Home / Әдебиет және мәдениет / ТҰЛА БОЙЫ ТҰНҒАН – ТӘЛІМ

ТҰЛА БОЙЫ ТҰНҒАН – ТӘЛІМ

2019 жылы академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толу қарсаңында «Жүректерде жанған жұлдыз» атты естеліктер жинағы жарыққа шықты. Осы жинақта Әлкен Жылқайдаровтың «Тұла бойы тұнған-тәлім» деген естелігі де бар. Естелік авторы туралы «1910 жылы туған. Соғыс ардагері. Майдандағы ерліктері үшін Жоғарғы Бас қолбасшының Алғыс хатына 14 мәрте ие болған. Соғыстан кейін Қаратау қаласында партия ұйымының хатшысы, мектеп директоры, Талас ауданы білім бөлімінің меңгерушісі, совхоз директоры болған. Өкінішке орай, кейінгі өмір жолы әзірге толық анықталмады» деген шағын анықтамалық берілді. Кітапта суреті жарияланбаған бірден — бір автор да Ә.Жылқайдаров болды. Аталған естелік кезінде «Мысты өңір» газетінде жарияланған екен. Бірақ, авторы туралы басқаша еш дерек берілмепті. Оның қай өңірдің тумасы екенін де нақтылай алмаған едік. Ғаламторды ақтарып көргенде айтарлықтай ештеңе көзімізге шалына қоймаған-ды. «Жүректерде жанған жұлдыз» кітабын қайтадан парақтап отырғанда Әлекеңнің өмірбаянындағы «Соғыс ардагері. Майдандағы ерліктері үшін Жоғарғы Бас қолбасшының Алғыс хатына 14 мәрте ие болған» деген сөздерге қайта назарым түсті. Мүмкін, орден, медаль да алуы мүмкін ғой деген оймен, «Память народа» сайтына еніп көрдім. Міне, ғажап! Әлкен Жылқайдаров Жезқазғанның Аралтөбе ауылының тумасы екен, бірнеше орден -медальмен де марапатталыпты. Ең бастысы суреті бар екен. Әрине, ол кісінің Жамбыл облысы жағындағы өмірін білетін кісілер болуы әбден мүмкін. Көптеген суреттері де бар шығар. Ұрпақтарының көзіне осы жазбамыз ілінсе, бір хабарын береді деп үміттенеміз.
Әлкен Жылқайдаровтың суреті «Память народа» сайтынан алынды. Соғыс кезінде түсірілген болуы керек.
Абдолла Дастанов,
журналист,
Қ.Сәтбаев қаласы.
Әлкен Жылқайдаров
«1927 жылдың жаз айында демалысқа елге келдім. Бұл уақыт менің Тәшкенде оқып жүрген кезім болатын. Қарсақбайдағы туған-туыстар, жолдас-жораларым: «Қала­ға келіп, бірсыпыра уақыт саяхаттап, демалып қайт», – деп шақыртқан болатын. Осы қалада жүргенімде бір күні қалаға қасында бір сыпыра серіктері бар, сол кездегі Совнарком Председателі Нығмет Нұрмақов келді деген хабарды естідік. Бұл хабарды жеткізген Әбушахман Әбділдин болатын. Ол ертесіне тіпті тамаша хабар әкелді. Үлкен кісілерді қонақ етуге күтініп жатқан комбинат директорының орынбасары Нығмет Байсалықов пен сол кезде­гі «Волком» деп аталатын, кейінгі аупарткомның хатшысы Қайырбек Дәулетбаев: «Сол кезде сендер де үйге келіп, қонақтармен бірге болыңдар», – депті. Мұндай қуанбаспын! «Қонақ­тардың қашан келетінін өзім алдын ала хабарлаймын», – деп­ті. «Қашан хабар келеді екен?»,- деп тағатсыздана алаңдадық. Бірер күн өткенде барып, «Ана кісі­лер бүгін осындай уақытта келетін болды, шамаларың келсе, ертерек келіңдер» деген хабарды ести сала, Байсалықовтың үйіне қа­рай зымырадық. Нығмет ағамыз құрмет­ті қонақтардың құрметіне үйінің ауласынан киіз үй тіккізіп қойыпты. Нықаңның әйелі Гүлсім жеңгеміз, қасында екі қайынсіңлісі бар, бізді жылы шыраймен қарсы алды. Күткен қонақтар да көп күттірмеді. Нығмет Нұрмақовтың қасында Қаныш Сәтбаев, сосын Қайсар Тәштитов және т.б. бар екен.
