Home / Аймақ / Ауылдың дамуы — елдің дамуы

Ауылдың дамуы — елдің дамуы

Қызыләуіт ауылдық округі
Қызыләуіт ауылын­да мемлекеттік бағдар­ламалар аясында бір­қатар істер жүзеге асқан. Істің көзін тапқан азаматтар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды пайдаға жаратып, кәсіптерін айналдыруға көшкен. Әсіресе, мұндай батыл әрекеттер ауыл шаруашылығы саласында байқалады. Бұл жайында аудан әкімі Бақыт Қазанбасов пен Қызыләуіт ауылдық округінің әкімі Бажан Бекетаевтың өткен жылдың қорытындысы бойынша тұрғындар алдында бірлескен есебінде айтылды.«Ақтөбе» шаруа қожалығы ҚазАгро қаржы несие қолдау қорынан алған 11 млн. теңгеге Ресейден 40 бас «Ақбас» тұқымды сиырын алған болатын. Қазіргі таңда шаруашылық мал басын көбейтуге көшкен. Сондай-ақ, «Еламан» шаруа қожалығы 600 басқа арналған заманауи үлгідегі мал бордақылау алаңын ашып, жұмысын жүргізуде. Шаруа қожалығы алдағы уақытта 5000 басқа арналған бордақылау алаңын, сүт және шұбат өнімдерін өндіру цехын ашуды жоспарлап отыр. Ал, «Кәусар» шаруа қожалығы мүйізді ірі қараға арналған бордақылау алаңының және 400 басқа арналған сауын сиыр сүт фермасының құрылысын жүргізуде,-деген Бажан Бекетаев өзге салалардағы атқарылған жұмыстарды атап өтті.
Округ әкімінің айтуынша, 2020 жылы 51 млн. 509 мың теңгеге мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткен. Сонымен қатар, 6 млн. 700 мың теңгеге «Қотырәуіт» каналына жөндеу жұмыстары жүргізісе, 9 млн. 285 мың теңгеге М.Қыстаубайұлы атындағы орта мектептің элекрт жүйелері жаңартылған.
Кезекті баяндамадан соң сөз алған Бақыт Қазанбасов аудан көлемінде іске асқан жұмыстарға жеке-жеке тоқталды.
Жиында еңбек ардагерлері Темірбек Баяқов, Алдаберген Байпақов, Разия Ағысова, Сағынбек Ахметов «Қызылқия» каналына науа жүйесін орнатуға, «Қотырәуіт» су қоймасының дамбысын биіктетуге, ауылға көгілдір отын тартуға, ауылдағы дәрігерлік амбулаторияға жедел жәрдем көлігін бөлуге, орта мектептің жылу жүйесін жаңартуға, Көктал өзеніне көпір салуға қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Тұрғындар тарапынан жолданған сауалдарға қатысты аудан әкімі:-Су қоймаларына, мектептің жылу жүйесін жаңалауға қатысты мәселені нақтылайтын боламыз. Ақкөл, Қызыләуіт, Ақтөбе ауылдарына газ тартуға 844 млн. теңге бөлінді. Тиісті жұмыстар басталып кетті. Аудандық орталық ауруханаға жедел жәрдем көлігі бөлінген жағдайда мәселе шешімін табады деп ойлаймын. Ал, Көктал өзеніне көпір орнату үшін ондағы каналды аудандық әділет басқармасы арқылы есепке тіркеу керек. Сонда ғана қаражат бөле аламыз,-деді.

