Ислам – көркем мінезбен әдепке негізделген дін. Исламдағы барлық ғибадат — құлшылықтар осы мақсатта тоғысады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде өзінің жіберілу мақсатын: «Шындығында, мен көркем мінезді кемеліне жеткізу, толықтыру үшін жіберілдім», — деп жеткізеді. Демек, асыл дініміздің негізгі мақсаттарының бірі адамзатты тәрбиелеу болып саналады.
2019 жылдың қазан айында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Жеті рухани қазық» тұғырнамасын қабылдаған болатын. Осы тұғырнаманың бір тарауы тұтастай «Мәдениеттілікке» арналған. Аталған тарихи құжатта мәдениеттілік – көркем мінезділік пен әдептілікке негізделеді деп атап көрсетіледі. Қоғамдық ортада мәдениетті болу, өзін ұстай білу, үлкендерді сыйлау, оларға құрмет көрсету, сәлемдесу, сыпайылық таныту – рухани байлықтың көрсеткіші.
Қазақтың қанға сіңген дәстүрі бойынша кісіні сыйлау, құрметтеу – әрбірімізге міндет. Бабаларымыз баланы бесігінен-ақ жақсы әдептерге баулыған. Ислами әдепті бойына сіңіру арқылы әрбір мұсылманның мәдениеттілігі артады. Әдептілік – ғұмырыңды ұзартып, берекеге кенелтеді.
Қасиетті Құранда: «…Ол Алла сендерді жерден жаратты әрі сол жер бетінде өмір сүріп, оны көркейтулеріңді қалады …» («Һуд» сүресі, 61-аят).
Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Көршімен көркем қарым-қатынас жасау – қоғамды көркейтіп, өмірді ұзартады» (Имам Ахмад) дейді.
Абай атамыз «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», — деп мәдениеттіліктің мәнін ашып көрсеткен. Адамдар әлеуметтік ортада өмір сүргендіктен, бірқатар қоғамдық тәртіп ережелеріне бағынуы тиіс.
Айналаны таза ұстауы, қоғамдық орындарды ластамауы, сондай-ақ өзгеге зиян келтірмеуі тиіс. Дінімізде: «тазалық – иманның жартысы», — делінген. Ислам діні тазалыққа, ұқыптылыққа үлкен мән берген. Әр бір мұсылман қоғамдық ортаның әдебінен аттамай, басқа адамдардың ренішін туғызатын іс-әрекеттен аулақ болғаны жөн. Тұғырнамада мәдениетті адам мына сипаттармен ерекшеленеді: Әдепті, Тәрбиелі, Өнегелі, Мейірімді, Кішіпейіл, Парасатты, Өнерлі.
Әдептілік — адам бойындағы жағымды қасиет және әрбір пенде қоғамда қабылданған әдеп талаптарын мінсіз орындауы қажет. Алла тағала баршаларымызды әдептілік жолынан айырмасын!
Нұрсұлтан Алиев,
аудандық «Қаратау Қажы би» мешітінің бас имамы.
Check Also
Батырлар рухына тағзым
Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан Республикасы аумағынан шығарылғанына-32 жыл. Осыған орай аудан әкімі Бақыт Қазанбасов, аудандық …