Home / Аймақ / ҚЫС – ҚЫСТЫҒЫН КӨРСЕТТІ

ҚЫС – ҚЫСТЫҒЫН КӨРСЕТТІ

Көктем мезгілінің екінші айы өтіп жатыр. Жұрттың есінде болса, алғашқы қар өткен жылдың желтоқсан айының 11-де жауған еді. Міне, содан бері 6 айға жуық уақыт өтті. Ара-тұра күннің көзі жылт еткені болмаса, Талас өңірі биыл қардан көз ашпады. Жыл сайын құрғақшылық болып, мол жем-шөп дайындап дағдыланбаған шаруа қауымы биыл қатты қиналды. Ауа райының қолайсыздығынан, әрі су тапшылығынан шабындықтардың оты сұйылып, шаруалардың малына қажетті жем-шөпті дайындай алмағаны да белгілі болып қалды. Енді міне, солардың зардабын тартуға тура келіп отыр.
Аққұм ауылдық ардагерлер және Билер кеңесінің төрағасы Пәрімбек Бейсеновті әңгімеге тартқан едік:

  • Адамнан жасырғанды Құдайдан жасыра алмайсың. Бір жағынан бойкүйездікке салынған өзіміз де кінәліміз. Бірақ баяғы кездегідей жайқалған шабындық жоқ. Біраз шабындықты жиде, жыңғыл, шеңгел басып кеткен. Барын орып алайық десек, техникамыз сай емес. Сатып ала беруге қомақты қаржы керек. Оған біреудің шамасы келеді, біреудің шамасы келмейді. Оны айтасыз, жайылымдықтың көпшілігін жеке-дара кісілер иемденіп алған. Осындай себептерден төрт құбыламыз сай болмай, биыл қысқа әупірімдеп түскендер біраз малдан ажырап қалды. Дала қазағының күнкөріс көзі – мал екенін ескерсек, бұл жағдай халыққа ауыр тиіп отыр.
    П.Бейсенов биылғы жылы қардың мол түскенін дәтке қуат етіп отырғанын айта келіп, осы бастан техникамызды сайлап, ел болып жұдырықтай жұмылмасақ, біреуге сеніп отырғаннан түк шықпайды дегенді айтты.
    Ойық ауылы Билер кеңесінің төрағасы Пана Рахыманбердіұлы да осы тақылеттес әңгімені қаузап, соңғы жылдары су тапшылығынан шабындықтар көлемінің азайғанын айтып, әсіресе, Майлыкөл шабындығының тозғанына алаңдаушылығын білдіре келіп, біраз жылдан бері айтылып келе жатқан су тоспасы жасалынғанда мұндай күйге түспес едік деді. Тағы бір жақсылықты айтып, қуантып тастады. Облысқа белгілі мецанат, кәсіпкер Әлімбек Әсембекұлы Жұмабеков қыс қиындығына ұшыраған ауыл тұрғындарына ауладағы мал сандарына қарап, 10-15 түктен шөпті тегін таратып берді. Онысымен қоймай, қосымша тағы да сапалы пішен әкеліп, арзан бағамен сатуды ұйымдастыруда екен. Қиындық туған кезде азаматтық танытқан Әлімбекке ойықтықтардың алғысы шексіз.
    Бір кездері мыңғырған мал өсіріп, атақ-даңқы алысқа кеткен таластықтар да биыл мал басын сақтауда қиындыққа тап болды. Әсіресе, өткен жылы ғана «Қанат қақты» жобамен мал алғандар бармақ тістеп отыр. Тиісті жем-шөптің дайындалмауынан бұл ауылда да мал шығыны бар. Осындайда құрған ауыл кооперативінің әлеуеті жем-шөп дайындауға жетпеген бе деп қиналасын. Тіпті «менмін» дегендердің өзі қамсыз қалды. Несиеге мал алған аула иесі Базар Мәденұлы биылғы қиындықтан біраз малынан айырылғандардың несиесін комиссия шығарып, бір жылға шегере ма екен деп сұранып жүр. Осы мәселе жөнінде Үшарал ауылдық округінің әкімі Рахымжан Айтуов та несие берген мекемемен әңгіме жүргізіліп жатқанын жеткізді.
    Қалай болғанда да, табиғат апатынан келген зиянды ескеріп, шаруалардың өтінішіне де құлақ асқан жөн бе дейміз.
    Күннің жаманы кетер. Көк орайлы көктем келер. Күн шуағын төгер. Күннің көзі жылт етсе, қырда раң оты да қаулағалы тұр. Бар шабындықтың түгел есебін алып, техникаларды дайындау да керек шығар. Енді құр цифрмен жоспар орындамай, шаруалар өз тіршілігін өлермендікпен жасамаса, қыстың қыстығын істейтіндігіне биылғы қыс куә.
    Шаруалар бар, қалталылар бар, өткен жылғы кемшілікті қайталамас үшін бүгіннен бірігейік. «Көктемнің әр күні – жылға азық» деген. Сол сөздің мәніне жетейік.

Сәулембай Әбсадықұлы,
Талас аудандық Билер кеңесінің төрағасы.

About DevTeam

Check Also

Изменений и дополнений в Законе «Об исполнительном производстве и статусе судебных исполнителей»

11 января 2022 года в силу вступил Закон Республики Казахстан «О внесении изменений и дополнений …

Добавить комментарий