Home / Қаржы / Есеп: жыл қорытындысы және алда тұрған міндеттер

Есеп: жыл қорытындысы және алда тұрған міндеттер

Ауылды көркейту — ортақ міндет

Казақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы
5 ақпандағы «Орталық атқарушы орган
басшыларының, әкімдерінің, ұлттық жоғарғы
оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру
кездесулерін өткізу туралы» жарлығына сәйкес
аудан әкімі мен ауылдық округ әкімдерінің жергілікті
тұрғындар алдында есеп беру жиналыстары өтуде.
Үшарал ауылдық округі
Ауылдық мәдениет үйінде өткен жиында бірінші болып сөз алған ауылдық округ әкімі Рахымжан Айтуов жыл ішінде округ көлемінде атқарылған жұмыстар және алда тұрған мін­деттерге тоқталды (ауылдық округ әкім­де­рі есептерінің тезис­тері «Talas tynysy» га­зетінің 12.01.2021 жыл­ғы №3 са­нында жарияланған).

  • «Еңбек бағ­дар­ла­­масы бойынша 194 ауыл тұрғыны 492 млн. 510 мың теңге қаражатқа барлығы 1905 бас мал сатып алынды. Соның ішінде 666 бас жылқы, 427 бас мүйізді ірі қара және 812 бас уақ мал. Сонымен бірге, «Жамбыл облысы тұр­ғындарының тұрмысын жақсарту пи­лоттық жобасы» аясында 300 аулаға тиесілі 55,15 гектар алқапқа 8,3 га картоп, 28 га қауын, 16,8 га қарбыз, 1 га қызанақ және 1 га қияр егіліп, тиісінше өнімдері алынды.
    Үшарал ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер «Әлішер» 10 сотық жерге жылыжай құрылысын салу мақсатында 8 млн. 200 теңге несие алды, жеке өз қаражаты есебінен қосымша тағы 10 сотық жерге, яғ­ни жалпы көлемі 20 сотық жерді құрайтын жылыжай құрылысын іске қосты. Жылыжайдан алынған өнім ауыл, аудан және облыс орталығы дүкендеріне өткізілуде, — деген ауыл әкімі басқа да бірқатар мәселелерге кеңінен тоқталып өтті.
    Келесі кезекте сөз алған аудан әкі­мі Бақыт Қазанбасов есепті мер­зім ішінде аудан көлемінде жүзеге асқан жұмыстар барысымен көпшілікті хабардар етті (аудан әкімі есебінің толық нұсқасы «Ta­las tynysy» газе­ті­нің 26.01.2021 ж. №7 санында жария­ланған).
  • Қауіпті кеселге қарамастан өткен жыл ауданымыз үшін табысты жыл бол­­ды, — деді Бақыт Алпыс­байұлы, — олай дейтініміз, есепті мер­зім ішінде жалпы өн­дірілген өнім мен қызметтердің көлемі 47 млрд. 690 млн. 900 мың теңгені құрап, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 105,7 пайызға немесе 2 млрд. 576 млн. теңгеге артық орындалды.
    Сонымен бірге, аудан басшысы «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар эконо­микасы», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Нәтижелі жұ­мыс­пен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті да­мытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағ­дарламасы», «Қол жетімді баспана-2020», сондай-ақ ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құ­рылыс, жол жөндеу, өнеркәсіп тағы да басқа салалар бойынша жүзеге асқан жұмыстар ба­рысына көпшілік назарын аударды.
  • Өткен жылға өкпеміз жоқ, — деді жиында сөз алған ауылдық ар­дагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Жүсіпов қария, — ауылымызға та­биғи газ келіп, тұрғындар кө­гілдір отынның игілігін көруде. Ауылымыздағы пилоттық жоба­ның да ел үшін орны бөлек болып отыр. Соның нәтижесінде тұр­ғындардың қорасындағы мал басы артып, тұрмыстары түзе­луде.
    Ендігі жерде ауылдағы ауыз су мәселесі шешімін тапса деген көпшіліктің тілегі бар, — деді.
    Ауыл тұрғыны А.Құлшынбаев пайдалануға берілген спорт ке­ше­нінің әлі күнге дейін жұмыс істемей отырғанын тілге тиек етті.
    Бұл мәселеге қатысты облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Н.Жолдасбаев:
  • Спорт кешеніне Ақкөл спорт мектебінің есебінен 7 штат бірлі­гі берілген. Нысанның бүгінгі күнге дейін қабылдау актісі рәсімделмегендіктен жұмысын бастай алмай отыр. Аталмыш жұмыстар таяу күндері шешімін табады. Ақкөлден бөліп алып, өз алдына жеке спорт мектебі етіп ашамыз, — деп жауап берді.
    «Арал» елді мекенінің тұрғы­ны Ж.Оспанов жол мәсе­лесі, ауылдағы жарықтың әлсіздігі, ауыз су тапшылығын тілге тиек етумен бірге, шабындықтарды суландыру үшін арнаға шлюз орнату қажеттігін алға тартты.
    Залдан Ә.Сағынтаев атын­дағы орта мектеп пен балалар бақшасындағы жылудың тө­мендігі жөнінде түскен сауалға аудан әкімі Б.Қазанбасов аталған екі нысанның да биыл табиғи газға қосылатынын жеткізді.
    Ауданның Құрметті азаматы С.Тілеубердиев аудан және ауыл көлемінде атқарылған жұмыстар барысының ауқымды екеніне тоқталды.
  • Кеңес ауылдық округі

