Home / Аймақ / АУДАН ЭКОНОМИКАСЫ ЕҢБЕКПЕН ЕСЕЛЕНЕДІ

АУДАН ЭКОНОМИКАСЫ ЕҢБЕКПЕН ЕСЕЛЕНЕДІ

Тәуелсіздіктің 30 жылында жеткен табысымыз айтуға тұрарлық. Елдің тұрақты даму жолында жетістіктер мен қатар, ауыртпашылықтар да аз болған жоқ. Алайда, елдегі бірлік пен тұрақ­тылықтың нәтижесінде қиындықты еңсеріп, сыннан сабақ алдық. Әсіресе, соңғы екі жылдағы әлемді дүрліктірген пандемия кез-келген сын-қатерге дайын болу керектігіне көз жеткізді. Қиындықтарға қарамастан алға мақсат қойып, бағытымызды берік ұстана білдік.

Расымен, елдің әлеуметтік-эконо­микалық дамуына бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жүйе­лі жүзеге асуына және ел сенімін орнықтыруда Nur Otan партиясының қосқан үлесі аз емес. Бұл туралы партияның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сай­лауалды бағдарламасында Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев: -Қазақстан үшін сындарлы сәттерде нұротандықтар әрдайым халықтың жанынан табылып, қиын да күрделі міндеттерді атқарып келеді. Біз ешқашан бір сәттік пайданы көздеген жоқпыз, орындалмайтын уәдеден аулақ болдық. Қоғамымыздың орнықты дамуы мен азаматтарымыздың  тұрмысын жақсарту жолында тынымсыз жұмыс істедік,-деп баға береді.

Жалпы, сайлауалды бағдарлама -құндылықтарды қамтыған, ел дамуына негізделген, қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген мақсаттар мен бағдарлар жиынтығы. Халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беретін бағдарламаны жүзеге асыру бағытында Жол картасы әзірленіп, 2025 жылға дейін атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттарын айқындадық. Бұл орайда   міндеттер  жүктеліп,   тиісті   жұмыстар атқарылуда.

Инвестиция-игергенге игілік

Ауданда жыл басынан бері ауқымды міндеттер жүзеге асып, барлық сала бойынша жақсы көрсеткішке қол жеткіздік. Қазірдің өзінде жүйелі жұмыстар оң нәтижесін беруде. 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында аудан бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 17525,5 млн. теңгені құрады. Кәсіпорындар бойынша тоқталсақ, «Talas Invesment Company» ЖШС-гі 10030 тонна натрий цианидін және 3245 тонна амоний сульфатын өндіріп, 10831,5 млн. теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1914,9 млн. теңгеге артық орындалды. Кәсіпорын алдағы өнім көлемін арттыруды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, «Амангелді Газ» ЖШС-гі 93,9 млн. текше метр табиғи газ және 4,5 мың тонна газ конденсатын өндірсе, «Шолақтау» ЖШС-гі  44,0 мың тонна ұсақталған фосфат шикізатын шығарды. Бұл орайда кәсіпорындарда өнді­рілген өнімдер көлемінің орындалу көрсеткішінің төмен болуына пандемияның да кері әсері болған­дығын айта кетуіміз керек.

Үстіміздегі жылдың тоғыз айында негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 16617,8 млн. теңгеге жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 4799,3 млн. теңгеге артық орындалды.

2019 жылдан бері ауданда жел энергиясын пайдалану жұмыстары бойынша инвесторларды тарту арқылы жұмыстардың қолға алынғаны белгілі. Нәтижесін­де 9221,0 млн. теңгені құрайтын   5 жо­ба жоспарланып, 3734,0 млн. теңгеге 2 жоба іске қосылды.

Қаржы көздерін тарту арқылы озық технологиялардың көмегімен баламалы энергияны пайдалану жүйелі түрде жүзеге асып жатқандығын айта кетуіміз керек.

