Home / Аймақ / Еңбек еткеннің есебі түгел

Еңбек еткеннің есебі түгел

Нарбол Қашаған, Индира ЕРКІНҚЫЗЫ, «Talas Tynysy».

Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында аудан
әкімі Бақыт Қазанбасов 2020 жылғы ауданның
әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және
2021 жылы алда тұрған міндеттері туралы есебін берді.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев­тың қатысумен өткен жиын­да аудан көлемінде атқарылған жұ­мыстар жайында баяндаған Бақыт Алпысбайұлы: — 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында жал­пы өндірілген өнімнің және қыз­меттердің көлемі 47 млрд. 690 млн. 900 мың теңгені құрап, өткен жыл­мен салыстырғанда 105,7 пайызға артық орындалды. Осы мерзім ішінде өнеркәсіп өнімдері 22 млрд. 631 млн. 600 мың теңгеге өндірілді. Нақты индекс көлемі 101,7 пайыз.
«Бизнестің жол картасы — 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша пайыздық ставканы субсидиялау теті­гі негізінде өткен жылы 206 млн. 300 мың теңгеге 5 жоба іске асырылды,-деді.
«Жамбыл облысын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағ­дарламасы» аясында Бөлтірік ше­шен, Үшарал, Қайыр, Арал елді мекендеріне орамішілік газ тарту желісін салуға 2019 жылы 391 млн. 500 мың теңге бөлінген. 2020 жылы облыстық бюджеттен 43 млн. 012 мың теңге бөлініп, жұмыстар толық аяқталды.
Сондай-ақ, «Өңірлерді дамыту­дың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша Май­төбе ауылына су жүйелерінің құрылысына 336 млн. 707 мың теңге бөлінген. Қазіргі таң­да жұмыстар аяқтал­ған. Сонымен қатар, Қаратау қа­ласындағы Көктал су құбыры жүйе­сінің құрылысы жүріп жа­тыр. Нысан үстіміздегі жылы пай­далануға берілмек. Бұл тура­лы Бақыт Алпысбайұлы есепті баяндамасында айтып өтті.

