Home / Әдебиет және мәдениет / Абайға адал болсақ дейміз…

Абайға адал болсақ дейміз…

Абай! Баршамызға «Жүрегімнің түбіне терең бойла!» деп баға жетпес асыл мұрасын аманаттап кеткен дана! Қазақ баласын қандай бір қияметтен құтқаратын құдірет! Аударылып-төңкерілген дүниеде адастырмас Темірқазық! «Толық адам» болсын деп артына қалдырған сан қырлы, көп мағыналы даналығының түбіне кім, қалай бойлап жүр? Жұрт нені ұғып, нені ұға алмай жүр? Жалпы, Абайсыз өмір сүру мүмкін бе?
Ғұламаны зерттеуге бар ғұмырын арнап келе жатқан Абайтанушы ғалымдардың өзі әлі таңырқауда. Абай кереметінің шексіз, Абай тереңінің түпсіз екенін мойындауда. Ал, енді қара қазақ, қарапайым қазақ, біз неғылдық?
«Осы мен өзім қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді… Егер жек көрсем, сөйлеспесем, мәжілістес, кеңестес болмасам керек еді…»-деп басталады тоғызыншы қара сөзі. Ойланып көрейік. «Осы мен өзім ұстазбын. Балаларды жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, Абай тағылымын ұқтыруым керек еді. Егер жек көрсем, онда ұстаз болмауым керек еді…»-деп іштей алаң күй кешемін кейде.
Абай шындығы – мәңгілік шындық. Абай тағылымы – ұлы тағылым!
Қазақ әдебиеттану ғы­лы­мында Абай ең көп зерттелген ақын деп та­нылғанымен, бәрі де айтыл­ды ғой дегенмен, олай емес екенін бағамдаймыз. Өлеңдері мен қара сөздерін оқып, зерттеген адам әр тіркес, әр сөздің астарында қатпар-қатпар құпия сыр жатқанын сезеді. Қатпар-қатпар құпия кім болса соған алдыра қоймайды. Оған сәулелі сана, зерделі зейін керек. Ақынның жұмбақ толы өлеңдерінің тере­ңіне бойламай, тақыл­датып құр жаттап алу қиянат. Жалпы, қай ақынның өлеңі болсын, балалардың ой жоқ, жан жоқ тақ-тұқ айтқанын жақтырмаймын да, бағаламаймын. Бәлен өлеңін жаттататын байқауларға да күмәнмен қараймын. Өзім ең әуелі әр сөзінің мағынасын, сосын әр жолдың, әрі қарай тұтас шумақтың айтар ойын тәптіштеп сұраймын. Астарына үңілдіремін. Оқушы өз талдауын айтады, көбіне тісі бата бермейді, сондықтан өзім жетер жеріне дейін жеткіземін. Маған оның бір сөз болса да түсінгені керек. Дауыс дикциясын әсірелеп, қолын олай сермеп, бұлай сермеп, әртіс болғанының қажеті жоқ. Ойсыз дүниені ғұлама Абай жаратпаған. Ендеше, данышпанның даналығына неге жеңіл қарауымыз керек? Шамамыздың келгенінше, құнарлы тілді үйретіп, астарлы ойды бала ұғымына қарай қазақтың жалпақ тілімен түсіндірсек керек-ті.
Біз ұлы Абайға деген адалдықты Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романын оқудан бастағанбыз. Былтыр. Қараша мен ақпан аралығында. Әуелі бірінші кітабын (365 бет). Бұған 9-11 сынып оқушыларын түгел қамтыдық. Үздік оқушыларға 20 бет, екпінділерге 10 бет, орташа оқитындарға 2-3 бет оқып, түсінігін айту тапсырылды. Апта өткен соң, роман оқу эстафетасы басталды. Күн сайын балалар сабақ басталардан жарты сағат ерте келеді. Акт залына жиналады. Тыңдау үшін мұғалімдер мен 6-8 сынып оқушылары да келіп қатысатын. Кітап бетіне қарай кімнен кейін кім айтатыны белгілі болғандықтан, кезегі келген оқушылар ертерек келетін. Өзім тыңдап, қайсыбір эпизодтарға түсінік беремін. Келесі күні жалғастырмас бұрын алдыңғы оқиғаларға, кейіпкерлер әрекетіне бай­ланысты бірді-екілі сұрақтар қойып, балалардың зейінін аударып отырдым. Әрине, роман тілі ауыр, әр баланың айтарын алдын ала қадағалап, қиналған тұстарын түсіндіріп жіберемін. Биыл қараша айында екінші кітабын бастадық (430 бет).
