Home / Аймақ / Халықпен тікелей сайланған жаңа ауыл әкімдерімен кездесу өтті

Халықпен тікелей сайланған жаңа ауыл әкімдерімен кездесу өтті

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Ш.А.Сұлтанханның төрағалығымен, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Р.Н.Садырқұловтың, Жамбыл облысы әкімі аппараты әдеп жөніндегі уәкілінің міндетін атқарушы А.Ж.Көшербаеваның қатысуымен заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жаңадан халықпен тікелей сайланған 28 ауыл әкімдерімен кездесу өтті.
Ш.А.Сұлтанхан ауыл әкімдерін жауапты лауазымға сайланғандарымен құттықтай отырып, мемлекеттік қызметшілердің әдептілік құндылықтарына, қоғам мен Мемлекет басшысының сенімін ақтау, жергілікті халықтың мұң-мұқтажын қанағаттандыру жолында адал қызмет ету мәселелеріне жеке тоқталып өтті.
Сонымен бірге, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар мен әдеп нормаларын бұзу заңнамада көзделген жауапкершілікке әкеліп соқтыратындығына баса назар аударды.
Іс-шара барысында мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлаудың оқу бағдарламасының жаңашылдықтары, ауыл әкімдерінің әдеп жөніндегі уәкілдермен өзара іс-қимыл жасау мәселелері жөнінде сөз қозғалды.
Бұдан бөлек, Агенттіктің Жамбыл облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінде қаралған жекелеген тәртіптік істерге, бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстарда мемлекеттік қызметшілердің әрекеттеріне қатысты жарияланған жағымсыз материалдарға қысқаша шолу жасалып, нақты мысалдар келтірілді.
Нақтырақ айтар болсақ, 2021 жылы Әдеп жөніндегі кеңеспен мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасау және әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша қозғалған барлығы 22 тәртіптік іс қаралды.
Нәтижесінде, мемлекеттік қызметке кір келтіретін құқық бұзушылықтар жасағандары үшін 13 қызметші «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту», 2 қызметші «атқаратын лауазымынан шығару» түріндегі тәртіптік жазаға тартылды.
Сондай-ақ, 3 қызметшіге әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша «ескерту» және «сөгіс»түріндегі тәртіптік жазалар қолданылды.
4 тәртіптік іс заңды негіздер бойынша қысқартылды.
Үстіміздегі жылдың өткен кезеңінде Әдеп жөніндегі кеңеспен 3 ауылдық округ әкімдеріне қатысты тәртіптік іс қаралған болатын.
Нәтижесінде, ауыл әкімдерінің 2-не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағандары үшін «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазалар қолданылды.
Бұдан бөлек, кейбір ауылдық округтер әкімдері тарапынан әдеп нормаларын сақтамау фактілері де орын алуда.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тапсырмаларын орындау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-кеңістікте мемлекеттік қызметшілердің іс-әрекеттеріне қатысты жарияланған жағымсыз материалдарға тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде.
2021 жылдың 10 айында жүргізілген мониторингтің нәтижесінде барлығы 44 жағымсыз жарияланым анықталған. Оның ішінде, жергілікті атқарушы органдардың қызметшілеріне қатысты — 38, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттерінің қызметшілеріне қатысты — 4, өзге -3 (дәрігерлер, депутаттар және т.б.)
Департамент тарапынан жедел ықпал ету шараларының нәтижесінде 44 жарияланымның 17-ы расталды.
Атап айтқанда, ұжымдар арасында 3 түсіндірме жұмыстары жүргізілді, расталмаған ақпаратты теріске шығару жөнінде 6 шара қабылданды, сондай-ақ, карантин режимін сақтамағаны үшін Тараз қалалық және Шу аудандық мәслихаттарының 39 депутаты жеке тұлға ретінде, ал 2 қызметкер лауазымды тұлға ретінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен «Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, 2 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Бұдан бөлек, 1 лауазымды тұлға карантин талаптарын сақтамағаны үшін тәртіптік және ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершіліккетартылды.
Әдеп нормаларын сақтамау фактісі бойынша 1 лауазымды тұлғаға қатысты тәртіптік іс қозғалып, Агенттіктің Жамбыл облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінде қаралып, «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.
Аталғандармен бірге, ауыл әкімдеріне қарамағындағы мемлекеттік қызметшілерді негізсіз үстеме жұмысқа тартуға жол берілмейтіндігі, олардың еңбек құқықтары бұзылған жағдайларда Департамент пен Еңбек инспекциясы арасында жасалған меморандум аясында тексеру жұмыстары жүргізілетіндігі жөнінде ескертілді.
Бұдан бөлек, кездесу барысында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласында жиі орын алатын заң бұзушылықтар, әкімшілік тәжірибе, мемлекеттік қызметтерді электронды түрде көрсетудің проблемалы тұстары, сондай-ақ, осы саладағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік мәселелері талқыланды.
Атап айтар болсақ, 2021 жылдың 10 айында Департаментпен рұқсат беру құжаттарының мерзімін бұзғаны (ҚР ӘҚБтК 465-бабы) үшін жергілікті атқарушы органдардың 13 лауазымды тұлғаларына әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 27 хаттама толтырылды.
Оның ішінде, аталған заң бұзушылықты әкiмшiлiк жаза қолданғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасағаны үшін – 8 хаттама (ҚР ӘҚБтК
465-бабының 3-тармағы) жасалды.
Әкімшілік істердің барлығы қысқартылған іс-жүргізу тәртібінде қаралып, соммасы 1 166 800 тг. көлемінде айыппұл салынды және аталған соммалар бюджетке толық төленді.
Әкімшілік жазалар 2-аудан әкіміне, 8-аудан әкімдіктерінің бөлім басшыларына және 3-ауылдық округ әкімдеріне қолданылған.
2020 жылдың 10 айымен салыстырғанда ағымдағы жылы бұл көрсеткіш 2 есеге өсіп отыр.
Мысалы, өткен жылырұқсат беру құжатта­рының мерзімін бұзғаны үшін (ҚР ӘҚБтК 465-бабы)13 лауазымды тұлғаларға әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 14 хаттама толтырылып 494 960 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Кездесу барысында Департамент басшысы Ш.А.Сұлтанхан мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік немесе әкімшілік жауапкершілікке тарту департаменттің алдында тұрған мақсат еместігі жөнінде айта келе, департаменттің де, басқа да жергілікті мемлекеттік органдардың ең негізгі мақсаты-құқық бұзушылықтарды болдырмау, оның алдын алу екендігі туралы баян етті.
Бүгінгі академия филиалындағы жаңадан сайланған әкімдермен кездесу-мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қызметтер көрсету салаларындағы заң бұзушылықтардың алдын-алудың нақты көрінісі деп атауға болады.
Сонымен қатар, кездесу соңында ауыл әкімдерімен қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілді, сондай-ақ, олардың тілектері ескеріле отырып, ұсынымдар қабылданды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті.

About DevTeam

Check Also

Билер тәжірибе алмасты

Елді мекендердегі Алқа билердің жұмыстары жылдан-жылға жанданып келеді. Олар халық арасында бірлік пен ынтымақты нығайтуда, …

Добавить комментарий