Home / Әдебиет және мәдениет / Қазақтың Мюнхаузендері

Қазақтың Мюнхаузендері

Қабан жетектеген қабан

Жақан жәкеміздің аңшылығы жө­нін­де ел ішінде аңызға бергісіз әң­гі­ме көп. Әсіресе, бояуын қалың­да­тып, ба­бына келтіріп айтқанда ерік­сіз тәнті боласың. Оның қоспасы көп еке­нін сезе тұра тамсана тыңдай­сың. Кейде әңгіме ұзағырақ созылып кеткенде «енді не болар екен?», «қай­тер екен?» — деп өзіңнің де тағат­сыздана бастағаныңды сезбей де қаласың.
Жәкемізге сөзін тыңдап отырған бір адам ба, болмаса бірнеше адам ба бәрібір. Қою мұртының екі ұшын анда-санда саусағымен саумалдап сауып қойып жалғастыра береді.

  • «Астаукөл» көлінің маңындағы қалың қамыста тайыншадай қос қабан пайда болыпты, төңірегінің бәрін қо­парып тастапты, — деген гу-гу әңгіменің маған жеткеніне де біраз болған. Маған қызық көрінгені айтушылардың екеуі мүлдем бір-бірі­нен ажырамайды, бір-бірімен құйрық тістесіп қатар жүреді дегендері еді.
    «Қой»,- дедім өзіме-өзім бір күні. Не де болса өз көзіммен көрейін, елдің әң­гімесінің бәріне сене беруге бол­май­­ды. Қосып айтпаса көңілдері көншімейді.
    Сөйтіп, қорғасыннан екі жалғыз оқ құйып, қосауыз мылтығымды алып, атыма мініп, «Астаукөлді» бетке алып жолға шықтым. Көл анау айтқандай алыс емес, күрең төбел төбелімнің жорғалығы бар, лезде жетіп келдім.
    Атым әбден сыралғы ғой, өздерің де білесіңдер, жүгенін мойнына іліп, бос жібере салдым. Мылтығыма жалғыз оқпен оқталған екі патронды салып бір басып, екі басып, мысықтабандап жағаға келдім. Ары қарай атты адам көрінбейтін қа­лың қамыс. Әр-әр жер­ді қабандардың ауда­рып тастағандарын байқадым. Бірақ өздері көрінбейді. Қане, сонымен екі сағаттай төңіректі барлап шыққанымен оларды кездес­тір­медім. Босқа сандалып жүре берем бе, кер­төбеліме мініп ауылға қайттым.
    Қабанға әне жолығады, міне жолығады деп шыдамсызданып отырған біздің көңіліміз су сепкендей басылып қалды.
  • Ой, осы-ақ па?
  • Қабандар сонда қайда кеткен?
  • Әжептеуір әңгіме ме десем, — дескендердің алды етектерін қағып орындарынан тұра бастағанда оларға назар аудармаған Жақаң:
  • Ертеңіне әлгі жерге тағы келдім,-деп әңгімесін одан әрі жалғастырды.
  • Е, бәсе!
    Біз қайта жайғаса бастадық.
  • Ол күні де бос қайттым, -деді Жақаң міз бақпаған күйі. «Енді маған не істей қоясыңдар?» дегендей езуінде бір күлкі пайда болғандай көрінді.
    Біз бір-бірімізге қарадық.
    Арадағы үнсіздікті Жақаңның өзі бөлді:
  • Үшінші күні келдім-жоқ, төртін­ші күні келдім-жоқ,-деп әңгімесін соза бергені сол еді, арамыздағы біреу:
  • Жәке! Қабан­ға жолыққан же­рі­ңізден бас­тап ары қарай айта беріңізші,-деді шыдамсызданып.
  • Сөзді бөлме,- деді Жақаң қысқа қайырып тиып тастады,- сонымен бесінші күн дегенде әлгі екі қабанды со­надайдан көзім шалды, құйрық тістесіп қатар тұр. Алғаш бі­рі екіншісінің құй­рығын иіскеп тұр екен деп қалдым. Жоқ, олай емес екен.
    Жер бауырлап жылжи-жылжи оқ жетер жерге жақындадым-ау әйтеуір.
    Бажайлап қарасам, соңында тұр­ған қабан алғашқы қабанның құйры­ғының ұшынан тістеп тұр. О, тоба, мұндай­ды кім көрген және не үшін тіс­теп тұр­ғаны да түсініксіз. Таң қал­мас­қа ша­раң жоқ енді. Екеуін екі оқпен сұлата са­луға құдіретім жетеді. Мен бі­рақ олай істемедім. Қызық қы­лайын деп алғаш­қы қабанның құйрық түбінен көз­деп, шүріппені басып қал­дым. Ас­панға бір секіріп шыңғырған күй әлгі қа­­бан ну қа­мыстың ішіне кіріп жоқ бол­­ды. Ал, екінші қабан ештеңе бол­ма­ған­­­­дай сол орында тапжылмаған жәйбарақат күйі тұр.
    Мұнысы несі, мен таңданысымда шек жоқ. Таң-тамаша болған күйі мылтығымды ыңғайлап әлгіге жақындай бердім. Сөйтсем екі көзі бірдей соқыр екен. «Мақұл»,- дедім өзіме-өзім, екі көзі көрмегенімен менің аяқ дыбысымды есту керек емес пе? Ондай әрекет те танытпаған соң екі құлағының да тас керең екенін аңғардым. Ендігі жерде қорқып, сескенетін ештеңе жоқ, қабанның қасында батыл басып келдім.
    Ауызында манағы қашып кеткен қа­банның құйрығын әлі тістеп тұр екен. Құйрық дәл мен көздеген жерден тиіп, пышақпен кескендей қиып түсіпті.
    Кесілген құйрықтың екінші ұшы­нан ұстап сәл-пәл тартып едім қаба­ным кәдімгі ит құсап құйрығын бұлғаңдатты. Мені әлгі серігі екен деп қалса керек. Сөйтсем, бірінші қабан бұл байқұсқа жаны ашып, құйрығынан тістетіп жетекке алып жүреді екен ғой, қайдан білейін. Содан сол қабанды жетектеген күйі ауыл шетіндегі Апа­нас тамырыма әкеліп бердім, -деп әңгімесін түйіндеді.
  • Жәке сіз қабан жетектеп кеттіңіз, «Астаукөлдің» басында күрең төбел қалып кетті ғой…
    Жәкем сұрақ иесіне алая бір қарағанымен үндемеді.

About DevTeam

Check Also

Таланттарды іріктеген фестиваль

Нарбол Қашаған, «Talas tynysy». Талас өңірі өнерден кенде емес. Талант дарыған талай тұлға туған топырақ …

Добавить комментарий