Ауылдық округ әкімі Еркебұлан Тәттібай өз есебінде округ бойынша осы мерзім ішінде атқарылған жұмыстар барысын баяндады.
-Өткен жылы 2,0 га картоп, 2,0 га бақша егілсе, 16 га жерге орналасқан көп жылдық шөп бар. Жоспардағы 10600 тонна орнына 10700 тонна мал азығы дайындалып, қыстауларға жеткізілген. Округ бойынша тіркелген 42 шаруа қожалығының 23-і жұмыс істейді. Олар мал шаруашылығымен айналысады. «Бизнес – 2020» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындары А.Жорабек 4 млн. 405 мың теңге, А.Құрайышова 6 млн. теңге, Д.Омаров 3 млн. теңге несие алып, өз кәсіптерін одан әрі дамытуда.
Бөлтірік шешен ауылдағы аумақты абаттандыру, көгалдандыру мақсатында 3 547 000 теңге бөлініп, бұл бағыттағы жұмыстар толық аяқталды,- деді өзінің есепті баяндамасында ауыл әкімі Е.Тәттібай.
-Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ауыл маңындағы жайылымдық жерлерді ұлғайту жөнінде тапсырма беріп отыр. Бұл әрине ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мақсатында туындап отырғаны белгілі, — деді өз сөзінде аудан басшысы Б.Қазанбасов, — сондықтан кезінде шаруа қожалықтарына беріліп кеткен ауыл төңірегіндегі жайымдылық жерлерді қайтару жөніндегі шаралармен айналысатын боламыз.
Сондай-ақ, облыс бойынша Б.Сапарбаев егістік алқаптарын ұлғайту жөнінде алдымызға ауқымды міндеттер жүктеп отыр. Соған сәйкес ауданға тиісті көлемде қаражат бөлініп, жалпы ұзындығы 48 шақырымды құрайтын каналдар мен арықтар тазартылды, — деді Бақыт Алпысбайұлы.
Көшек батыр ауылының тұрғыны А.Қадырқұлұлы үйлерге табиғи газ берілсе деген ұсынысын ортаға салды.

