Home / Қоғам және заң / Ата заңның айбыны биік

Ата заңның айбыны биік

Қазақстан Республикасының Конституция күні — 30 тамыз болып бекітілді.
Негізгі Заң тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық және мемлекеттік құрылысының іргелі қағидаттарын бекітіп, демократиялық институттардың дамуына мықты қуат берді. Қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм және мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен шешу республика қызметінің түбегейлі принциптері болып бекітілді.
Ата Заңымыз бойынша мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі — халық болып табылады. Мемлекетіміздің Конституциясы- бұл біздің бірлігіміздің, татулығымыздың кепілдігі, биліктің барлық буынының жолға қойылған, тиімді жұмысы, еңбек ету, лайықты өмір сүру және жан-жақты үйлесімді даму үшін адамның құқықтары мен бостандықтарын бекіту, ұлтаралық келісім мен елдің гүлденуі болып табылады.
Конституция Қазақстан азаматының өмір сүруге, сөз еркіндігіне, шығармашылық еркіндігіне сонымен қатар, дін ұстанымы еркіндігіне, еңбекке, демалысқа, денсаулық қорғауына, ақысыз орта білім алуына және жеке адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмау құқығына кепіл болады. Әрбір қазақстандық азамат біздің Конституциямызда жария етілген демократиялы құндылықтардың сақталуына жауапты. Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіладамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің қамтылғанын айғақтайды.
Біз ұлан-ғайыр байтақ даланы ақ білектің күшімен қорғап қалған батыр бабаларымыздың асқақ аманатына адал болуымыз керек. Олар елі азат, жері тұтас қуатты мемлекет құруды, Жерұйықта ғұмыр кешуді аңсады. Осы арманды ақиқатқа айналдыру бақыты біздің ұрпаққа бұйырды. Елімізді қарқынды дамытып, әлемнің маңдай алды мемлекеттерінің қатарына қосу — біздің қастерлі де қасиетті борышымыз.
Осы мерейтойға орай Мемлекеттік рәміздер — Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Гимнді насихаттау мәселесіне ерекше көңіл бөлу керек. Еліміздің негізгі Ата Заңына 25 жыл толып отыр.
Осыған орай, мерейлі мереке дінаралық, ұлтаралық татулық берік орныққан Отанымыздың барлық өңірінде салтанатты түрде атап өтетеніне күмәнім жоқ. Елбасы ұсынып,халық қолдаған Ата Заңымыз Қазақстандағы дамудың сара жолын айқындап қана қоймай,еліміздің түрлі салаларындағы казіргі жетістіктерінің,қоғамдағы әлуметтік экономикалық және саяси үрдістердің күре тамырына айналды. Конституция — әрбір Қазақстандықтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі. Ата Заңымызда бекітілген нормалардың арқасында біз азаматтық қоғамды дамытуға және демократиялық нығайтуға мүмкіндік алдық .
Ата Заңымыз біріншіден, заң шығарушы, атқарушы, сот билігін белгілеп, олардың құзыретін, жұмыс істеу тетігін, өзара іс-қимыл бірлігін заң тұрғысынан айқындап берді; екіншіден, өкімет билігінің аталған тармақтарға бөлінуі мемлекеттің лауазымды адамдарының азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзуына жол бермейді; үшіншіден, бұл Конституцияда құқық пен жауапкершілік ұғымдары пара-пар көрсетілген. Осы Конституцияда бұрынғы Конституцияларда шешімін таппаған мемлекеттіліктің мәні, жер, тіл, азаматтық Парламенттің қос палаталы жүйесі, Президенттің құзыры, сот төрелігінің қызметі сияқты күрделі мәселелер заңдық тұрғысынан өз шешімін тапқан. 1995 жылғы Конституцияның 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп жарияланған. Осыған орай, тұңғыш рет біз біртұтас бөлінбейтін Президенттік басқару нысанындағы мемлекет екендігімізді әлемге паш еттік. Конституция күні — айрықша қадірлі мереке. Бүгінгі біздің Ата Заң – «Қасым ханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», Әз- тәукенің «Жеті Жарғысының» заңды жалғасы. Ата заң – Тәуелсіз ел екендігін танытатын, азаттығыңды білдіретін, құқығыңды сақтайтын құжат.

Л.Дүкенбаева,
Талас аудандық сотының судьясы.

About DevTeam

Check Also

Өркениеттің өрісін кеңейтеміз десек…

2019 жылғы 2 қыркүйектегі Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог- Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты …

Добавить комментарий