Халықаралық қарттар күніне орай Оспанәлі Иманалиев атындағы мәдениет үйінде «Аман жүрші қарттарым» атты спорт ойындарынан жарыс ұйымдастырылды. Ардагерлеріміз дойбы, бильярд, шахмат сынды спорттың үш түрінен сынға түсіп, бақ сынасты.
Мерекелік шараның ашылу салтанатында ауыл әкімі А.Тлеубаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Д.Туғанбаев, мәдениет үйінің меңгерушісі Т.Байжиенов, жастар орталығының аға инспекторы Х.Әміров ауылымыздың ардагерлерін мерекемен құттықтап, спорттық жарыста жеңіске жетулеріне сәттілік тіледі.
Аталған спорт түрлерінен сайыс тартысты өтті. Нәтижесінде бильярд ойыны бойынша 1-орын Қанжан Әбдіұлына бұйырса, 2 –орынды Бостандық Темірбек пен Оразбек Көпелбекұлы өзара бөлісті. Ал, спорттың дойбы түрінен 1-орынды Сәбен Қойшыбай алса, Амантай Құлшынбаев 2-орынды қанағат тұтты. Ауылымыздың имамы Амиров Сейдхамилидин шахматтан үздік ойыншы атанды.
Жарыс соңында ардагерлерге ілтипатымызды көрсетіп рахметімізді айттық.
Руслан Досалиев,
Ақкөл ауылдық округінің спорт нұсқаушысы.