Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».
Ел егемендігін алған жиырма сегіз жылдан
бергі уақыт ішінде мемлекет тарапынан
бұқаралық спорт түрлерін дамыту
бағытында қыруар жұмыстар атқарылды.
Бұл бағытта ауданымызда да жыл санап спорт ғимараттарының қатары артып келеді. Жастарды салауаттылыққа шақыратын сондай спорт нысанының бірі күні кеше ғана Қаратау қаласында ел игілігіне ұсынылды.
Тәуелсіздік күні мерекесіне орай пайдалануға берілген спорт алаңы аудандағы бокстан және спорт ойындары түрлерінен балалар-жасөспірімдер мектебіне қарасты. Алаң көгалдағы хоккейге қатысып жүрген жасөспірімдерге арналған. Жалпы, аталған мектеп көгалдағы хоккей ашылғалы үш жыл ішінде 20 спорт шеберін, отыздан аса спорт шеберіне үміткер дайындап шығарды. Бұл мекеме басшысы Дүйсен Бөлегенов бастаған жаттықтырушылардың еңбегі деп бағалағанымыз жөн. Нысанның құрылысына жергілікті бюджеттен 6 млн. 496 мың теңге қарастырылған.
Жасөспірімдерге арналған спорт алаңының ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Қадірбек Садубаев арнайы келіп құттықтады. Сондай-ақ, шарада аудандық мәслихаттың депутаты Доқторбек Мәселбеков, аудандағы бокстан және спорт ойындары түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дүйсен Бөлегенов, Бостандық ауылындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Мұрат Айғараев және Қаратау қаласының әкімі Қайрат Серимов ізгі лебізін жеткізіп, мекеме жұмысына сәттілік тіледі.
Мұнана соң салтанатты жағдайда Қадірбек Рысқұлбекұлы жаңа алаңның лентасын қиды.