-ның тоқырау кезеңі бұдан бұрынырақ басталған еді. Елдегі тұрақтылықты сақтап, жаңа бастамаларға негізделген М.Горбачевтің «Қайта құру» реформасынан ешқандай нәтиже болмады. Керісінше, мемлекеттегі жағдайды одан ары ушықтырып жіберді.
Осы бір елең-алаң тұсты Елбасы былай суреттейді: –Біз ашуды ақылға, асығыстықты сабырға жеңдіріп, үнемі әліптің артын бағып, аңдысын аңдумен болдық. Маған батылырақ қимылдау үшін бүкілхалықтық мандат керек еді. Осылайша, 1991 жылы 1 желтоқсанда ел тарихындағы Тұңғыш Президенттік сайлау өткізіліп, онда халықтың 98 пайыздан астамы қолдау білдірді. Бұл маған қанат бітіріп, еркін қимылдауыма жол ашты,-дейді.
Қазақстанды Тәуелсіз мемлекет ретінде жариялау үшін әлі талай жұмыстар атқару керек болатын. Бұл орайда келіссөздер өз тиімділігін көрсетті.
Тәуелсіздік алғаннан кейін барлық істі басынан бастау қажет болатын. Бұл оңай шаруа емес. Тәуелсіз мемлекеттерге тән символдар, оған қажетті реформаларды қабылдау кезек күттірмейтін мәселелер еді. Мұның барлығын ел болып атқара білдік. Оған Елбасы мақаласындағы деректер дәлел.
Жалпы, «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласын Тәуелсіздікке дейін және Тәуелсіздік алған кейінгі кезеңдер деп бөлуге болады. Барлық мәліметтер тарихи деректер мен хронологияға негізделген. Елбасы пікірлері сонысымен шынайы.
Мақаланы оқыған адам тәуелсіздіктің құнын терең түсіне түседі. Әсіресе, бұл бүгінгі жастарға таптырмас ақпарат деп ойлаймын. Өйткені, елдің ертеңі-жастар.
Ерлан Әнетбаев,
№3арнаулы қызметтер ұсыну орталығының директоры, «Ізгілік» бастауыш партия ұйымының төрағасы.

Арманымыз ақиқатқа айналды

Тәуелсіздікке — 30 жыл. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, кейінгі ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Отыз жыл ішінде Қазақстан шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі.
1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы болды. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында жан-жақты баяндап, кеңінен тоқталды. Мақалада ел егемендігіне байланысты: «Көп ұзамай ең қасиетті құндылығымыз- ел Тәуелсіздігінің торқалы тойын атап өтеміз. Осыдан отыз жыл бұрын біз саналы түрде, өз дүниетанымыз бен болмысымыздың негізі ретінде бостандық пен азаттыққа таңдау жасадық. Бүгінге дейін бұл мерзім адамзат тарихы үшін қас-қағым ғана сәт болғанымен, орда бұзар жасқа енді толған тәуелсіз Қазақстан үшін, ол — үлкен белес, асқаралы асу»- деп баға берді.
Тәуелсіздік күні жас мемлекетіміз үшін – біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, сонымен қатар, өткенге деген тағзымды салауат пен болашаққа деген сенімді үміттің мерекесі болып табылады. Еліміздің ұлы тарихына, ата-баба рухына, аға ұрпақтардың қаһармандық өмір жолына құрметпен басымызды иеміз. Отанымыз – Қазақстанға деген құрметтеу сезімін әкелетін Тәуелсіздік күні алға қарай тағы да берік сеніммен қадам басамыз. Тәуелсіздіктің тұғырлы туы мәңгіге желбірей беретіне күмән жоқ. Өйткені, қазақ деп соғар жүрегімен әрбір Алаш баласының жұмылатын тұсы, ешбір таусылмайтын ісі де осы Тәуелсіздік болуы тиіс.
Тәуелсіз еліміз өркендей берсін, ал біз — мемлекеттік қызметшілер, еліміздің алдыңғы қатарлы елу елдің қатарына қосылуына өз үлесімізді адал еңбегімізбен қоса береміз!
А.Тұтқышбаева,
Талас аудандық соты кеңесінің бас маманы.

About DevTeam

Check Also

Билер тәжірибе алмасты

Елді мекендердегі Алқа билердің жұмыстары жылдан-жылға жанданып келеді. Олар халық арасында бірлік пен ынтымақты нығайтуда, …

Добавить комментарий