Қаратау-Тамды тас жолының бойындағы Тамды ауылдық округіне тиесілі жердің бір бөлігі индустриялық аймақ болып табылады. Жалпы, индустриялық аймақ құру үшін аудан әкімдігінің қаулысымен  жер учаскесі бөлінген болатын. Жер учаскесінің жалпы аумағы 40 гектарды құрайды. Аймаққа бөлінген учаске «Игілік» көпсалалы кәсіпорнының бақы­лауына берілген. Индустриялық аймақтың концепциясы жасалған. Тас жолға және аудан орталығына жақын орналасқандықтан инфра­құрылым тартуға қолайлы. Сонымен қатар, қаланың шығыс жақ бөлігінде Амангелді көшесіндегі индустриялдық аймақтың орналасу реті өз тиімділігімен ерекшеленеді. Қазіргі таңда нысан қала әкімі аппаратының теңгерімінде.

Кәсіпкерлікке мүмкіндік кең

Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының бағыты экономика мен өңірлердің тұрақты дамуына негізделген. Онда мемлекеттің экономикадағы үлесін 14 пайызға дейін қысқартып, бизнес үшін кедергілерді жою және бәсекелестікті дамыту арқылы шағын және орта бизнестің қызмет алаңын кеңейту көзделген.

Бұл бағытта «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы кәсіпке ниет білдірген азаматтардың мүмкіндіктерін арттырып отыр.

Жалпы аталған бағдарлама аясында Қаратау қаласындағы кәсіпкерлерге осы жылы 10 жоба, 2022 жылы 10 жобаны субсидияландыру және 5 кепілдеме беру жоспарланған болатын.

Жыл басында айналым қаражатын толықтыру мақсатында бағдарламаға қатысуға ниет білдірген 18 жобаның иелері несие алуға өтініш білдірген болатын. Үміткерлердің тізімі екінші деңгейлі банктерге жолданды.

Бағдарламаның несиелер бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау бойынша екінші деңгейлі банктерден 12 кәсіпкерге 67,5 млн. теңге несие рәсімделсе, «Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» құралы негізінде 85,0 млн. теңгеге     14 жоба мақұлданды. Одан бөлек, жаңа кәсібін жаңа бастаған азаматтар үшін мемлекеттік грант ұсыну бойынша жауапты мекемелермен тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.

Сондай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында биылғы жылға бірқатар істер жүзеге асты. Айталық, «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде бизнесті дамыту үшін жыл сайын кемінде 70 шағын несие беру көзделген. Осы жылдың 1 қазанына дейін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-на ауданнан 321,9 млн. теңгеге 86 өтінім берілген. Оның ішінде, 71 жоба оң шешімін тапты. Ауылдық жерлерден мақұлданған жобалардың дені мал шаруашылығын дамытуға арналғанын айта кетуіміз керек.

Ал, «Қарапайым заттар эко­но­микасы» негізінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы арқылы 82,5 млн. теңгеге 5 жобаға несие рәсімделген. Үшарал ауылынан 2, Тамды ауылынан 1 және  С.Шәкі­ров ауылынан 2 жоба мақұлданды. Тиісті қаржыға 380 бас уақ мал мен 132 бас жылқы сатып алынған.

«Сыбаға» бағдарламасы ая­­сында 8 жоба оң шешімін тауып, берілген қаражат тиісті мақсаттарға жұмсалды.

Аудан бойынша «Бастау- Бизнес» жобасы арқылы кәсіптік негізде 354 адамға жолдама беріліп, 334-і оқуын аяқтады.

Жаңа бизнес — идеяларды іске асыруға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (583 400 теңге) қайтарымсыз қаражат алуға 180 адамның бизнес жобалары комиссия қарауына ұсынылып, оның 150-і қолдау тапты.

Жалпы, аймақтың табиғат жағдайы ауыл шаруашылығы үшін қолайлы. Әсіресе, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер үшін  мүмкіндік мол. Бұл саладағы атқарылып жатқан жұмыстарды мұның алдында «Talas tynysy» газетіне берген сұхбатымда жан-жақты тоқталғандықтан, ол жайында оқырман хабардар деген ойдамын. 

Ауыл —тірлігімен ажарлы

Nur Otan  партиясының сайлауал­ды бағдарламасындағы «Ауқатты ауылдар» деген арнайы бағыты ауыл-аймақтың инфрақұрылымын жақсар­тып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға негізделген. Ол бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың жемісін көретін күн алыс емес.