  • Ауыл азаматтары дер кезінде өз құжаттарын толыққанды дайындап, заңдастырмады. Сондықтан, осындай мәселе туындап отыр, — деді Бақыт Алпысбайұлы.
  • Бөлтірік шешен ауылындағы 78 үйге техникалық негіздеме алынды. Ал, 35 үйге бір-екі күнде газ кіреді. Жалпы, газ құбырлары тартылған. Азаматтардың құжаттары дайын болса біз қосып береміз, — деді мердігер компанияның өкілі.
    Ауыл тұрғыны М.Мақұлбеков мал жайылымының тапшылығы, шабындықтарға су жіберу, ауылға клуб соғу жайында өз ойын ортаға салды.
  • Ойық ауылдық округі
  • «Жұмыспен қамтудың жол кар­тасы – 2020» бағдарламасы аясында ауылы­мызда қордалан­ған көптеген мәсе­лелер оң шешімін тапты, — деді ауылдық округ әкімі Медет Үрістенов,- атап айтқанда Ғ.Мұратбаев, Ойық, Жауатар, Ж.Жабаев, Ә.Тәжімбетов және Абай көше­леріне тиісті қара­­жат бөлініп, орташа жөндеуден өтті. Ал, Т.Рысқұлов, Ж.Айтқұлов, С.Нұрғожаев көшелері жарықтандырылып, «Бөрібай-ІІ» каналы, «Жәдік» және «Ойық» арықтарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның барысында ауылымыздың 31 тұрғыны жұмыспен қамтылды.
    Мемлекеттік бағдарламалар бойынша ауыл тұрғындары 85 млн. 160 мың теңге несиеге 1839 бас қой, 10 бас жылқы сатып алды.
    Өз кезегінде аудан әкімі Б.Қазанбасов жиынға қатысушы көпшілікті аудан көлемінде барлық сала бойынша атқарылған жұмыстар барысымен кеңінен таныстыра келе аталмыш округке қатысты әңгіме өрбітті.
    Көп жылдан бері айтылып келе жатқан Көктөбе, Сейілбек ауылдарындағы мектеп құрылысының жобасы дайындалды, оған қатысты жұмыстарды биылғы жылы бастаймыз ба деген ойдамыз. Сонымен бірге Ә.Тәжімбетов атындағы мәдениет үйі мен Д.Қонаев атындағы орта мектептерге қажетті жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады, — деп сөзін қорытындылады.
    Ауыл тұрғыны, ауданның Құрметті азаматы Болатжан Дуамбеков:
    «Жақсының жақсылығын айт нұры тасы­сын», — дейді аталарымыз. Аудан әкімінің ықпал етуімен ауданымызға қомақты қаржы бөлініп жатыр, ауылымызда газымыз бар, суымыз бар. Көшелеріміз жөнделіп, жарықтар қойылды.
    Осы жерде, көпшіліктің алдында ауыл дәрігерлеріне рахмет айтқым келеді. Олар кеселдің өршіген кезінде аяқтарынан тік тұрып қызмет етті, уақытпен санасқан жоқ, — деген Б.Дуамбек ағын судың тапшылығынан шабындықтардан мал азығындық шөпті дайындаудың қиындығы туралы ойын ортаға салды.
    Бұл мәселеге қанықпын, — деді аудан басшы­сы, — өткен күзде судың ерте жіберілуіне байланысты байлауды жасап үлгере алмадық. Биыл бұл мәселе шешімін табады деген ойдамын.
    Тұрымқұл ауылына қатысты М.Мырзақұлов онда жаңа мектеп салу, ауыз су, көшелерді жөндеу, аулалардағы бау-бақшаларды суғару үшін тоспа салу, ауыл іргесіндегі жерлерді кері қайтару сынды бірқатар мәселелерді көтерді.
  • БЕРІКҚАРА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ

Майтөбе ауылында аудан әкімі Бақыт Қазанбасов пен Берікқара ауылдық округінің әкімі Ербол Смайлов 2020 жылдың қорытындысы бойынша тұрғындар алдында бірлескен есебін берді.
Жиында алдымен өткен жылы округте атқарылған жұмыстар туралы баяндаған Ербол Тамдыбекұлы: -«Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында Майтөбе ауылының орталық көшесін жарықтандыруға 2098,0 мың теңге бөлініп, тиісті міндеттер атқарылды. Одан бөлек, іске ниет білдірген азаматтар «Бастау-Бизнес» жобасы негізінде кәсіптік білімін жетілдіріп, «Атамекен» және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорлары арқылы несиеге қол жеткізді. Сонымен қатар, 17 азаматтың жобасы қолдау тауып, қаржылай грантты жеңіп алды,-деді.
Жалпы, ауылда өткен жылы жомарт жандардың демеушілік көмегімен мал суғаруға арналған 2 ұңғыма (скважина) қазылып, Тараз-Қаратау тас жолына дейінгі аралыққа 32 электр жарығы орнатылған. Бұл жайында ауылдық округі әкімі айтып берді. Кезекті баяндамадан соң сөз алған Бақыт Қазанбасов аудан көлемінде шешімін тапқан мәселелер мен алда тұрған жоспарлармен бөлісті.
Өз кезегінде жарыссөзге шыққан ауданның Құрметті азаматы Ерген Мәдімаров ауыл көлемінде атқарылып жатқан істерге оң бағасын беріп, жергілікті тұрғындардың көкейінде жүрген көгілдір отынға қатысты сауалын жолдаса, ауданның Құрметті азаматы Айтбек Қуатбеков А.Дәулетбеков атындағы орта мектепті жөндеумен қатар, шабындыққа түсетін малға тыйым салу қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, көпшілік тарапынан Қожағаппар ауылына кіре беріс жолды асфальттау және осы ауылдағы Қ.Қошманбетов атындағы негізі мектепті күрделі жөндеуден өткізуге қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Тұрғындардың көкейіндегі сауалдарға жауап берген Бақыт Алпысбайұлы мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетіндігін айтты.
-Қарабастаудан АГРС-ті соғуға 440 млн. теңге қарастырылды. Қалған қаражат уақытымен бөлінеді. Ауыл маңындағы шаруа қожалығына тиесілі жерлерді қайтарып, ауылдағы тұрғындардың мал жайылымына беретін боламыз. Жұмыстар заң жүзінде атқарылады. Ауыл ішіндегі көшелерді жөндеу туралы құжаттарды облысқа ұсындық. Ал, Қ.Қошманбетов атындағы негізгі мектебін жөндеу жоспарда бар,-деп ауылдың көркеюі үшін жастарды жұмыла жұмыс жасауға шақырды.