Қ. Тәштитов – Қазақстандағы комсомол жетекшілерінің бірі болған қайраткер еді. Жанып тұрған от тәрізді еді. Біз кездескен кезде Қарсақбай аудандық партия комитетінің хатшысы болу керек.Кісілер үйге жайғасқан соң, үй иелері шайдың да, еттің де дайын тұрғанын айтып, соның қайсысын әкелейік деп рұқсат сұрады. Қ.Тәштитов: «Мына кісілер не қаласа, сол болсын. Ал, өзіме салса, еттің келгені дұрыс болар еді», – деп сөз бастады. Қасындағы кісілер де бұған келісті. Тек: «Ет келгенше бірер кесе қымыз ішіп алсақ, дұрыс болар еді», – деді. Қонақтарға дереу қымыз әкелдік, соңынан үш-төрт табақ ет келді. Қазақ қадірлі қонағына бас тартатын ежелгі дәстүрі емес пе, қонақтарға бас тартылды. Тәштитов басты Нұрмақовқа беріп еді, ол: «Өздерің ұстай беріңдер», – деп Қаныш пен Қайсардың алдына қарай ысырды. Олар да, неге екенін, бас ұстаудан бас тартты. Сол кезде, Н.Нұрмақов: «Егер Қаныш қалай ұйғарса, солай болсын, басты сол ұстасын, әрі-бері отырамыз ба?» – деп салмақты Қ. Сәтбаевқа сала сөйледі. Мұны естіген Қаныш: «Солай десеңіз, мұның шешімін мен былай айтайын», – деді де, ойын ортаға салды. Сондағы ұсынысы «Бә­рі­міз бірер минуттан бастан кешкен әңгімемізді айтайық. Бірақ ішіне не татардың, не орыстың сөзі араласып кетпесін. Егер, кім тап-таза қазақша сөйлеп шықса, басты да сол ұстасын»,-дегенге сайды.
Мұндайды бұрын кім естіген? Бәрімізге мына ұсыныс қызықты көрінді. Бірақ, «Бірер минутта не әңгіме айтамыз?» деген соң, 7 минуттық мерзім белгіленді. «Біз әңгіме айтып отырғанда тамақ суып қалмай ма?» деген де сөз болды. «Ештеңе етпейді, қыстың күні емес қой, сол 7 минутқа тоқтайық»,-деп алғашқы сөз Тәштитовке берілді.
Ол әп-әдемі әңгіме айтып отырды да, орыс сөздерін қосып жіберді. Сөйтіп «жеңіліске» ұшы­рап, бас ұстау мәртебесінен айырылды. Н.Нұрмақов та көп­ке бармады, бірер минут сөйледі де, «өз еркімен» бас тартты. Тағы бір кісілер талаптанып көргенмен, болмады. Кезек Қаныш Сәтбаевтың өзіне келді. Ол кісі: «Мен алдын ала бір сөзге келісіп алайын. Машина деген сөздің қазақшасы болса айтыңыздар, әйтпесе, сол қалпында қолданамын. Бірақ мұны орысша демейтін болыңыздар», – деп көптің келісімін алған соң, Қарсақбайдан Жосалыға дейін машинамен қалай жеткенін әңгімелей жөнелді. Бір бөтен сөз болсайшы! Мысалы, ол кісі радиаторды «самаурын», кран дегенді «шүмек» деп отырды. «Машинамыздың біресе самаурыны қайнап кетіп, енді бірде шүмегінен су тамшылап, не сорғалап, әбден әбігерге түсірді…» – дегені жадымда қалып қойыпты. Ол кісі әңгімесін аяқтағанда сөзді Нығмет Нұрмақов алды: «Жігіттер, осы отырыстан не ұғып отырсыңдар? – деп ол сол жерде отырғандарға сынай қарады да, сөзін, – «Басты кім ұстау керек?» дегенді сылтауратып, мына Қаныш біздің тілімізді тексеріп отыр ғой», – деп жалғады. «Бұл Қаныш біздің тіліміздің тазалығын сақтамай, қалай болса солай сөйлейтінімізді кешелі бері жақсы аңғарған екен. Міне, енді бәрімізді қан шығармай бауыздап отыр. Қазақ тілі деген – керемет бай тіл. Тек соның қадіріне жете бермейміз. Қаныш қазақ тілін қалай қолдану керек екендігінің тамаша үлгісін көрсетті. Қызылордаға барғасын бұл мәселеге арнайы көңіл бөлмесек болмайды екен», – деді Н. Нұрмақов сөзінің соңында. Қаныш Сәтбаевтың ғұлама, даналығы да осында ғой. Ешқандай сын айтпай-ақ, бәріне тіл төңірегіндегі мәселені ұқтырып өтті. Ал, соны түсіне білген Нығмет Нұрмақовтарды осал деп айта аламыз ба?
