Home / Әдебиет және мәдениет / Ауданымызда өткен аламан айтыс

Ауданымызда өткен аламан айтыс

Қамысбай Сауқымов, Алтын Оразбек,
«TALAS tynysy».

Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту
бөлімінің ұйымдастыруымен айтыскер ақын
Ұлбике Жангелдіқызының 195 жылдығына
орай Ұлбике ақын атындағы мәдениет
орталығында республикалық ақындар
айтысы дүрілдеп өтті.
Облыс, республикаға танымал ақындар мен мәдениет қайраткерлері Қайырбек Асанов, Әлібек Әмзеұлы бастап қазылық еткен айтысқа өнерін баптап келген, орақ тілді, от ауызды Бекарыс Шойбеков, Алтынкүл Қасымбекова, Ержеңіс Әбдиев сынды ақындар қатысып, өнер бәйгесінің көрігін қыздырды. Әр облыстан қатысқан 13 ақынның бәрі де шашасына шаң жұқтырмайтын тұлпардай арындады десек, артық айтқандық болмас.
Алғашқылардың бірі болып сахна төріне шыққан Бекарыс Шойбеков пен Есет Досалының айтысында көпшіліктің назары Бекарыста болды.
Есет Бекарыстың астанада болып, Елбасы алдында сөз сөйлегенін, сөз арасында Есет деген есімді де қосып жібермегенін тілге тиек еткенде, Бекарыс:
Әңгіме бұдан басқа мүлдем жоқ па,
Елбасы астанада жүрген жоқ па.
Еске-ау, ол түгілі, өз атыңды
Елің де кеше ғана білген жоқ па, — деп түйреп өтті. Көрермен қауым да Бекарыстан ұтымды сөздер мен ұтқыр ойлар күтіп елеңдесіп отырды. Бірақ Есет те өзінің қаражаяу еместігін көрсетіп, артынша:
Келіп тұр Бекарыстай жігіт тұлға,
Сан рет шығып жүрген күліп қырға.
Өзіңді елің жаңа таныды деп,
Шығарып кетпегейсің бүлік мұнда.
Он екі жыл бұрын айтыста Түркістанда
Финалға шыққанымды ұмыттың ба? – деп қарсы шапты.
Қызылорда облысының үкілеп қосқан ақыны Ержеңіс Әбдиев пен байзақтық Дархан Әбдіманаттың айтысы да шеберлік пен алғырлықтан, шешендік пен тапқырлықтан өрілді.
Байқоңыр ағартыпты шашыңызды
Гептилмен ішіп жүрсіз асыңызды.
Сол гептил бойыңызға сіңіпті-ау,
Ауыртып жібердіңіз басымызды,- деген Дарханның тапқыр сөзі оның жас болса да ойы жүйрік, тілі өткір екенін, әлі талай аламанда биік тұғырдан көрінетінін көрсеткендей.
Түркістан қаласының ақыны Тұрар Тілеулиев пен байзақтық белгілі ақын Алтынкүл Қасымбекованың айтысы бұл айтыстың ажарын ашты, айтыс жанрының биіктігін көрсетіп берді.
Шымкенттік ақын Нұрлан Есенқұлов пен байзақтық Рай Дөңбай айтысында Нұрланның:
Біздерге кілем төседің, Талас,
Ақын біткенге дос едің, Талас.
Бөле жармайсың қазақтың ұлын,
Бөлтірік болса шешенің, Талас.
Азаматтарын дүр қылған, Талас,
Өңірін әсем гүл қылған, Талас.
Қойгелді сынды жолбарыс тектес
Батырды сенсің тудырған, Талас, — деген арнауы көпшіліктің бойын шымырлатып, мақтаныш сезімін оятты.
Әділ қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Алтынкүл Қасымбекова лайық деп танылса, 1-орын Бекарыс Шойбековке бұйырды. Ержеңіс Әбдиев пен Дархан Әбдіманат 2-орыннан көрінсе, Нұрлан Есенқұлов пен Рай Дөңбай 3-орынға табан тіреді.
Осы жерде жан-жақтағы ақындармен хабарласып, олардың Қаратауға келіп, айтысқа қатысуына ықпал еткен жерлес ақынымыз Есет Досалыға аудан әкімінің орынбасары Қ.Садубаев аудан тұрғындары атынан иығына шапан жауып, алғысын білдірді.

About DevTeam

Check Also

Естен кетпес кеш

Өмірзақ Дүйсенбиев, Талас ауданының Құрметті азаматы. Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың 175 жылдығын ел болып …

Добавить комментарий