Жалпы есепті жиын барысында тұрғындар тарапынан қойылған сауалдардың дені ауылдық округтерді байла­ныс­тыратын және көше жолдарын жөндеуге, елді мекендерге көгілдір отын тартуға қатысты қойылды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байұзақ Көлбайұлының осы орайдағы сұрағына аудан әкімі: -Қойгелді-Ақкөл бағытындағы көлік жолын жөндеуге облыс әкімі Бердікбек Сапарбаевтың қолдауымен тиісті қаражат қарастырылды. Алдағы уақытта конкурс жарияланып, құрылыс басталатын болады,-деді.
Сонымен қатар, блогер Исламбек Дастанның сауалы бойынша Бақыт Алпысбайұлы: -Көшек батыр ауылы тұрғындары тиісті құжаттарды уақытында дайындамағандықтан газ санаулы үйлерге ғана кірді. Құжаттар реттелсе, мәселе толық шешімін табады. Қызыләуіт ауылындағы М.Қыстаубайұлы атындағы орта мектебінің пеші ауыстырылып, жылу жүйесі іске қосылды, — деді.
Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев әлеуметтік желідегі жеке парақшасына жолданған азаматтардың сұрақтары бойынша жауапты мекеме басшыларына тиісті тапсырмаларды жүктеді.
Жиын барысында кәріс этно-мәдени орталығының жетекшісі, кәсіпкер Екатерина Цой, қала тұрғыны Базылхан Тоқтыбаев, Есейхан ауылының тұрғыны Түзелбек Рақышев ана мен балаға және мұқтаж жандарға арналған дағдарыс орталығын ашуға қолдау көрсетуді, қаладағы қонақ үйді, «Городок» аумағындағы көшелерді жөндеу, Қаратауға кіре беріс жолдағы көпқабатты үйлерді қалпына келтіруге, Есейхан елді мекендегі 3 млн. текше метр су қоймасына су қорын толтыруға ықпал етуді сұрады.
Көтерілген мәселелердің орынды екендігін алға тартқан Бердібек Машбекұлы: — Жолдары жөндеу қарастырылған қаражатқа байланысты кезең-кезеңімен іске асырылатын болады.
Барлық нысанды жөндей салу оңай шаруа емес. Қыруар қаражатты қажет етеді. Дегенмен, мына бір мәселені де ойласқан дұрыс. Кезінде босаған көппәтерлі үйлерді болмашы тиынға сатып алған азаматтар қазір қайтарым есебінде бірнеше миллион теңге сұрап отыр. Ел ішінде сөзі өтімді ақсақалдар меншік иесімен келісіп, баспананың елдің игілігіне берілетіндігін түсіндірсеңіздер, мәселе шешімін тапқан болар еді.
Бұдан бұрын ауданға келген сапарымда «Talas Investment Company» ЖШС-нің басшыларымен кездесіп, тұрғын үйге қатысты мәселені көтерген болатынмын. Алдағы уақытта кәсіпорын басшылығы мекеме есебінен көпқабатты бір үйді жөндеуден өткізіп, қалпына келтірілген баспананы қарамағындағы жұмысшылар мен мұқтаж жандарға тапсыратын болады.
Облыс тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту бойынша қолға алынған пилоттық жоба жалғасын табады. Алғашқы бастаманың нәтижесі жақсы. Алдағы уақытта 21 елді мекенді ұсынбақпыз. Ол үшін 12 млрд. теңге қажет. Үкіметте жобаны қорғап, тиісті ұсыныс беретін боламыз. Есейхан ауылындағы су қоймасына байланысты мәселеден хабардармын. Бұл туралы басқармаға тапсырма берілді,-деді.
Сейілбек ауылының тұрғыны Әділет Жатқанбайдың сауалы да жауапсыз қалған жоқ. Елді мекенге тартылатын ауыз судың құжаттары әзірленіп жатқандығын жеткізген Бақыт Алпысбайұлы су сапасына байланысты мәселені арнайы өзі барып көретіндігін айтты.
Мұнан өзге жиында Тамды-Ерназар тас жолындағы көлік көпірі, Ерназар ауылына дейінгі 5 шақырымдық жолды жөндеу, қала іргесіндегі шаруа қожалықтарындағы жайылым мәселесі қозғалды.
Жиынды қорытындылаған Б.Сапарбаев: -Тұрғын үй, жол құрылысы бойынша өткен жылы пандемия індетіне байланысты қолға алынған шектеу шараларына қарамастан көп іс атқарылды. Өткен жылы 20 мыңға жуық жұмыс орнын аштық. Биыл Талас ауданына 5 млр. теңге қаражат бөлініп отыр. Қаражат бар, енді жұмыс қарқынын арттыру керек. Аудан мал шаруашылығы саласына ыңғайлы болғандықтан «Сыбаға» бағдарламасы аясында жұмыс жасап, мал басын көбейтуіміз керек.
Облыс көлемінде орман шаруашылығына тиесілі 4 млн. гектар жер бар. Мекемемен келісіп, үлесіндегі алқаптарды жайылымға, егістікке беру жолдарын қарастырып жатырмыз. Өнімнің тұқымын таңдап, тірлік жасау да өз нәтижесін береді. Тыңайтқышты пайдаланғанымыз жөн. Бұл бағытта үкімет тарапынан арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Жаңбырлатып, тамшылатып суғару жүйесін қолға алатын кез жетті. Ақкөл көліндегі су қорын 150-180 млн. текше метрге жеткізу үшін жұмыс жасап жатырмыз. Мәселенің жолдарын тауып, көрші мемлекетке суға деген тәуелділіктен арылу керек.
Аудан көлемінде шағын және орта бизнестің даму көрсеткіші жаман емес. Көршілес Түркістан облысымен байланысты нығайтып, кәсіпкерлікті өрістетуіміз тиіс. Әсіресе, шаруа қожалықтарын ірілендіру кезек күттірмейтін іс. Бірлескенде ғана іс жүреді, шаруаға шырай бітеді. Біз жергілікті кәсіпкерлерден тың жобалар күтеміз. Тиімді жобаларды қашан да қолдауға әзірміз.
Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Мерейлі датаға орай дайындықтарымызды жалаң сөзбен емес, іспен дәлелдейік. Әр азамат өз үлесін қоссын. Тәуелсіздіктің жетістіктері насихатталсын. Ауыл әкімдері тұрғындармен тығыз жұмыс жасаса, істің нәтижесі болады,-деп көпшілікті ынтымақ пен бірлікте болып, ел дамуы үшін бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

About DevTeam

Check Also

Батырлар рухына тағзым

Биыл Кеңес әскер­лерінің Ауғанстан Рес­пуб­ликасы аумағынан шығарылғанына-32 жыл. Осы­ған орай ау­дан әкімі Бақыт Қазан­басов, аудандық …

Добавить комментарий