Ақкөл ауылдық округі
Бұл күні аудан әкімі мен ауылдық округі әкімінің 2020 жылдың қортытындысы бойынша тұрғындар алдын­дағы бірлескен есебі Ақкөл ауылында жалғасын тапты.
Жиында баяндама жасаған ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Бейсбек Сейдуанов: -Ауыл тұрғындарының үй іргесіндегі жерлеріне ағын су беру мәселесі толық шешілген. Егістік жерлерін ысырапсыз ағын сумен қамтамасыз ету үшін биыл ескірген су жүйелерін ауыстыруға арналған «Лоток» құрылысына 74 млн. теңге бөлінді. 726 млн. теңгеге Ақкөл су қоймасына бөгет (плотина) салынып, Аса өзенінің ернеулері көтерілді. Аса-Ащыкөл каналына 21 млн. теңге қарастырылып, механикалық тазарту жұмыстары жүргізілді,-деді. Бұдан өзге ауылдық округте ауыл шаруашылығы, әлеуметтік салалар бойынша жұмыстар іске асырылған. Бұл туралы Б.Сейдуанов есепті кездесуде айтып берді.
Өз кезегінде аудан әкімі Бақыт Қазанбасов 2020 жылы атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер жайында баяндады.
Жарыссөзге шыққан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Досболат Туғанбаев ел игілігіне жасалып жатқан істерге оң бағасын беріп, кезек күткен мәселелерлердің де бар екендігін алға тартты.
Жалпы, көптің көкейіндегі мәселелер жазбаша түрде жолданды. Көтерілген сауалдарға қатысты аудан әкімі жауап берді.
-№14 Талас колледжінің ғимараты 200 адамға арналған оңалту орталығына айналады. Тиісті жөндеу жұмыстары екінші жартыжылдықта басталады деп күтілуде. Бұзылған үйлерді қалпына келтіру туралы сұрақ орынды. Бірақ, округте тұрғын үй кезегіне өтініш білдірген азамат жоқ Тұрғын үйлерді жөндеуден өткізіп, пайдалануға беру үшін осы мәселені реттеу керек. Кемінде 50 адам өтініш жасаса, құрылыс жұмыстарын қолға аламыз. О.Иманалиев атындағы мәдениет үйіне жөндеу жұмыстары кезек күттірмейтін жұмыс. Тиісті қаражатты қарастырамыз. Аса өзенінің ернеуін көтеруге қатысты, егер нысан ауылдық округі теңгерімінде болса, мәселені реттейміз. Ал, Д.Қонаев ескерткішін жөндеуге қатысты жобаны өткізсеңіздер, ұсыныстарыңызды қарайтын боламыз,-деген Бақыт Алпысбайұлы айтылған өзге де талап-тілектердің жауапсыз қалмайтындығын жеткізді.
Есепті жиын соңында еңбек жолын қаржы саласына арнаған, ардагер Үшкемпір Жұмабековке «ауданның Құрметті ардагері» медалі берілді.

