Home / Аймақ / Жыр арқауы — тәуелсіздік

Жыр арқауы — тәуелсіздік

Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».

Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясын­да және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Жам­был Жабаевтың 175 жылдық мерей­тойына орай аудан әкімдігі мәдениет жә­не тілдерді дамыту бөлімінің ұйым­дас­тыруымен «Тәуелсіздік-тұғы­рым» ат­ты облыстық ақындар айтысы өтті.
Онлайн форматында ұйымдас­ты­рылған жыр сайысына Тараз қаласы жә­не аудандардан 23 айтыскер қатысты. Олардың арасында есімі елге кеңінен танымал арқалы ақындармен қатар, та­лабы таудай жас буын өкілдері де болды.
Жоғары деңгейде өткізілген жыр додасына Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Қайырбек Асанов, Ш.Мұртаза атындағы Руханият және Тарихтану орталығы директорының орынбасары, мәдениет саласының үздігі Ахметжан Өзбеков, облыстық «Aq Jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, ақын Біржан Сартбек, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Сабырғали Рысбаев және Үміт Битенова қазылық жасады.
Өзара сынға түскен ақындар ұлттық құндылықтар, тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерді жырлаумен қатар, арадағы достық қатынас пен туыстық байланыстарды да әзіл арқауына айналдыра білді. Көрерменге көтеріңкі күй сыйлай білген додада алдымен ақындардың тапқырлығы мен ой ұшқырлығы назарға алынды.
Айтыстың қорытындысы бойын­ша Бас жүлде Жамбыл ауданының жас ақыны Нұрлыбек Құрмановқа бұйырды. Ал, 1-орынды тараз­дық Шапағат Әбдір иеленсе, 2-орын­ды таластық Олжас Отар мен Т.Рысқұлов ауданынан келген Асхат Қылышбеков өзара бөлісті. Белгілі айтыс ақыны Айтмұханбет Исақов пен жерлесіміз Есет Досалы үздік үштікті түйіндеді.
Сондай-ақ, аудандық мәсли­хат­тың депутаттары атынан аудандық мәслихаттың хатшысы Қадірбек Садубаев таластық Нұржан Манат­­бекке арнайы сыйлықты табыс етті.

About DevTeam

Check Also

Изменений и дополнений в Законе «Об исполнительном производстве и статусе судебных исполнителей»

11 января 2022 года в силу вступил Закон Республики Казахстан «О внесении изменений и дополнений …

Добавить комментарий