Қазіргі таңда «Ауыл-ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақкөл ауылында дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары алдағы жылға өтпелі. Спорт кешенінің жалпы құны 330623,0 мың теңгені құрайды.

Бүгінгі күні Ақкөл ауылындағы    19 көше орташа жөндеуден өтті.

Сонымен қатар, Үшарал ауылдық округіне 45 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория салуға 123 955,0 мың теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары 2022 жылы толықтай аяқтау жоспарда бар. Жалпы, жоба құны 173 950 мың теңге.

Ерназар-Қойгелді бағытында автомобиль көпірін салуға бюджеттен қаражат бөлініп, жұмыстар басталып кетсе, Қожағаппар және Сейілбек ауылдарына кіреберіс жолына асфальт жамылғысы төселінді.

Аудан тұрғындарын көгілдір отымен қамтамасыз ету-алда тұрған маңызды міндеттердің бірі. Қазіргі таңда аудандағы 23 елді мекеннің 14-і газдандырылған. Бұл ауыл-аймақтың 60,9 пайызын құрайды. Жамбыл облысы әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан Ақкөл, Қызыләуіт және Ақтөбе елді мекендеріне газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде. 2022-2023 жылдарға өтпелі жобаның құны 3 млрд. 700 мың теңгені құрайды. Одан бөлек, бөлім тарапынан аталған ауылдарға ішкі кварталдық газ тарату желісінің құрылысы бойынша ЖСҚ мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Облыс әкімдігі энергетика жә­не тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылығы басқармасы тара­пынан бүгінге дейін 444 млн. 444 мың теңге бөлініп, «Билікөл» автоматтандырылған газ тарату стан­сасының құрылысы басталды. Одан бөлек Майтөбе, Қожағаппар ауыл­дарына газ тарту үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.

«Рухани жаңғыру» бағдарлама­сы аясында ауылдан шыққан азаматтардың бастамасымен қолға алынған игі істер елді мекендердің көркіне көрік қосып, жергілікті тұрғындардың ризашылығын туды­рып отыр. Мәселен, биылғы жылдың өзінде Тамабек ауылында қорымның аумағы қоршалып, Б.Жолтаев атындағы атшабар пайдалануға берілсе, Тұрымқұл елді мекенінде Ұлы Отан  Соғысы ардагерлерінің есімдері жазылған  монумент, заманауи үлгідегі мешіт, балалар ойын алаңы, субұрғағы ашылды. 

Тұрақты жұмыс-табыс көзі

Пандемияға байналысты енгізілген карантиндік шараларға қарамастан әлеуметтік сала бойынша атқарылған жұмыстар нәтижесіз болған жоқ. Әсіресе, халықты жұмыспен қамту мәселесіне баса назар аударылды. Жыл басынан бері 3 рет  бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған 96 жұмыс беруші қатысып, олардың тарапынан 212 бос жұмыс орындары ұсынылды.

Жалпы, әлеуметтік жұмыс орын­дарын құруға бюджеттен 157 орынға 46144,0 мың теңге жоспарланған. Бекітілген әлеуметтік жұмыс орын­дары бойынша 2 жақты келісім жаса­лып, 193 адам жұмысқа жолда­нып, жұмыс мерзімі аяқталған 36 азаматтың ішінен 34-і жұмысқа орналасты.

Аудан бойынша  жұмыс берушілер тарапынан «Еңбек KZ»  ақпараттық интернет порталында жарияланған ва­канттық бос жұмыс орындарына жұмыс іздеуші болып тіркелген 1588 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарлама­сы аясында инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лықты дамыту есебінен жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында «Нұрлы жер» және «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы негізінде 11 жоба бойынша 68 жұмыс орнын ашу жоспарланып, 48 азамат жолданды.