Қасқабұлақ ауылдық округі

Жылдың қорытынды есебі бойынша кезекті жиын Қасқабұлақ ауылдық округін­де жалғасын тапты. Алдымен жергілікті тұр­ғындар алдын­да баяндама жасаған округ әкімі Жардис Усеинов өткен жылы округ көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталды.

  • 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында үш көше асфальтталып, көлік жүретін көпір пайдалануға берілді. «Жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылай қолдау» бағытында 1120,0 мың теңге бөлінді. Бұл қаражатқа Тамды әулие көшесінің бойына электр жарықтары орнатылды. Ауылдың 4 көшесі жарықтандырылған және 3 көшеге асфальт төселген,-деген ол тұрғындарды ауыл шаруашылығы саласы бойынша қолға алынып жатқан істерден хабардар етті.
    Жалпы ауыл бойынша атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы жоқ. Дүкендерде ішімдік сатуға тыйым салынған. Нәсіпті ауызбіршіліктен тапқан бұл мекен өткен жылы «Үлгілі ауыл» жобасына ұсынылып, байқауда бақ сынады.
    2020 жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мұнда арнайы келіп, тұрғындармен ашық пікірлескен болатын. Нәтижесінде көпшілік орта мектептен қазақ сыныбын ашу туралы ортақ шешімге келді. Қазіргі таңда мемлекеттік тілді оқытуға 3 мұғалім бөлінген. Ж.Үсеиновтің сөзінше, ауылда қазақ тілін үйренуге ниет танытып отырған жастардың қатары қалың көрінеді. Мәселен, биыл мемлекеттік тілді үйренуге 50 тыңдаушы өтініш білдірген. Олар ақпан айында оқу курсын бастамақ. Сондай-ақ, округ әкімі болашақта ауылдағы білім ошағын толықтай қазақ мектебіне ауыстыру жоспары бар екендігін жеткізді.
    Мұнан соң жиылған көпшілік аудан әкімі Б.Қазанбасовтың 2020 жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстар мен 2021 жылы алда тұрған міндеттер туралы есебін тыңдады.
    Есепті баяндамадан соң жарыссөзге шыққан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алдаберген Смаилов, еңбек ардагерлері Сулхадин Мұстафаев, Нығмет Мұстафаев ел тілегін назардан тыс қалдырмай, ауылдың көркеюіне қолдау танытып отырған аудан әкімдігіне ризашылықтарын білдірді.

Барлық ауылдық округтер бойынша аудан және ауыл әкімдерінің есепті мерзім ішінде атқарған жұмыстарына «қанағаттанарлық» деген баға берілді.
Жиындарға аудандық мәслихаттың хатшысы К.Садубаев, аудан прокуроры Н.Ахмет, бірқатар мекемелер мен бөлімдердің басшылары қатысты.

About DevTeam

Check Also

ТАРАЗ КАРАНТИНГЕ ЖАБЫЛДЫ

Тараз қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен облыс орталығының аумағында 2020 жылдың 7 сәуір күні …

Добавить комментарий