С.Шәкіров ауылдық округі
Аудан әкімі Бақыт Қазанбасов пен С.Шәкіров ауылдық округінің әкімі Әлмен Онбаев С.Шәкіров ауылдық округі тұрғындарының алдында 2020 жылы атқарылған жұмыстар жөніндегі есептерін берді.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша ауыл әкімі Әлмен Онбаев есепті баяндамасын жасады.
Ауыл әкімі сөз басында ауыл­дық округке қарасты С.Шәкіров және Тамабек ауылда­рының құрылымына жал­пы сипаттама беріп, атқа­рыл­­ған жұмыстарға тоқталды.
«Табыс» шаруа қожалығы «Аграрлық несие корпорациясынан» 170 миллион теңге несие алып, 150 миллион теңгеге 3 мың бас уақ мал, 20 миллион теңгеге ауыл шаруашылығы техникаларын алса, «Ақбілек» шаруа қожалығы 12 миллион теңгеге 260 бас қой, 15 қошқар, «Әбжан» шаруа қожалығы 4 миллион теңгеге 80 бас қой мен 3 қошқар алған. Ал, «Аяжан» шаруа қожалығы 4 миллион теңгеге 8 бас жылқы, «Әбнұр» жеке кәсіпкерлігі 4 миллион теңгеге 80 бас қой мен 3 қошқар алып, шаруашылығын дамытып отыр екен.
«Бөрі» шаруа қожалығы экспортқа 83 бас бұқашық етін өткізсе, «Табыс» шаруа қожалығы 4 мың тонна қозы етін өткізіп отыр.
Өз кезегінде аудан басшысы Бақыт Қазанбасов округ бойынша тіркелген 55 шаруа қожалықтың 27-сі ғана жұмыс атқарып отырғанын айтып, мемлекеттік тасырыс бойынша жұмыс атқармай отырған шаруа қожалықтардың жерін мемлекет қарамағына қайта тапсырып, ауыл маңындағы мал жайылымдарын кеңейту керектігін баяндап, өткен жылғы ауыртпалықтарға қарамастан аудан бойынша айтарлықтай табыстарға қол жеткізілгенін айтып өтті. Сондай-ақ аудан басшысы әр сала бойынша жеке тоқталып, алда тұрған міндеттерді де саралап берді.
Жарыс сөзге шыққан ардагер ұстаз Әбілда Нұрмолдаев Ш.Смаханұлы атындағы орта мектептің кіре беріс дәлізінің төбесінен су ағатынын, Тамабек ауылындағы Амангелді орта мектебіне де күрделі жөндеу керектігін, жас мұғалімдердер қағазбастылықтан әлі де құтылмағанын, қашық­тықтан оқып жатқан оқушылар интернетті пайдалана алмай отырғанын жеткізді.
Сондай-ақ, Ә.Нұрмолдаев ауылға мәдени нысан, жол шеттеріне ескерту белгілерін қою керектігін де баяндап өтті.
Ш.Смаханұлы атындағы орта мектеп директоры Алмат Баймырзаев шалғай көшелердің лайсаң екенін, оқушылардың мектепке келіп-кетуі қиынға соғып тұрғанын, соған шағал тас төселсе деген өтінішін білдірді.
Ауыл тұрғыны Мәди Әжібеков пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мылтықбай Мәдібеков те жайылымдықты суаратын су мәселесі мен басқа да жәйттерді сөз етті.
Жарыссөзден соң Бақыт Алпысбайұлы интернет мәселесі мен Тамабек ауылына клуб соғу мәсе­ле­сі назарға алына­тынын айтып, жол белгілерін қалайда қою керек­тігін баса тап­сырды. Сөз соңын­да ауыл тұрғын­дарына биыл қызылша егу­ді қолға алып көрулері керек­тінін де түсін­діріп, аудан әкімдігі тарапы­нан көмек болаты­нын жеткізді.

Бостандық ауылдық округі
Аудан әкімі Бақыт Қазанбасов одан әрі ат басын Бостандық ауылдық округіне тіреді.
Ауыл тұрғындары алдында алғаш болып есеп берген округ әкімі Мұратхан Рысдәулетов сөз басында Бостандық, Талапты ауылдарының құрылымына сипаттама бере келіп:
-Биыл ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіруді қолға алып, 10 шаруа қожалықты бір жерге бірікітірдік. «Исақұл», «Алашбай-Тәжібай», «Көккөл», «Жаңалық» шаруа қожалықтары лизингке ауыл шаруашлығы техникаларын алып, еңбек өнімділігін арттыруда.
Жылдың (2020 жылы) басынан бері 11 шаруа қожалығы құдық қаздырып, күн батареясын орнатты. Барлығы 39 миллион 600 мың теңге инвестиция тартылды.
«Алашбай-Тәжібай» шаруа қожалығы «Ауыл шаруашылығын қолдау» қорынан 39 миллион теңге алып, 125 бас ірі қара, «Мелсбек» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 11 миллион 300 мың теңге несие алып, 285 бас қой, «Нұрбақыт» шаруа қожалығы 5 миллион теңгеге 20 бас ірі қара, Әсем Досжанова 4,5 миллион теңгеге, 100 бас қой «Бақтияр» жеке кәсіпкерлігі 6 миллион 400 мың теңгеге 130 бас қой, «Есдәулет» шаруа қожалығы 6 миллион теңгеге 100 бас қой, «Биназар» шаруа қожалығы 2 миллион теңгеге 4 бас жылқы сатып алды. 2020 жылы барлығы 71 миллион 300 мың теңге несие алынды,- деді. Одан бөлек, Мұратхан Рысдәулетов мектеп оқушылары мен тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға берілген қайырымдылық жұмыстар жөнінде де айтып берді.
Келесі кезекте сөз алған аудан басшысы ауыл әкімінің кемшілікті тұстарын атап өтті.
-Округтегі 103 шаруа қожалықтарынын 25-і мал, 54-і егін шаруашылығымен айналысады екен, қалғандары не істеп жүргені белгісіз, — деген Бақыт Алпысбайұлы біраз каналдың тазартылғанын, ендігі жерде егін көлемін ұлғайтып, мал басын көбейту қажеттігін алға тартты.
Аудан әкімінің есептік баяндамасынан соң жарыссөзге шыққан ауыл тұрғыны, ауданның Құрметті азаматы Бодаубек Айтбеков Талас өзенінің бойында отырып, судан тапшылық көріп отырғандарын баяндап, канал бойында 450 гектар жер бар екенін, егер су болса, сол жерді игеруге болатынын жеткізді.
Ауыл тұрғыны Нұрғазы Шәріпбаев көше жарықтары қалпына келтірілсе деген өтінішін білдіп, жөндеуден өткен Ақкөл-Талапты жолының сапасыздығына назар аударды.
Талапты ауылының тұрғыны Зарылхан Мұзаппаров ауыл бала бақшасындағы балаларға жаттығу бөлмесі керектігін баяндап өтті.
Аудан басшысы барлық өтініштер мен сауалдарға тұщымды жауаптар қайтарды.

