Тұрақтылық табысты арттырады
Қаламыздағы балалар өнер мектебінде
аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту
орталығының ұйымдастыруымен бос
жұмыс орындарының жәрмеңкесі
болып өтті.
Жәрмеңкені ашып, сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Т.Қойлыбаев жұмыс берушілерге бірлесіп жұмыс жасай отырып, жұмыссыз жандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлес қосу азамматтық міндетіміз екендігін айтса, аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Е.Малкайдаров: — бүгінгі таңда жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеуші ретінде -1245 адам тіркелген болса, соның ішінен жыл басынан 647 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына — 154, жастар тәжірибесіне — 43, әлеуметтік жұмыс орындарына — 98, қоғамдық жұмыс орындарына -352 адам жолданды, — дей келіп, жұмыс іздеушілерге сәттілік тіледі.
Келесі кезекте жұмыс беруші ретінде сөз сөйлеген балалар өнер мектебінің директоры Г.Күсепбаева көпшілікке мектеп бітірушілердің сұранысқа сай білім алуы маңызды екендігін айта келіп, мекемеге қажетті мамандар мен бос жұмыс орындар барысымен таныстырды.
Бұл жәрмеңкеде ауданның 18 жұмыс берушілері 55 бос жұмыс орынын ұсынды. Сонымен қатар, солтүстік және шығыс өңірлерінің 3348 бос жұмыс орындары ұсынылып, өзге аймақтағы жұмыс жөнінде де орталық мамандары арнайы ақпарат пен түсіндіру шараларын жүргізді.
Жәрмеңкеге жиналғандар көп болды. Жұмыс іздеушілерді сөзге тартқан едік.
- Мен жүргізуші болып жұмысқа орналасатын болдым. Осы уақытқа дейін отбасымнан жырақта еңбек еттім. Жақында ғана орталыққа жұмыссыз ретінде тіркелген болатынмын. Міне бүгін нәтижесін көріп отырмын. Енді алыстан арқаланбай, отбасымның жанында болатыныма қуанып тұрмын, — деді қала тұрғыны Е.Әбішов.
Жиын соңында тұрақты жұмысқа орналасқандар орталықтан жолдамаларын алып жұмыс орындарына кетіп жатты.