Кейін Қаныш пен Сәкен Сейфуллиннің арасындағы әңгімеге де куә болудың сәті түсті. Бұл Әліби Жанкелдин мен Сәкен Сейфуллиннің Қарсақбайға келген сапарында болған еді. Ол кезде, Қарсақбай аудан орталығы еді. Райкомның алдында тұрған құрметті қонақтарды көріп қалдым да, барып сәлем бердім. Сосын сол кісілердің қасында әңгімелерін тыңдап тұра бердім. Қаныш Сәтбаевты, сосын тағы бір-екі кісіні танитын едім. Сәкен Сейфуллинмен Тәшкенде жолыққаным да бар болатын. Бірақ, біле қоймайтын шығар деп ойладым да, жанына жақындай қоймадым. Ал, ол кісі: «Сен баяғыда Тәшкенде жүргенде әжептәуір етженді едің, бірақ ысылыпсың ғой, – деді де, қасында тұрған Қанышқа, – мына жігіт Тәшкенде жүргенінде қазақтың бір сөзіне бола менің бір жамағайын туысқаныммен төбелескен еді», – деді. Содан соң, сондағы оқиғаны баяндап беруді өзімнен талап етті. Мен оны айтып бердім. Сондағы сөз «шата» деген сөз болатын. Бұл сөздің екі түрлі мағынасы болатынын білмеген Сәкен Сейфуллиннің жамағайын інісімен бірге тұратынбыз. Кейде менің тентектік мінез көрсететінім бар еді. Ол маған бірде соны бетіме айтты. Мен де оның сөзіне таласпай: «Мұның рас, елдегі кейбір жеңгелерім мені «шата» деп атайтын», – деп едім, ол бұл сөзді іліп әкетіп: «Мынау Әлкен ойнастан туған екен, өзі айтып отыр», – демесі бар ма… Содан жұдырықтаса кетіп, ақыры Сәкен ағаға барғанбыз. Сонда ол кісі кей өңірлерде «шата» деген «тентек», «бұзық» деген де мағына беретінін айтып, екеумізді татуластырған еді. Мұны естігенде Қаныш: «Біздің тіліміз бай тіл ғой, бір сөздің өзі бірнеше мағына береді. Соны жастарға айтып, түсіндіріп отыру – үлкендердің міндеті», – деді де, сөзді одан әріге созбады. Сәкен Қаныштың иығына қолын салып тұр екен. Екеуінің бір-бірін жақсы сыйлайтынын содан аңғардым.
Сәкен Қанышқа зауыт салып, өндірісті өркендету дұрыс екенін айта келіп: «Зауытты кен көзіне жақын жерден салғанмен, қаланы тауға тіремей, кеңдеу жерге неге салмағансыңдар? Сонда халықтың есігінің алдына бау-бақша салуына, жеміс-жидек өсіруіне жағдай туатын еді», – деген ескерту сынды ойын білдірді. «Мұндағылардың қалай тұрып жатқанын қайдам, айналасы бір-екі күнде аяқ киіміміздің тоз-тозы шықты ғой. Зауыттың шаң-тозаң, түтіні де қалаға тарайды екен», – деді. Қаныш бұл сұраққа тура жауап берген жоқ. «Сәке, қырман суырған адам да шаң-тозаңның арасында тұрып таза дән алмай ма? Біз де табиғатпен алысып жүріп, жердің астындағы байлықты үстіндегі халықтың ырзығына айналдырамыз», – деген оның сөзіне Сәкен: «Мен артық сұрақ қойыппын», – деп кешірім өтінді. Қаныш болса, керісінше:«Не дегеніңіз бұл? Менің сөзім дұрыс шықпады. Сіз кешіріңіз мені», – деп Сәкеннің қолын алып жатты.
Кейін олардың сөзін салмақтап көрсем, Сәкеннің кешірім сұрағаны, Қаныштың әлгі сөзіне қарап, «Қайтсек тезірек зауытты іске қосып, өнім өндіреміз?» деп жүргенде қаланы кең жерден салу туралы кім ойланды дейсіз? Зауыттан қашыққа салынса, жұмыскерлердің қатынауы қалай болатын еді?» деген ойлардың жатқанын түсінгені деп ұқтым. Ал, Қаныштың кешірім өтінгенін «Шынында да, зауыттың қамын ойлап, халықтың қонысы туралы кеңірек ойластырмағанымыз рас еді», дегені деп түсіндім. Қазақтың екі ұлы перзенті де бір-бірін осылайша түсінген шығар».

About DevTeam

Check Also

Естен кетпес кеш

Өмірзақ Дүйсенбиев, Талас ауданының Құрметті азаматы. Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың 175 жылдығын ел болып …

Добавить комментарий