Бәрімізге белгілі «Абай жолы» романында Құнанбай образы озбыр, қатыгез бейнесінде берілген. Бұл әрине, сол кезеңнің идео­логиясына қарай жазушының еркінен тыс жасалған образ болды. Мысалы, Ахат Шәкәрімұлы «Құнанбай туралы» есте­лігінде былай дейді: «Жазушымен оңаша сөйлесіп, «Осы романдағы кәдімгі біз білетін адамдар ма?» деп сұрағанымда, жазушы «жоқ, дәл өздері емес, істеген істері де емес… бәрі Абай үшін айтылған» деп еді дейді. Ол өз естелігінде «Қазақтың қасиетті, ұлы адамының бірі – Құнанбай Өскенбайұлы. Ол уәдеге берік, сабырлы, қайратты, шешен, болжампаз адам еді. Біз Құнанбайды жамандап, жастардың құлағына сіңіріп тастадық. Енді ол Құнанбай жақсы бола алмайды деу де қате» деп өте құнды деректер келтіре отырып, тамаша әңгімелейді. Бұдан бөлек шын Құнанбай туралы журналист Ысмайыл Құттықожаевтың та еңбегін пайдаландым. Жазушы, зерттеушілер Бекен Исабай, Тұрсын Жұртбай, Төкен Ибрагимов, Бейбіт Сапаралының еңбектеріне сүйене отырып, Құнанбай туралы бірнеше бөлімге жіктеген («Бала Құнанбай», «Қайраткер Құнанбай», «Қамқор Құнанбай», «Жомарт Құнанбай», «Қамаудағы Құнанбай», «Шын Құнанбай») зерттеу жұмыстарынан (бұл еңбектерді оқушыларға біраз жылдан бері қосымша оқытып келемін).
9-11 сыныптар арасында Абайдың қара сөздерінен эстафета жүргіздік. Сыныптағы 10-15 оқушыға бір-бір қара сөзден бөліп бердім де (әрине, оқушылар ұға алады-ау деген бірнешеуін, өйткені тұтас қара сөздерін оқыту қиын, себебі ондағы ғақлиялық сөздердің салмағы сұмдық ауыр) оқып, не туралы ой айтылғанын 2-3 сөйлеммен түйіндеп жазып отыруды тапсырдым. Ол үшін арнайы «Абай тағылымы» дәптерін арнаттым. Келесі сабақта әр оқушы өзіндегі қара сөзді басқа оқушымен ауыстырады. Осылайша, бір сынып келесі сыныптағы қара сөздерді алып, әрі қарай жалғастырады. Өзім жоғарғы сыныптарға сабақ беремін, әр сабағымның 10-15 минуты Абайтануға арналады. Мысалы, Абайұлы Турағұлдың «Әкем Абай туралы» деген естелігінен балаларға сабақ сайын оқып, ондағы сөздердің, оқиғалардың мазмұн-мағы­насын тәптіштеп түсін­діріп беріп жүрдім. Бірнеше сағатқа созылды. Естелік болған соң әке Абайдың мінезі, харекеттері, болмысы баласы Турағұлдың көзімен өте шынайы, тартымды берілген. Сондықтан болар, жалғасын тыңдауға әр сабақты балалар асыға тосатын. Сондай-ақ, «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттеріне «Абай – 175» айдарымен шығып тұратын («Толық адам танымы», «Зере әже», т.б.) аса құнды дүниелердің тігіндісін жасап, реті келгенде балалармен бірге оқып отырдық. Оқушыларға осы жылы телеарнадан бірнеше рет көрсетілген «Құнанбай» фильмін көруді тапсырып, ол бойынша пікіралмасулар өткіздік. Актер Болат Әбділмановтың оқуында ақынның қара сөздері тыңдалды. Осылай былтыр басталған Абайтану дәрісі биылғы оқу жылында қайта жалғасты. Қазіргі оныншы сыныптың «Қазақ әдебиеті» оқулығының бірінші та­рауы түгелімен Абай шы­ғармашылығына арналған. Жеті өлең («Сегіз аяқ», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Лай суға май бітпес қой өткенге», т.б.), бір поэма, үш қара сөзі берілген. Сабақ сайын балалармен бірге Абай әлеміне сапар шегеміз. Абаймен бірге толғанамыз, мұңданамыз, шамырқанамыз.