Аққұм ауылдық округі
Келесі кезекте бағытын Аққұм ауылына бұрған аудан басшысы Бақыт Қазанбасов осы ауыл тұрғындарымен кездесті.
Жиында алғаш болып есеп берген ауыл әкімі Болат Ошақбаев 2020 жылы ауылдық округте атқарылған жұмыстарды саралай келе: -Округтегі 58 шаруа қожалығының 14-і таза мал шаруашылығымен айналысады. «Ауыл шаруа­шы­лығын қолдау қоры» арқылы 6 азамат 21 миллион 700 мың теңге несие алып, 11 бас сиыр, 308 бас қой сатып алса, 3 азамат 555 мыңнан қайтарымсыз грант алды.
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Қаһар» шаруа қожалығы аталмыш қордан 17 миллион теңге несие алып, 30 бас жылқы сатып алса, «Азамат» шаруа қожалығы 7 миллион теңгеге 155 бас қой сатып алып, шаруашы-лықтарының қанатын жайды.
Сондай-ақ, ауыл­дық округте қария­ларымыздың ақыл-кеңесі арқасында құқықбұзушылық істер арнайы мәжілісте қаралып, жастарға дұрыс бағыт беріліп отырады. Осындай тәрбиелік істер нәтижесінде бірлігіміз нығайып, асарлатып үй салу, мешіт ғимаратын жөндеу жұмыстарына ауыл тұрғындары бір кісідей қаржы жинап, игілікті істер атқарды, — деген Б.Ошақбаев әр сала бойынша мағлұматтар беріп өтті.
Өз кезегінде аудан басшысы Бақыт Қазанбасов 58 шаруа қожалықтың 14-і ғана тірлік атқарып отырғанына қынжылыс білдіріп, пайдаланылмаған жердің бәрі ауыл әкімінің қарамағына өтетін болады. 2 ай ішінде бұл мәселе өз шешімін табады деген ойдамыз,-деді.
Жарыссөзге шыққан ауыл­дық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Пәрімбек Бейсенов жайылым мәселесіне тоқталды.
Ауыл тұрғыны Әбдияр Қыздашов төрт шаруа қожалықта су жоқ екенін, сондықтан «Жамбас» каналының 6 шақырымын тазалап, су тарту керектігін, ол үшін суға иелік жасайтын мұрап керек екенін жеткізді.
Бақыт Алпысбайұлы бұл мәселені аудандық «ҚазСуШар» арқылы жүзеге асыруға болатынын мәлімдеп, пилоттық жоба жалғасын табатынын, оның Аққұмнан басталатынын жеткізіп, ауыл тұрғындарын бір қуантып тастады.

About DevTeam

Check Also

Батырлар рухына тағзым

Биыл Кеңес әскер­лерінің Ауғанстан Рес­пуб­ликасы аумағынан шығарылғанына-32 жыл. Осы­ған орай ау­дан әкімі Бақыт Қазан­басов, аудандық …

Добавить комментарий