Елбасының «Еліміздің болашағы жастардың қолында» деген сөзі өскелең ұрпаққа артылған міндеттің қаншалықты маңызды екендігін көрсетсе керек. Бұл бағытта жастарды жұмыспен қамту ісі де назардан тыс қалған емес. Айталық, 568 жас тұрақты жұмысқа орналасса, жастар практикасына 92, әлеуметтік жұмысқа 32, қоғамдық жұмысқа 128 адам жолданды.

Еңбек ресурстарын арттыру яғни жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету бойынша Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарына қоныс аударуға ниет білдірген 11 отбасының (38 адам) мәліметтері жауапты мекеме арқылы қоныс аударатын өңірлерге жолданды. Қазіргі таңда екі жақты келісім жұмыстары жүргізіліп жатыр.

9 айда 13132 шаршы метр тұрғын үй падалануға берілді

Үстіміздегі жылдың 9 айында пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 13132 шаршы метрді құрады. Өткен жылдың есепті аймен салыстырғанда 172 шаршы метрге артық немесе 101,3 пайызға орындалды.

Қаратау қаласындағы Б.Мо­мышұлы көшесі №11 үйде орналасқан жеке меншіктегі бос тұрған 10 пәтерді сатып алуға 50 млн. теңге бөлініп, баспанаға мұқтаж әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен көпбалалы отбасыларына берілді.

Сондай-ақ, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында 3 мөл­тек ауданындағы №17 көпқабатты үйді  қайта жаң­ғырту жұмыстары биыл­ғы жылға  482 310 мың   теңге бөлінді. Бү­гінде құрылыс жұ­мыстары аяқталуға жақын.

Бұдан бөлек 3 мөлтек ауданындағы №15 үйді қайта жөндеуден өткізуді «ҚазФосфат» ЖШС-не қарасты «Шолақтау» тау-кен өндіріс кешені міндетіне алған болатын. Мекеме есебінен қолға алынған жаңғырту жұмыстарына тиісті қаражат бөлініп, құрылысы тамыз айында басталды. 72 пәтерлік көпқабатты үй жақын арада өндіріс кешенінде жұмыс жасайтын, көпбалалы отбасылары мен жас мамандарға және баспанаға мұқтаж жандарға беріледі деп күтілуде.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы да өз нәтижесін беруде. Бабадан балаға жеткен елді бірлікке, ынтымаққа бастайтын  «Асар» дәстүрін  қайта жаңғырту мақсатында басталған ізгілікті іс баспанаға мұқтаж талай отбасын қуанышқа бөледі.  Жоба шеңберінде өткен жылы аудан бойынша 8 ауылдық округте көпшіліктің атсалысуымен тұрғын үй пайдалануға берілсе, үстімізде­гі жылы тағы да 6 елді мекенде 8 баспана тұрғызу жоспарланған болатын. Тілеулес ағайындардың көмегінің арқасында осы жылдың өзінде 5 ауылда жоба сәтті жүзеге асырылып, отбасылар баспаналы болды.

Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өткелі отырмыз. Үш онжылдықтың бедерінде бағындырған белестеріміз аз емес. Оған атқарылған жұмыстар дәлел. Аудан көлемінде айтулы мерекеге орай іс-шаралар ұйымдастырып, өткізілуде. Ондағы мақсат-жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, тәуелсіздігімізді құрмет тұтуға шақыру. Өйткені, тарихын танып, дәстүрін біліп өскен жастан, отанын қорғайтын, үлкенді сыйлайтын азамат   қалыптасады. 

Жалпы, барлық салада жұмыс байқалады, ілгерулеушілік бар. Әсіресе, әлеуметтік саладағы жұмыстары көрсетіліп жатқан қызметтерден байқауға болады.

Біздің міндетіміз-аймақтың дамуына, халықтың тұрмыс- жағдайын жақсартуға қызмет ету. Өйткені, елдің өркендеуі халықтың өмір сапасымен өлшенеді. Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында көтерілген мәселелердің түйіні де осыған саяды.

Қанатбек Мәдібек,

Nur Otan партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі.

About DevTeam

Check Also

Билер тәжірибе алмасты

Елді мекендердегі Алқа билердің жұмыстары жылдан-жылға жанданып келеді. Олар халық арасында бірлік пен ынтымақты нығайтуда, …

Добавить комментарий