Әрине, елден ерек ештеңем жоқ. Менікі баланың санасына сәуле себу. Кім біледі, есейе келе, ұлы ақынның шығармашылығына өз беттерінше ден қояр, қазір тістері бата алмай жатқан тұстарын зерделер, кітап оқуға құмарлықтары оянар. Академик Асқар Жұмаділдаев айтады ғой, «Бала кезімде Абайды оқығанда, түсінбей, неге ақыл айтады да жатады деуші едім, есейгенде қайта оқып, оның ұлылығын ұғын­дым» деп.
Баласы Турағұлдың әкесі Абай туралы айтатыны бар «Көз алдында қандай ойын ойнап, күліп отырсақ, тиіп-қақпай еркін еркелетіп отырады да, алдынан қашып, жасырынып, жаман-жәутіктермен ойнағымыз келгенін көрсе, қатты ренжіп, ұрсып, былайша айтып сөгуші еді: –Адамға көбінесе үш алуан адамнан мінез жұғады, ата-ана, ұстазы, құрбысынан, солардың ішінен қайсысын сүйсе, содан мол алады. Сендердің менен жақсы көріп, барғыларың келіп отырған жақсы құрбыларың қайсы? – деп». Сол айтқандай, иә, қайсыбір балалардың салғырттығын көргенде, осы бір тұсты оқып беріп, кәне, сендердің менен қашып, яки кітап оқудан қашып, көргілерің, естігілерің кеп отырғаны телефондағы қиқы-жиқы, арзан дүниелер болғаны ма? – дегенім бар. Дәл қазір кітапханадан «Қаламгер» баспасынан шыққан, «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің құрасты­руымен шыққан «Абай туралы естеліктер» кітабын жаздырып алып, ақынның көзін көрген кісілердің өте құнды естелік-әңгімелерін оқытып жатырмын. Мысалы, Әрхам Кәкітайұлы Ысқақтың «Мен көп жылдар Абайдың тәрбиесінде болдым. Сондағы көрген-білгенімді, ақынның жақыны, ағайыны, достары, алыс, араз адамдарын көріп, олардың да әңгімелерін тыңдап, жылдар бойы ішке түйіп келдім. Енді сол көргендерім нағыз шындық қой деп жазып отырмын…» деп басталатын «Абайдың өмір жолы», Көкбай Жанатайұлының «Мен енді өлеңімді өзім аламын дейді», Төлеу Көбдіковтың «Абайды көріп, есте қалғандар», Ахат Шәкәрімұлының «Құнанбай туралы», Ниязбек Алдажаровтың «Абай атам туралы менің естеліктерім» т.б. кісілердің көз көріп, құлақ естіген, тарихи шындықпен жазылған естеліктерінің мәні ғаламат. Себебі, аты аталған адамдар ұлы ақынның туыстары, жақындары, ұрпақтары, достары.
«Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп тап­пайды. Басында зорлықпен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік бол­са, сонда ғана оның аты адам болады» дейді Абай атамыз (38-қара сөз). Біздікі де сол харекет. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» ро­маны тұруы керек» де­ген еді «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында. Ешкімге ақыл айтқым келмейді. Тек Абайға адал болғымыз келеді… Абаймен өмір сүрсек дейміз…

Зеберкүл Шардарбекова,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері.

About DevTeam

Check Also

Естен кетпес кеш

Өмірзақ Дүйсенбиев, Талас ауданының Құрметті азаматы. Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың 175 жылдығын ел болып …

Добавить комментарий